Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Шымкенттік онкологтар бас қосып, қатерлі ісіктің алдын-алу мәселелерін қозғады. Дүние жүзінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұрған обырды емдеуден гөрі алдын-алған тиімді екенін дәлелденген. Осы тұста Шымкент қалалық онкологиялық орталығы емхана бөлімінің меңгерушісі Болат Дәуренов брифинг барысында скринингтік тексерудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Орталықта өткен айда жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы ашық есік күнін ұйымдастырған едік. Нәтижесінде 94 әйел тексеріліп, екеуінен рак анықталды. Айтпағым онкологиялық аурулар бірінші, екінші сатысында ешқандай белгі бермейді. Оны тек медициналық тексерулер кезінде ғана анықтауға болады. Екіншіден, есепте тұрған науқастарды емдеуде бірқатар қиындықтар бар. Мәселен, мұндай диагнозы бар пациенттерді өзге дәрігерлер емдеуден қашады. Олардың көбісінде обырдан бөлек жүрек ақауы, семіздік секілді аурулар қатар кездеседі. Әр ауруды өз маманы емдеу керек. Алайда олар ем көрсетуден бас тартып, бірден онкологқа жібереді. Науқастар екі ортада сандалып қиналмауы керек, – дейді Болат Бекжігітұлы.
Қатерлі ісік жеңіл диагноз емес. Мұны науқастың қабылдауы да қиынға соғатыны анық. Мамандардың айтуынша Еуропа, Америка елдерінде диагнозды бірінші кезекте пациенттің өзіне айтады. Егер науқас рұқсат берсе, әрі қарай туыстарына жеткізеді. Ал «біздегі жағдай керісінше» дейді онкологтар.
– Диагноз қойылған сәтте туыстары науқастан жасырып әлек болады. Жақындары «ұнжырығасы түсіп, өмірге деген қызығушылығын жоғалтып алады, емдеуден бас тартуы мүмкін» деп науқасқа айтпауымызды өтінеді. Науқастан диагнозын жасырғаннан ештеңе ұтпаймыз. Туыстарына науқас өз диагнозын біліп, аурумен күресу керектігін түсіндіреміз. Кейбірі келіседі, ал кейбірінің өтінішін жерге тастай алмай жатамыз. Осы мәселе заңды тұрғыдан шешімін тапса деймін, – дейді емхана меңгерушісі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 14 мыңдай тұрғын қатерлі ісік дерті бойынша есепте тұр.
Осы орайда профилакатикаға баса мән беретін орталық мамандары рак ауруының барлық түріне қарсы ашық есік күнін бастады. Он күндіктің алғашқы күнінде 150-ден аса пациентке көмек көрсетілді. Шарада онкогинеколог, онкопроктолог, онкохирург, маммолог, онкоуролог қабылдау жүргізді.
Салаға жауаптылардың сөзінше, профилактикалық тексеру кезінде үш адамнан рак табылған. Науқастарға нақты диагноз қою үшін, дәрігерлер анализ сараптамаларын жүргізбек. Мамандар орталық базасында дәрігердің қабылдауынан бөлек рентген, УДЗ сынды аппараттарға ақысыз түсті.
А.ЖҰМАБЕК