Дәстүрлі дін, мәзһаб, ақида, діни әдебиеттерге қатысты сұрақтарға жауап
Сұрақ: Бала кезімізде аталарымыз бата бергенде «Пайғамбар үмбетім де, Имам ағзам мәзһабыз де» деп жатушы еді. Сол кезде мәзһаб деген сөздің мағынасына ой жүгіртіп көрмеген екенбіз. Кейінгі кездері мәхһаб деген сөздерді жиі кездестіретін болдық. Намазды басқаша оқитындарды басқа мәзһабтың өкілі деп жатады. Жалпы осы мәзһаб дегенді қалай түсінуге болады?
Жауап: «Мәзһәб» сөзі араб тіліндегі «зәһәбә» (бару) етістігінен шыққан, «жүрілген жол», «баратын жер» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы: Ислам дінінің сенім (ақида) мен фиқһ саласында бір ғалымның немесе бірнеше ғұламалар берген үкімдерді басшылыққа алып, оны бірегей жол, мектеп, дәстүрге айналдыруы. Сондай-ақ саяси бір бағыт ұстанып, Құран Кәрім мен Пайғамбар (ғ.с) сүннетін түсінуде түрлі жолдарды ұстанған ағымдарды «мәзһаб» яки «фирқа» деп атаған. Дінімізде «мәзһаб» немесе «фирқа» деп діннің негізін құрайтын ақида (сенім) мәселесінде өзгеше ұстаным танытқан тұлға мен оның артынан ерушілерге немесе саяси топқа айтылады. Сонымен қатар діни үкімдерге қатысты түрлі пәтуалар беруші топқа да мәзһаб, фирқа деген атала береді.
Исламда жалпы мәзһабтарды үш топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: 1) Саяси мәзһабтар. 2) Ақида (сенім) мәзһабтары. 3) Фиһқи мәзһабтары. Исламдағы басты сүнниттік фиқһи төрт мәзһаб жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсек артық болмас. Ең әуелі Әбу Ханифа мәзһабы– ханафи мәзһабы деп аталады. Соңынан түрлі өлкелердегі елдердің әлеуметтік орталарына сай-малики, шафиғи, ханбали фиқһи мәзһабтары құрылды. Сунниттік құқықтық мектептің бірі – Малики мәзһабы. Негізін салушы Малик ибн Анас әл-Асбахий. Шафиғи мәзһабының негізін қалаушы Мұхаммед ибн-Идрис аш-Шафиғи болып табылады. Келесі бір сунниттік фиқһи жол болып табылатын Ханбали мәзһабы Ахмад ибн Ханбал тарапынан құрылған
Сұрақ: Кейбір бауырларымыздың арасында мәзһаб ғалымдарының дәлелі әлсіз деп, Құран мен сахих хадистен дәлел келтір деп айтуларын жиі естиміз. Бұл мәселе жөнінде не айтасыз?
Жауап: Біріншіден, фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсіз хадиспен де амал етіледі. Мысалы, «әлсіз» делінген хадис басқа жолдармен риуаят етілсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесіне көтеріледі. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады. Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді».
Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар» – делінген. Жоғарыдағы келтірген хадистердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан, хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Бұған қоса, Әбу Ханифа және басқа да көптеген фиқһ ғалымдары белгілі шарттарды негізге ала отырып сенімді кісілердің риуаят еткен «мұрсал» дәрежесіндегі хадистерді де дәлелге қабылдайды.
Екіншіден, хадистердің сахих, әлсіз секілді дәрежелерінің белгілі болуы үкім шығару үшін жеткіліксіз. Себебі, хадистердің қайсысының үкімінің жалғасып, қайсысының мәнсұх болғанын білмек керек. Сондай-ақ қайсысының қандай жағдайда айтылғанын білу үшін мыңдаған хадистерді толық оқып, ондағы нәзік мағыналарды бір-бірімен салыстырып бүтіндей білу қажет.
Ал, мұның бәрін базарда саудада тұрған яки көлік жүргізіп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес- алты жыл діни ілім алып шыққан маман да біле бермейді. Хадис кітабынан сахих хадис көрсем болды, сонымен амал ете беремін дейтіндерге мысал келтірейік:
Құранда: «Не айтқандарыңды білмейтіндей мас күйінде намазға жақындамаңдар...» деген аят бар. Бұл аяттың Алладан келгендігіне күмән жоқ. Ал енді осы аятты көре сала, амал етесің бе? Яғни, «Мас болмайтындай деңгейде арақ ішуге болады ма?», – десек, ол дереу: «Жоқ» бұл аятпен амал етуге болмайды. Себебі, бұл аяттың үкімі тоқтап, мәнсұх болған. Құранның араққа байланысты кейіннен түскен басқа да аяттарын саралап барып, үкім шығару керек.
Яғни, мәселеге бүтіндей қарау қажет. Құранда: «...Араққа мүлде жақындамаңдар!» деген кейіннен түскен аяты бар», – деп жауап береді. Біз оларға «Жауабыңнан Құранның аяттарын көре сала амал етпейтінің белгілі болды. Бірақ неліктен сахих хадисті көрсем болды, сонымен амал етемін деп асығыстық жасайсың? Мыңдаған сахих хадистер бар.
Олардың арасында да көптеген мәнсұх болып, үкімі жойылған хадистер бар емес пе? Бұған қоса бір ғана сахих хадистің өзін әртүрліттүсінуге болады ғой» деген уәж айтылса, мардымды жауап таба алмай жерге қарайды.Біздің ұстанатын ақидамыз матрудилік деп аталады.
Сұрақ: Соңғы жылдары дәстүрлі және дәстүрлі емес дін деген сөз көп айтылады. Бұл сөздердің мағыналарын қалай түсінуге болады?
Жауап: Діндер дәстүрлі және дәстүрлі емес деп бөлінеді. Дәстүрлі діндер деп бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, діни әдет- ғұрыптары, қоғамық қатынас нормалары мен отбасылық қарым-қатынасы және белгілі бір ұлттың дәстүрлі өмір сүру формасы мен мәдени-рухани, әлеуметтік-тұрмыстық өміріне тірек болуымен қатар оның интелектуалдық құндылықтарын да жоққа шығармай, өз қағида ілімдері тұрғысынан қабылдап, оны ұрпақтан- ұрпаққа мұра етіп қалдырып отыруға қызмет ететін ерекше құбылысты айтады.
Бірақ, дәстүрлі діндерге деген әр қоғамда әртүрлі көзқарастар туындауы мүмкін. Оған мысал Ресейде дәстүрлі дін саналатын православия Жапонияда дәстүрлі саналмауы мүмкін немесе керісінше болуы да ықтимал. Ал дәстүрлі емес діни қозғалыстар-қоғамда тарихи-мәдени тұрғыда қалыптасқан құндылықтарды, салт-дәстүрлерді танымайтын, оны жоққа шығаратын әлеуметтік - рухани қалыптасқан ортаға жат діндерден бөлініп шыққан діни ағым. Дәстүрлі діндерден ХVII- ХХ ғасырларда, Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін Батыс қоғамында көптеген өз алдына дербес «жаңа діни қозғалыстар» пайда бола бастады, әуелгі нұсқаны терістеу арқылы өзгерген діни ұстаным ретінде олар дәстүрліге жатпайды.
Олардың нақты санын анықтау мүмкін емес, себебі олар күннен-күнге көбеюде. Әлемде жүз алпыс миллионнан астам адам өздерін осы діни қозғалыстардың мүшесіміз деп санайды. Дәстүрлі емес жаңа діни қозғалыстар туралы ғылымда қалыптасқан ортақ бір атауы немесе тұрақты анықтама жоқ. Діни-танымдық журналдарда, газеттер мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында және дінтанушы ғалымдардың еңбектерінде: «тоталитарлық секталар», «іріткі салушы топтар», «дәстүрлі емес діни ғұрыптар», «жаңа діни қозғалыстар»- деген әртүрлі тіркестер мен атаулар беріліп жүр. Қазіргі қоғамда бұл құбылысқа «діни секта» деген жалпылама атау беріліп отыр. Діни секта термині дінтануда «дәстүрлі емес діни қозғалыстар»,- деп әлеуметтік–саяси мағынада қолданылса, ал құқықтануда бұл термин діни ұйым, діни бірлестік, қонфессия, деноминация ретінде шартты түрде ғана қабылданады. Заңнамада секта термині қолданылмайды
Сұрақ: Түрлі үгіт-насихат, уағыздарда «ақида» деген сөз жиі қолданылады. Бұл сөздің толық мағынасын білуге бола ма?
Жауап: «Ақида» ұғымы араб тілінен аударғанда (сөздік, яки грамматикалық мағынасы) «бір нәрсенің бөлек ұштарын бір жерге жинау», «топтау» мағынасын береді. Көпше түрі «ақаид»». Терминдік мағынасы болса, дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесі, дәлірегі, иман негіздері дегенді білдіреді. Ақида ұғымы сенім жүйесі ретінде қолданылуымен бірге, белгілі бір мәзһабтың немесе бір мәзһабты құрған иманның иман негіздеріне қатысты айтқан пікірлері мен түсінігін білдіру үшін де қолданылады
Сұрақ: Еліміздің мұсылмандары қандай ақиданы (сенімдік мәзһабты) ұстанады?
Жауап: Елімізде ұстанатын ақида матрудилік деп аталады. Ол ақиқатты тануда барынша тиімді ойлауды мақсат етіп, ақыл мен нақылды орнықты пайдалануымен ерекшеленген сенімдік мәзһаб.
Сұрақ: Облысымызда теріс жат пиғылды ағымдардың жетегінде кеткендерге, көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беретін орталық бар ма?
Жауап: Бар. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі (өлкедегі қоғамдық саяси әлеуметтік, діни-рухани ахуалды талдау –зерттеу орталығы) Орталық Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2011 жылғы 4 қазандағы қаулысымен құрылған.
Орталықтың құрылудағы басты мақсаты – қоғамдағы саяси ахуал бойынша халық арасында мемлекеттік идеологияны түсіндіру және облыстағы қоғамдық-саяси ахуал мәселелеріне талдау жүргізу, әсіресе жоғарыда айтылып өткен діни ахуалдың күрделілігі мен ерекшеліктерін ескере отырып, осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ету. Орталық облыстағы қоғамдық-саяси ахуалға әлеуметтік мәселелерге, діни-рухани тәрбие, тағылым талдауларын жасау және осыларды саралап-сараптап, зерделеп, зерттеу және оларды мемлекеттік идеологияның іске асырылуы барысында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Сұрақ: Елімізде діни әдебиеттерге діни сараптаманы қалай және кімдер жүргізеді ?
Жауап: Қазақстанда дінтану сараптамасы 2007 жылдан бастап жүргізіледі. Бұрында ол Әділет министрлігі, кейіннен Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Дін істері комитетінде өткізілген болатын. 2011 жылы Дін істері Агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде құрылғаннан кейін дінтану сараптамасы жүргізілуін қамтамасыз ету құзыреті біздің мекемеге берілді. Сондықтан дінтану сараптамасын Агенттік, сондай- ақ облыстық Дін істері департаменттері жүзеге асырады. Агенттік www.din.gov.kz сайтында азаматтардың қолдануына ыңғайлы болу үшін сараптаманың оң қорытындысын алған діни әдебиеттердің тізімі мерзімді түрде жаңартылады. Кітаптар діни төзімсіздікті, экстремизм мен терроризмді насихаттамауы тиіс
Сұрақ: Бұған дейін кейбір кірме діндердің өкілдері көше-көшені кезіп, үй-үйді аралап, өздерінің діни кітаптарын таратып жүруші еді. Қазір бұл мәселе реттеле бастаған сияқты. Менің сұрайын дегенім, елімізде діни әдебиеттердің таратылу тәртібі қандай?
Жауап: Осы салада Қазақстан Республикасының "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңы арқылы нақты талаптар белгіленген. Діни әдебиеттерді тек қана ғибадат ғимараттарында, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, арнайы белгіленген тұрақты орындарда таратуға рұқсат етіледі. Бұл тұрақты орындарды жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Осыған орай, көшелерде, тұрғындардың пәтерлері мен үйлерін аралау арқылы немесе сауда орындарында, яғни, оларға арнайы бөлінген орындардан тыс жерлерде діни әдебиеттерді таратуға тыйым салынады. Егер кітап дүкендері діни әдебиттерді сатуды қаласа, олар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінен рұқсат алуы қажет. Сонымен қатар, арнайы рұқсат алған кезде, діни әдебиеттердің сатылуы мен таратылуы тек қана дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана жүзеге асырылатынын ұмытпау керек
Сұрақ: Жастарымыздың теріс ағымдағы көзқарасты қабылдауының себебі неде?
Жауап: Теріс ағым көзқарасын қабылдаушылардың, жетегіне жастарымыз ғана емес, орта буын аға-әпкелеріміздің де еліктеуі көрініс тауып отыр. Теріс ағымдағылардың өздеріне тарту құралдарының бірі, психологиялық шабуыл мен гипноздық әдістер. Осындай шырмауларға ілініп жатқандар баршылық. Және де шеттен келген теріс ағымдағы көзқарасты қабылдауының себептерінің бірі, діни-саяси иммунитетіміздің әлсіздігінен. Бұл жөнінде Елбасымыз өзінің жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі
емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз»-деп қадап айтты. Сонымен қатар басты себептерінің бірі, жастарымыздың көпішілігі оқып, ізденбей, тек интернет сайттарын я болмаса ұялы телефондарды тыңдау арқылы ғана, өз сұрақтарының жауабын алуы деп айтсақ артық болмас. Асыл дініміз білім алуды қашанда алға қойған. Оған дәлел Құранда: «Білімділер мен білімсіздер тең емес» делінген Сондықтан да тыңдау арқылы, сұрақтарыңызға жауап алған күнде де, сол жауапты берген, мейлі ол ғалым, мейлі ғалымдық я болмаса ұстаздық дәрежеде болмаса да, өмір тарихына үңіліп, көзқарасын қабылдамастан
бұрын, басқа да ғалымдардың пікірлерімен қоса алып, салыстыра жүретіндей біліміңіз болғаны жөн.
P.S. Сұрақтарға Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің дінтанушы мамандары жауап берді.