Дәлелхан Оспанов, дінтанушы: «Ата-аналар ұл-қызының адасқанын кеш біледі»

Oinet.kz 21-06-2019 1323

Screenshot_10.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасына қарасты «Әлеуметтік бастамалар орталығының» оңалту жұмыстарын ұйымдастыру  бөлімі облыс тұрғындарының өтінішіне орай ашылған. Бөлімді Түркия Республикасындағы Мармара университетінің теология факультетінде білім алған, сондай-ақ 2002-2010 жылдары Отырар (Қазақ-Араб) университетінде оқытушы әрі кафедра меңгерушісі болған теолог ғалым Дәлелхан Оспанов басқарып келеді.

Дәлелхан Оспановпен жолығып, «Әлеуметтік бастамалар орталығы» шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар және бөлімнің  негізгі мақсаттары мен міндеттерімен таныстырудан бастауды сұрадық. 

- Оңтүстік Қазақстан облысы географиялық жағынан әрі тұрғындарының көптігімен ерекшеленеді. Сонымен бірге тұрғындардың 90 пайыздан астамы ислам дінін ұстанады. Халық ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпына берік. Мешіттер саны жағынан да басқа өңірлерге қарағанда басымдығы тағы бар. Сондай-ақ түрлі мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың қатары да мол. Ал, біздің мекеме осындай ерекшеліктерді саралай келе, түрлі деңгейдегі қоғамдық институттармен бірлесіп, діни және ұлтаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік идеологияны  байсалды жүргізу бағытында барлық саламен байланыс орнатумен қатар, түзеу мекемесіндегі азаматтармен де кездесулер өткізіп, олардың көзқарас-пікірлерінің дұрыс қалыптасуына ықпал жасаймыз. Құрамымызда білікті теологтар мен тәжірибелі дінтанушы мамандар, психологтар, әлеуметтанушылар бар. Осындай мамандардың арқасында облыс тұрғындарының діни сауатын көтеру мақсатында жыл сайын көптеген кездесулер ұйымдастырып келеміз. Мәселен, 2012 жылы 300-ден астам кездесу өткіздік. Осы кездесулердің кезінде халық тарапынан «діни сауатсыздықтың кесірінен кереғар ағымдардың жетегінде кеткен азаматтармен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру  жұмыстарын жүргізсеңіздер» деген ұсыныс түсті. Міне халықтың осы ұсынысына орай, 2013 жылы қаңтар айынан бастап «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімі арнайы ашылып, өз жұмысын бастады.

Ал бөлімнің негізгі міндеттеріне: теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шегуші азаматтарға теологиялық және психологиялық тұрғыдан көмек көрсету, облыс көлемінде саяси ахуалға  әсерін тигізуі ықтимал оқиғаларды сараптау-талдау жұмыстарын жүргізу,

«Сенім» телефон арқылы көмек сұраған азаматтарға теологиялық және психологиялық кеңес беру кіреді. Келушілердің арасында түрлі деңгейдегі қарым-қатынастарды реттегісі келген жастар да, ата-аналар да бар. Олар үшін арнайы кабинет жабдықталған.

- Осы уақытқа дейін керағар ағымға бейімділік танытқан немесе сол ағымдарға еніп кеткен жастардың ата-ана, туыстары тарапынан көмек, кеңес алу бойынша қанша адам өтінішпен келді, оларға қандай көмек көрсетілді?

- Жылдың басынан бері орталыққа түрлі санаттағы азаматтар, ата-аналар келіп, діни мәселелерге қатысты көмектер алып жатыр. Ата-аналардың кейбірі  ағымдардың арасындағы айырмашылықтар, олардың ерекшеліктері мен сипаттарын анықтай алмай, дінге бет бұрып, намазға жығылған балаларын орталыққа дер кезінде әкеліп, мамандардың көмегіне жүгінеді. Алайда басым көпшілігі балалары жат ағымның жетегінде екенін кеш біледі. Бұл кезде олармен жұмыс жүргізу біраз қиындық тудыратындығы рас. Дегенмен біз ондай азаматтармен де жүйелі жұмыс жүргізіп, бетін қайтаруға тырысып, дәстүрлі бағытқа бейімдейміз. Орталықпен хабарласу арқылы келген ата-аналарға толығымен көмек көрсетіліп жатыр. Тіпті азаматтардың келісімімен теріс ағым құрсауына түсіп қалғандармен өз үйлерінде кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Мақсатымыз – жастарды діннен алшақтату яки намазынан бас тартқызу емес, керісінше білім алып, ізденуге жол ашу арқылы бірлік пен ынтымақтастыққа қол жеткізу. Сондықтан керағар ағымдардан сақтану әрі сақтандыру үшін дәстүрлі дінімізді дұрыс түсінуге, көпшілікпен бірге болуды насихаттаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ата-аналарға ескерте кететін жайт, егер туған-туыстарыңыз, бала-шағаларыңыз қандай да бір діни ағымға ерсе, оның белгілерін көрсеңіз, біздің орталыққа хабарласуларыңызға болады. Бізде бұл үшін арнайы сенім телефоны қызмет көрсетеді. 8 (7252) 36-54-49. 

