Мұсылманды күпірлікпен айыптау, оны өлтіргенмен тең
Намаз оқымайтын, басқа да діни парыздарын орындамайтындарды кейбіреулер кәпір санауды әдетке айналдырды. «Мұның дұрыс емес» дегендерге олар Құраннан, хадистен дәлелдер келтіріп жатады. Намаз оқымайсыңдар деп, әке-шешесінің тілін алмайтындар, оны айтасыз ата-анасының қолынан тамақ ішпейтіндердің де барын естіп жатырмыз. Жақында «муслим кз» сайты жұртты кәпірге шығарғыш осындай бауырларға жауап қайтарыпты. Онда былай дейді:
«Біреуді «кәпірсің» деп айыптау – өте қауіпті әрі салдары жаман. Мұсылман өзі сияқты адамға мұндай айып тағуының зардабы өзіне айналып келіп тиюуі әбден мүмкін. Бұл сөзді айту үшін ешбір шүбәсіз, екі ұшты мағынасы жоқ бұлтартпас дәлел болуы талап етіледі. Демек, тек көзіңіз шалып қалған немесе құлағыңыз еміс естіп қалған жайтқа сүйенуге болмайды.
Сондықтан, мұндай қорытындыны тек үлкен діни дәрежесі бар немесе шариғи сот қана шығара алады. Абдулла бин Омар (р.а.) бұған қатысты: «Қайсы бір кісі өзінің (діндес) бауырына «ей, кәпір» деп айтса, ол сөз екеуінің біріне барып тиеді»,-деген риуаят жеткізеді.
Ал, Сабит бин Даххак (р.а.): «Кімде-кім өтірік болса да Ислам дініне жат нәрсемен серт етсе, ол өзі айтқанындай болмақ. Ал, кімде-кім өзін бір затпен өлтірсе, сол затпен жаһаннам отында азапталады. Ал, кімде-кім мұсылманды лағынет етсе, оны өлтіргенмен бірдей. Ал, кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, оны өлтіргенмен тең»,-деген.
Имам Тахауидің кітабында: «Біздің құбыламызға бет түзеушілерді, олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алып келген дінді мойындайтын болса, мұсылман деп атаймыз...»,-деп мына хадисті: «Мен адамдардың сыртқы болмысына қарап төрелік айтуға жіберілдім, ал Алла тағала олардың ішкі болмысына билік етеді», – деп келтірілген.
Қорыта айтқанда, қандай жағдай болмасын, адамның иманына қол сұғудан сақ болу қажет».