Муртәд деп кімдерді айтамыз?
(Сұраққа Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» мамандары жауап береді)
Муртәд – ислам дінін қабыл етіп, мұсылман болғанымен кейіннен кейбір себептерге байланысты басқа бір дінге өткен кісі. Муртәд кісі шынайы дін болған, ислам дінінен шыққан соң, діни тұрғыдан қарағанда иман етпеген кісімен бірдей болып, істеген амалының бәрі ақыретте еш болады. Ислам дінінен басқа бір дінді іздеумен, сол дінге кіру, Аллаһ құзырында қабыл болмай, ақыретте ондай пенденің тозақтық болатындығы жайында Құранда: «Аллаһтың қасында шынайы дін Ислам», «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады»- деген. Мүртәд кісі ислам заңдылығы мен тәртібі бойынша тәубе етіп, қайта дінге кіруге шақырылады. Бірнеше рет үгіт-насихат айтып, жасаған әрекетінің дұрыс еместігі үшін тәубеге келуге үгіттеледі.
Егер тәубе етіп, қайта кәлима шахадат келтірсе, әлбетте Аллаһоның тәубесін қабыл қылып, өткен күнәсін кешіреді. Себебі Аллаһ Құранда былай дейді: «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Аллаһтың рахметінен күдер үзбеңдер. Аллаһ күнәларыңды түгелдей жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді, - деп айт». Асыл дінімізді, ділімізді, тілімізді қашанда сақтай білейік.