- Осы сенім телефонның міндетін айтып өтсеңіз?

- Жалпы республикалық деңгейде «114» қауырт желісі жұмысын бастағаны белгілі. Республиканың кез келген облысынан азамат «114» қауырт желісіне қоңырау шалу арқылы керекті кеңесті ала отырып, орналасқан облысына қарай байланыста болуын қамтамасыз етеді. Мысалы, Шымкент қаласынан хабарласқан жағдайда арықарай Шымкент қаласында орналасқан «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мекемесінің сенім телефон номерін береді. «Әлеуметтік бастамалар орталығына» сенім телефоны бойынша қоңырау шалған азаматтар жайлы ақпарат құпия түрде сақталады. Қоңырау шалған азаматтарға теологиялық тұрғыдан кеңес беріледі. Сол арқылы ол азаматпен байланыс орнатып, керекті кеңес пен бағыт-бағдарды беріп отырамыз.

- Облыстағы қалалар мен аудандарында діни экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шараларыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз?

- Зиянды ағымдарға қарсы тұрып, дәстүрлі дінімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді  кеңінен насихаттау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мекемесі тарапынан «Деструктивті діни ағымдардан сақтандыру» тақырыбында облыс көлемінде, яғни қалалар мен аудандардағы жоғары және орта оқу орындарында, мектептерде, мекемелерде, ауылдық округтерде болып, әрбір буын өкілдерімен кездесіп, насихат жұмыстарымен қатар семинар-тренинг өткізіліп жатыр. Мақсатымыз халықтың діни сауатын көтеру, елдің мемлекеттің ынтымағы мен тұтастығына, рухани кемелденуіне демеу беріп, отаншылдық ішкі сүзгіні қалыпқа келтіру.

«Деструктивті діни ағымдардан сақтандыру» бойынша халықтың көп шоғырланатын сауда орындарында кездесулер өткізіп келеміз. Бұл жұмыс Шымкент қаласы сауда орындары басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.  

Сонымен қатар облыстағы деструктивті ағым өкілдері көп жиналатын мешіттерде кездесулер өтуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілдігінің келісімімен мешіттерде өтетін намаз уақытында мешітке жиналған жамағатқа «Әлеуметтік бастамалар орталығының» теолог мамандары деструктивті діни ағымдар жөнінде нақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, орталық тарапынан дайындалған әдістемелік құралдар мен видео материалдар таратылып жатыр.

- Жастарымыздың жат ағымның жетегіне ілікпеуі үшін маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

- Мұсылман баласы қандайда бір түйткілді мәселені ұрандатып, құр айқаймен шешпеуге тиіс. Парасаттылыққа, түсіністікке, сондай ақ ғылымға сүйенген ағартушылық - бұл кез келген дерттің емі. Бір жақты ойлау, астамшылдық жасап артық кету - бұл шынайы ғылымның жолы емес. Өзін ақтап, ұстанымын жақтау үшін өзі секілді ойламайтындардың бәрін түрлі жолмен қаралап, тілін былапыт сөздермен былғау, жеке басының мәселелерін араластыру мұсылманшылыққа жат. Ондай жолдың пайдасынан зияны басым. Ендеше, ең әуелі тақырыпты жан жақты зерттеп, зерделеу арқылы халыққа мәселенің мәнісін ашып көрсетуіміз ләзім. Сонда әлгіндей бауырларымыз ойланатын болады. Ең болмаса, олардың да өзіндік шариғи дәлелдері бар екен деп астамшылдықтан қайтады деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Үсен Асқаров, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Муртәд деп кімдерді айтамыз?
«Аллаһ» деп емес, «Алла» деп айту керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу