Шейт пен сунниттің арасы ушығып барады

Oinet.kz 10-07-2019 1492

Screenshot_4.jpg

Көрнекі фото

2016 жыл Таяу шығыс елдері үшін жайсыздау басталды. 3 қаңтарда Сауд Арабиясы Иранмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін мәлім етті. Эр-Риядттан кейін мұндай қадамды Бахрейн мен Судан жасады. Бұған тағы бір-екі мұсылман елдері қосылды. Иранның Біріккен Араб Әмірлігімен арасы да суи бастады. Текетірестің соңы неге апарып соғатынын қазір айту қиындау.

Жалпы шейіттік Иран мен сунниттік Сауд Арбиясы арасындағы қарым-қатынас 1979 жылы Иранда болған ислам төңкерісінен кейін жақсы емес. Төңкерістің нәтижесінде Иранда монархиялық билік құлап, таққа қуғын-сүргінде жүрген аятолла Хомейни келді. Иран теократиялық мемлекетке айналды. Араб-парсы арасынан қара мысықтың жүгіріп өткен кезі осы. Сауд Арабиясы бұрыннан АҚШ-тың одақтасы. Ал Ирандағы төңкеріс антиамерикалық сипат алғаны белгілі. Ең басты себеп те бұл емес, монархиялық басқаруда отырған араб елдерінің билігі Ирандағы төңкеріске  қорқынышпен қарай бастады. Патшалар бүгін Иранда болған сұмдық ертең өз үйімізде болып кете ме деп қауіптенеді. Содан бері Сауд Арабиясы Иранды елдегі шейттердің қолтығына су бүркіп, билікке қарсы қойып келеді деп жазғырса, Иран Сауд Арабиясындағы шейттердің құқығы аяққа тапталып жатыр деп дабыл қаға береді. Екі ел арасындағы елшілік қарым-қатынас бір емес бірнеше рет үзілген. Бірақ араға біраз уақыт салып, екі ел сол баяғы салқынқанды қарым-қатынасын жалғастыра береді. Осы жолғы тексетірес те келісіммен аяқталса игі. Сонымен бұл жолғы ұрыс-керіске не себеп болды? 

2 қаңтарда Сауд Арабиясы елдегі шейіттердің рухани жетекшісі, шейх Нимр әл-Нимрді өлім жазасына кесті. Рас, өлім жазасы әлдеқашан күшін еніп қойған. Саудия оны орындады. Өлім жазасын кесілген шейх кім еді? Оның толық аты-жөні Нимар Бәкір Амин ан-Нимр.  1959 жылы Саудияның шығысында, шейттер тұратын ауданда дүниеге келген. Он жылғы жуық Иранның Кума қаласында және Шам жерінде білім алған. Шейх өзінің уағыздарында үнемі Сауд Арабиясы билігінің шейіттерге көсетіп отырған қысымдарын сынаған. Ол тіпті елдің шығысындағы шейттер тұратын аудандар Сауд Арбиясының құрамынан шығуы тиіс дегенді де ашық насихаттаған. Әрине,  бұл Сауд билігіне қайдан ұнасын?!  Соңғы оншақты жыылда әл-Нимрдің беделі қатты күшейеді. 2008 жылы онымен кездесу барысында америкалық елші әл-Нимрді патшалықтағы ықпалы жағынан екінші тұлға ретінде атапты. Шейхты Саудия билігі бірнеше рет тұтқындаған. Соңғы тұтқындау 2012 жылы болды. Қолына кісен салар кезде полиция оны аяғынан жарақаттады.  Мұны соңы шейттердің жаппай наразылығына ұласты.  Сотта әл-Нимр өзіне тағылған айыптардың бәрін мойындаған, патша әулетінің басқаруына, адам құқығының сақталмай отырғанына нарызы екенін, соны халық арасында насихаттағанын ашық айтқан. Бірақ ешқашан қолына қару-жарақ алмағанын, елді қатыгездікке шақырмағанын мәлім етеді.

Саудияның соты әл-Нимрді ұлтаралық алауыздықты қоздырды, өкіметтің заңдарына бағынбады деген айыппен өлім жазасы кесті. Оны осындай жаза алатынына ешкімнің күмәні жоқ болатын. 25 қазанда Сауд Арабиясының Жоғарғы соты шейхтың апелляциялық шағымын қараудан бас тартты. Король Салман өлім жазасына кешірім берген жоқ. Жаза 2 қаңтарда орындалды. Шейхтың мәйіті туыстарына берілмей мұсылмандар зиратына жерленді. 

-Шейх Нимрдің өлім жазасына кесілуі Сауд Арабиясының саяси қателігі. Жазықсыз төгілген қан үшін Сауд Арабиясы тиесілі сыбағасын алады,--деді Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменей. Осыдан кейін Бахрейнде, Ливанда, Иранда шерулер өтті. Тегерендағы Сауд Арбиясының елшілігінің алдына жиналған халық жанармай құйылған бөтелкелерді лақтырып, ғимаратты басып алған. Егер полиция дер кезінде іске кіріспегенде бұл оқиға адам өлімімен де аяқталуы мүмкін еді. Осы жағдай Сауд Арабиясының Иранмен елшілік қарым-қатынасын үзуіне себеп болды. 

Жалпы, Иран үшін былтырғы жыл жаман болған жоқ. Ядролық келіссөздер сәтті аяқталды.  Санкциялар қайта алынды. Әрине, бұдан кейін Иран күшейеді. Ал оның күшеюі Сауд Арабиясына ұнамасы бесенеден белгілі. Екі елдің артында бір-бір дәу тұр. Иран Ресеймен, Сауд Арабиясы АҚШ-пен одақтас. 

-Таяу Шығыстағы ең ықпалды екі ел арасындағы текетірестің ақыры неге апарып соғары белгісіз. Гибридттік соғыс қазірдің өзінде басталып кетті. Алдағы апталарда ол бақылаудан шығып кетуі әбден мүмкін,--депті CNN телернасына берген сұхбатында Ұлыбританияның Таяу шығыс жөніндегі маманы Фаваз Джердес. Сарапшылардың айтуынша, жақын арада Сауд Арбиясы мен Иран ашық соғысқа бармайды. Бірақ қалыптасқан жағдай Иеменге қатты әсер етуі мүмкін. Себебі Сауд Арабиясы елдің ресми билігі сунниттерге бүйрегі бұрса, Иран көтерілісші хуситтарды қолдап келеді. Бахрейн де елдегі шейттер көтеріліп кете ме деп қауіптенеді. Әйтеуір, шейт пен сунниттің арасы ушығып тұр. 

Шейіт-сунит текетіресі 25 қаңтарда Женевада Сирия өкіметі мен оппозиция арасындағы келіссөздерге де әсер етуі мүмкін. Ал мұнай бағасына қаншалықты әсер етеді? Былтырғы тәжірибе көрсеткендей, Таяу шығыстағы төтенше оқиғалар мұнай бағасына анау айтқандай әсер етпейді. Расында да қаңтардың басында Иран мен Сауд Арбиясы елшілік қарым-қатынасын үзген кезде мұнай бағасы 37 доллардан 39 долларға өсіп еді. Бірақ көп уақыт өтпей ол қайтадан арзандап, 37 долларға түсті. Осы аптада «қара алтынның» құлдырауы қайта басталды. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Кереғар ағым жақтастарының психологиялық іс-әрекеттері
1 сүрбойдаққа 2,5 кәрі қыздан келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу