Чили әншісі Димаштың әндерін испан тілінде орындап жүр (видео)
Чили әншісі әлемге танылған қазақстандық жұлдыз Димаш Құдайбергеннің әндерін испан тіліне аударып, орындап жүр, деп хабарлайды Oinet.kz dimashnews.com ресурсына сілтеме жасап.
Джонатан Доносо – талантты вокалистердің бірі. Оның Димаш әндерін испан тілінде орындап, тыңдармандарға кавер арқылы жеткізіп жүргеніне бір жылдан асты. Осылай ол көпке өнерде тіл кедергісінің жоқтығын дәлелдеп, қазақстандық орындаушының шығармаларынан шабыт алып жүр.
Чили әншісі Джонатан Доносо бала кезден шығармашылыққа бет бұрды. Сегіз жасында фестивальдарға қатысып, ән және анимациялық кештерде өнер көрсетті. Осылай музыкаға алғашқы қадам басты. Жасы 32-ге келген әншінің әлі күнге дейін ән өнеріне сүйіспеншілігі өшкен емес.
Джонатан Чилидегі шағын, бірақ өте әдемі қала Ренода дүниеге келген. Қазір ол сүйіктісі Анита Лигероспен бірге Сан-Фернандода тұрады. Эмилия, Мартин және Данай есімді үш баласы бар.
Джонатан бір жыл бұрын Димаштың «S.O.S»әнін орындап, Youtube желісіне жүктеген болатын. Өзінің айтуынша, осы сәттен бастап оның өмірі түбегейлі өзгерді.
Осыдан кейін Джонатан қазақ ұлы Димаштың шығармаларын қалт жібермей қадағалап отырды. Жаңа әндерін тағатсыздана күтуді әдетке айналдырды. Оның әндеріне кавер жасауға құштарлығы оянды. Шығарманы қайта орындау ғана емес әннің мәтінін испан тіліне аударып орындауды қолға алды.
- Әнді тыңдаған кезде мен оның мағынасын түсінбеймін, өйткені басқа тілде. Бірақ ол маған қатты ұнап, бір әрекет жасауға белгі бергендей болды. Бұл сезім Димаштың «Give Me Love» әнін тыңдаған кезде пайда болды. Әннің әуені қатты әсер етті де бірден аудармасын іздедім. Аудармасы тіпті таң қалдырды. Мәтін менің басымнан өткен қиын кезеңдер мен ойларымды сипаттағандай болып, бірден кавер жасаймын деп шештім, – дейді вокалист.
Джонатан әннің аудармасының үш нұсқасын тауып, испан тілінде әдеби мәтін жазды. Осыдан кейін, өзінің алғашқы шығармасын орындап, вокалист оны Smule және YouTube-ке жүктеді.
Джонатанның композиция нұсқасына Димаштың Dear-ларынан қызықты пікірлер келе бастады. Бұл вокалист үшін күтпеген жағдай болды. Оны қолдағандар Джонатаннан таңғажайып шығармаларын тоқтатпауды сұрап, жалғасын күтетінін жеткізді. Бұған дейін қазақстандық әншінің шығармасын испан тілінде ешкім естімеген.
Сол күннен бастап Джонатан Димаштың әндеріне көбірек кавер жасау туралы шешім қабылдады. Осылайша оның музыкасының Латын Америкасына таралуына ықпал етті.
Джонатанның арнасындағы соңғы видеолардың бірі - Димашқа арнайы жазылған куэка. Чили халқының ұлттық қазынасына айналған бұл жанр туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Вокалист бұл арнауды өзінің қызы Анита Линероспен бірге орындады.