Меруерт Өтекешова Елбасыға ашық хат жазды

Oinet.kz 07-07-2020 2347

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, Тұңғыш Президенттен он жылға темір торға тоғытылған ақтөбелік Әліби Өтепбергеннің қылмыстық ісіне араласуын сұрады, деп хабарлайды Oinet.kz  Adyrna басылымына сілтеме жасап. 

image.png

Қазақтың Қыз Жібегінің хатына бір топ өнер саңлақтары қосылатынын білдірген. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Айман Мұсақожаева, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Илиясова, Қанат Айтбаев, Светлана Айтбаева, Асхат Маемиров, Қарақат Әбілдина, Меруерт Түсіпбаева, Алтынай Жорабаева, Алтынай Нөгербек, Нүркен Өтеуілов бар. 

- "Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сексеннің сеңгіріне толған туған күніңіз құтты болсын! Қазақстанымыздың тәуелсіз мемлекет, біртұтас ел ретінде біртуар болмысымен әлемге танылғаны, жүрегі "Ел" деп соққан Өзіңіздің ерен еңбегіңіз бен жасампаз істеріңіздің арқасы. Халқымыздың қазіргі бақ-қуатты өмірі, баянды болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырыңызды арнап, азаматтық қажыр-қайратыңызбен еңбек етіп келесіз. Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында Қазақстанымыз беделді де абыройлы, әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енді. Халықтың Өзіңізге деген сүйіспеншілігі де ерекше. "Елін сүйген, елі сүйген Елбасы" деген қанатты сөздің халықтың жүрегінен берік орын алуы - соның айқын дәлелі. Қай мемлекетке барсақ та жүзіміз жарқын, бейнеміз асқақ.  

Өнер мен халық – егіз  ұғым. Сондықтан өнер әлеміндегі дарындар халық арасынан шығады. Сізге осы үлкен өтінішпен жүгіне отырып, әділетсіздіктің құрбаны болып отырған, болашағанынан зор үміт күттіретін талант иесі, бүгінгі күні тағдыры қыл үстінде тұрған Әліби Қаныбекұлы Өтепберген есімді жас өреннің тағдырына араша сұраймын! Әлібиді – өзімнің рухани балам деп есептеп, өнердегі Анасына айналдым. Өнер-білімге деген таланты мен қабілетін, құштарлығы мен зияткерлігін былай қойғанда, шеберханамыздың старостасы ретінде бірге оқитын достарына, өзінен кіші оқитын іні-қарындастарына деген мейірімі мен жанашырлық сезіміне, ұйымдастырушылық қабілетіне куәміз. Жүрегінде тазалық пен әділдікті ту еткен, адамгершілік асыл қасиеттері мол, болашағынан зор үміт күттіретін Әліби Өтепберген тоғыз ай өтті, темір торға жазықсыз қамалып, бозторғайдай шырылдап отыр. Мен де ботасын жоғалтқан аруанадай жаным – жабырқау, жүрегім – жаралы. Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3 курс студенті бола жүріп, каникул кезінде бауырларына көмектесу үшін, қосымша қаражат табу мақсатында 2019 жылдың шілде айында өзінің туып-өскен Ақтөбе облысындағы "Восток-Ақбөбек" жазғы лагеріне тәлімгер болып орналасып, қызметіне кіріскеннен кейін 4 күннен соң, жасөспірім балаларға азғындық жасады деп айыпталып, биылғы жылдың 26 наурыздағы Ақтөбе қалалық мамандырылған сотының Үкімімен 10 жыл жазаға кесіліп отыр. Бұл өте ауыр жаза! 

Сізге жүгінбес бұрын сот Үкіміне қатысты Әлібиді басынан бастап қорғап келе жатқан қорғаушылары мен басқа да елімізге белгілі кәсіби заңгер, мамандардың пікірін білдік. Барлығы бір ауыздан Үкімнің заңсыз екендігін, Әлібиді кінәлі деп танып соттауға жеткілікті дәлелдердің жоқтығын, керісінше оны толықтай ақтау керектігін айтуда. Кеңес берген заңгерлердің бірауыздан айтып отырғаны, сот үкімі - көзге ұрып тұрған қарама-қайшылықтар мен заңсыздықтарға толып тұр. Анасыз өскен Әлібиімді тағдыр бір жылатты, ендігі жерде жүрегі мейірімге толы өнердегі балапанымның жасамаған қылмысы үшін жазықсыз сотталып темір торда  жылайтыны – жаныма батып отыр. Ал өнерінен бөлек, отбасы мен ұстаздарынан алған тәрбиесі мен адами қасиеттері мол - жас. Әліби Өтепберген – ұлы даланың рухани құндылықтарын, ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан моралы мен этикалық қағидаларын бойына сіңіріп өскен тәрбиелі, өнегелі жас екеніндігіне сендіреміз. Әліби Өтепберген – болашақ қазақ өнерінің қайраткері, жүрегі «Ел» деп соққан мемлекетшіл жас тұлға. Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Әліби Қаныбекұлы Өтепбергенге қатысты қылмыстық ісіне араласып, Қазақстан Республикасының Елбасы - Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде әділетті үкім шығарылуына көмектесуіңізді өтінеміз!", - делінген хат мәтінінде. 

Одан бөлек, әлеуметтік желіде жас жігіттің жазықсыз жазаланғанын айтып, оны қолдауға арналған топтар пайда болды. 

Айқын Әбдіғаппар Смановтың жаназасына қатысты пікір білдірді (видео)
«Аяғы ауыр» - Мөлдір Әуелбекова көпшіліктің қызу талқысына түсуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу