«Құраншылар» құтырып бара ма?
Қазақ қоғамына жаһандану дәуірімен бірге миссионерлік қызметте қоса келді. Әр түрлі сарындағы діни бірлестіктердің әлемге тарауы біздің елді де айналып өте алмады. Бүгінде жат пиғылды діни бірлестіктерді «секта», «тоталитарлық секта», «балама діндер», «дәстүрлі емес діндер» немесе «іріткі салушы культтер», тіпті «жаңа ғасыр діндері» деп атап жүрміз. Олардың ішінде «Құраншылар» тобы да халыққа айтарлықтай залалын келтіріп отыр.
«Құраншылар» тобы дегеніміз кімдер?
Ең алғаш рет бұл ағым жеке бірлестік ретінде «Ахлиль-Құран» деген атпен 1902 жылы Үндістанның Пенджаб ауданындағы Лахор қаласында пайда болған. Негізін салушы – Абдуллаһ Чакралауи (ө.ж. 1914). Ол «ахлиль-құран», яғни «Құран иелері» деген терминін алғаш енгізді. Чакралауи Мұхаммед пайғамбардың сүннетін жоққа шығарып, төрт канондық мазхабты терістеп, Құранға ғана жүгінуге шақырды. Өйткені, оның есептеуі бойынша құдай Мұхаммед пайғамбарға тек Құранды уахи етіп түсірген, ал қалған мұсылман дереккөздері бұрмаланып, өзінің шынайылығынан айырылған. Бұған байланысты мұсылман ғұламаларымен қақтығысқа түсіп, Құраннан басқа еш нәрсені мойындамауды дәріптеп, осы жолда белсенді жұмыс атқарды. Құраниттер ағымының, жаңа заманда пайда болған басқа ағымдар секілді (уаххабизм, ахмадия) батыстық тамырлары бар екенін түсінуге болады. Бұған еуропалық шығыстанушылардың Құран мен сүннетке қатысты еңбектер жинағы айқын дәлел. Отаршылдық саясаттың жүзеге асырылуына көмектескен батыс ориенталистері мен миссионерлері мұсылмандар арасында іріткі салу үшін барынша жан салғанын осыдан-ақ көруге болады. Негізі хадис ғылымымен алғаш айналысқан ориенталист – венгерлік еврей, исламтанушы Игнац Гольдциер есептелінеді. Шығыстанушылардың ішінен хадистердің және сүнеттердің басым көпшілігінің ойдан шығарылғандығын және хадистерге байланысты алғаш күдік салған да осы кісі.
«Құраншылар» тобы көпшілікке Құранды жақсы көретіндер деген атпен танымал болды. Олар шариғат негізі тек Құран ғана деп қысқа қайырып, хадис, тәпсір, қияс, сахабалардың өмірбаяны мен ғалымдардың пәтуалары сияқты исламның қайнар көздерін жоққа шығарады. Құран Аллаһ тағала тарапынан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уаһи арқылы түсірілгенін мойындағанымен, қасиетті кітапты кеңінен түсіндіретін Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінің керегі жоқ деп есептейді. Мұндай топтардың басты ерекшелігі Құран аяттарының астарлы мағынасына мән бермей, сөзбе-сөз түсінуінде. Ал оның астарлы мәніне үңілу, тәпсірлеу мен ғылыми ізденудің еш қажеті жоқ деп біледі. Олар: «Біз кітапта еш нәрсені қалдырмадық» ; «Бұл кітап жалғаннан айтыла салар сөз емес, бірақ одан (Пайғамбардан) алдыңғыны растаушы, барлық нәрсенің толық баяны, иман келтірген қауымға тура жол және рақымдылық болған кітап» – деген аяттарды негізге алды. Сол сияқты, Құранды «ашық баяндаушы» деп сипаттаған аятты негізге ала отырып, «Құран барлық жағдайды бізге айтып өткен, ешнәрсені қалдырған емес» деді. Сондай‑ақ: «Аллаһ тағала бұл кітапта діннің ісі болсын, үлкен немесе кішкентай мәселе болсын, адамдардың сеніміне немесе құлшылығына қатысты шариғаттың қандай үкімі болсын толықтай баяндап берген. Олай болса, біз неге басқа жақтан дәлел мен негіз іздеуіміз керек? Құраннан басқа қосымша түпнұсқаның бізге қажеті қанша? Бұл деген Аллаһ тағаланың дініне қосымша, оған қатысы жоқ нәрсені енгізу болып есептеледі. Аллаһтың шариғатын басқа нәрсемен араластыру болып табылады. Демек, бұл жағдай мүлде дұрыс емес, харам іс. Себебі, біз олай ететін болсақ, Аллаһтың кітабы барлық жағдайды баяндамаған, жеткіліксіз деп кемсіткен боламыз. Әрине, олай ету дінге де, Аллаһқа да қарсы іс екені анық», – деп олар өз ұстанымдарын негіздейді.
Негізінде ғалымдар «Құраншылар» деген атаудың өзі дұрыс еместігін айтады. Олай дейтініміз құраншылар өздерін «Біз Құранды басшылыққа аламыз, Құранның негізінде жүреміз» дегенді негізге алады. Сол үшін олар өздерінің теріс пиғылдарына Құранды пайдаланады, яғни құранды бетперде етеді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін қабылдамайды. Сондықтан Құран атын жамылған топқа мұндай қасиетті атау берудің өзі ағаттық болар. Көптеген аяттарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құранды анықтап және айқындап түсіндіріп беру міндеті жүктелгендігі жайында сөз болады: Оған төмендегі мына бір аят дәлел: «(Ей, Мұхаммед!) Құранды біз саған адамзатқа қажетті заңдарды түсіндірсін, оның мағынасына бойлатып, тағылым алдырсын деп түсірдік» ( «Нахыл» сүресі, 44-аят). Егер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болмағанда, тіпті, намаздың да қалай оқылатынын білмес едік. Себебі, Құранда намаз оқу әмір етілгенімен, оның қалай оқылатыны жайында бірауыз да сөз жоқ. Сол себепті «Құраншылардың» тек Құранның жолымен жүріп, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеттерін қабылдамауы үлкен қателік және олардың ой-пікірлері өзгелердің де адасуына алып келеді.
«Құраншылардың» Қазақстанда пайда болуын кезінде Президент әкімшілігін басқарған Аслан Мусиннің ұлы Асылбек Мусинмен байланыстырады. Оны құраниттердiң көсемi деген алыпқашпа әңгiме бұрыннан берi айтылып жүрген еді. Мұны терiске шығармақ болып сұхбат берген Асылбектiң өзi “Бiз құранит емеспiз!” деп мәлiмдеген. Алайда ол жетекшiлiк ететiн “Iзгi амал” қоғамдық бiрлестiгi құраниттердiң iлiмiн ашықтан-ашық насихаттап келдi. Соңғы кездері жат ағымның интернет кеңістігенде насихат жұмыстары күшейіп барады. Қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттарды бірнеше сайттар мен блогтардан байқауға болады.
Исламды жамылып, пайғамбарымызды (с.ғ.с) жоққа шығарғысы келетін, теріс ақпараттың арқасында елге іріткі салғысы келетін бұл топпен қалай күреспекпіз?
Нұржан Әлімқұлов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамы:
«Ай қарап жүруге болмас»
Өкінішке орай «Құраншылар» Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетін білімсіздік салдарынан мойындамай, қатты адасуда жүрген ағымдардың бірі. Мұсылман баласы әу бастан-ақ Құран кітапты басшылыққа алып, пайғамбарымыздың салып кеткен ақ жолымен жүрген. Сондықтан сүннетті мойындамай, оны жоққа шығару мүмкін емес нәрсе. Бүгінде елімізде белең алған топты тура жолға салу біріншіден Алла Тағаланың иелігіндегі іс. Бірақ, солай екен деп ай қарап жүру тағы болмас. Себебі олардың жамағатқа, жастарға зияны тиері анық. Әрине оларды бірден тура жолға салу мүмкін емес. Дегенмен үздіксіз, сауатты түрде оларға сүннеттің мән-маңызын түсіндіре отырып, көмек бере алсақ уақыт өте келе көздері ашылар.
Нұржан Ешенғазинов, Аягөз қалалық мешітінің найб имамы:
«Құраншылар» Исламның дәстүрін жоққа шығарушылар»
Құраншылар атауы жайында әркім әртүрлі пікірлер білдіреді. Кейбір ғалымдар оларды "құраншылар" деп атауға болмайды, себебі бұлай атау Құран кәрімнің үкімдері мен ережелерін толығымен орындайтын топ деген мағынаны береді деп топшалайды. Бұларды "сүннетті мойындамайтындар" немесе "сүннетті теріске шығарушылар" деп атау керек дейді. Әрине,біз бұл атаумен аталуына қарсымыз. Бірақ,мәселе атаулар мен терминдерде емес,олардың беретін мағынасында. Егер қылмыскердің аты жақсы есім болса, біз оны жаман есіммен атай алмаймыз ғой. Құраншылар өздерін осылай атап, танылды.Сондықтан оларды осы атаумен зерттеуге тура келеді. Бұл топ ислам тарихының алғашқы кезінде осы атаумен танылмады. Бірақ сүннетті мойындамау оқиғалары әртүрлі үлгіде болып жатты. Бұл жайында Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: "Маған Құран және тағы да сондайды(сүннет) берілді. Жақында қарны тоқ,күрсісіне жантайған біреу: "Сендерге Құран жеткілікті. Оның ішінде не халал болса,соны халал деп біліңдер. Ал не арам болса,оны да солай қабылдаңдар",- дейді. Сосын Пайғамбар (с.ғ.с) былай деп сөзін жалғастырды: "Алла Елшісінің харам еткені де Алла Тағаланың харам еткеніндей екенін ұмытпаңдар",- дейді. Демек,Алла Елшісі (с.ғ.с) сүннетке қарсы шығып,тек Құранды ғана ұстанамыз дейтін қауымның пайда болатындығы жайында анық хабар береді. Құраншылар бағыты жалпы Исламның дәстүрлі ұстанымдарымен мен ережелеріне жауап бермейтіндігімен ерекшеленеді. Себебі,Ислам тарихының әу басынан бері мұсылман қауымы Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетін ерекше бағалап,ұстанумен келеді. Құраншылардың ең негізгі дәстүрлі ұстаным мен идеологияға қайшы келетін пікірі: "Дін мен шариғаттың үкімдерін баяндап,бекіту үшін сүннеттің ешқандай керегі жоқ.Құранның жалғыз өзі жетіп артады". Сондықтан мұсылман бауырларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан Пайғамбарымыздың сүннетін жоққа шығарушылардың қауіптілігі айтпасада түсінікті. Жастарымыздың сүннетті ұмытып, бұрыс бағытқа түсуіне жол бермейік десек, бұл топтың насихат жұмыстарына тосқауыл қоюымыз қажет.
Дәулет Қабидолдин, Өскемен қаласы орталық мешітінің наиб имамы:
«Іріткі салуды көздеп отыр»
Құраниттердің ұстанымы – Батыс ориенталистерінің мақсатын көздейтін бағыт. Ол Ислам дінін әлсірету мақсатында қалыптасқан. Олардың ниеті ұжымдасқан мұсылман қауымына жік салу. Сол арқылы мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранға күдік тудыру. Бұл істері нәтижелі болмағандықтан Құранның ажырамас бөлігі хадистерді жоққа шығаруға тырысуда. Мұның өзекті тұсы – айрандай ұйып отырған мұсылмандар арасына сызат түсіру, елдің бірлігін, өзіміздің дәстүрлі дінімізді жоққа шығару. Тарих сахнасында ғасырлар бойы өмір сүріп келетін мұсылмандардың наным-сеніміне адасушылық пікірді қалыптастырып, іріткі салу. Қазіргі таңда исламды бұрмалаушы топтар көп. Олармен қалай күрессек «Құраншылармен» де күресті талмай жүргізу қажет.
Мұрағаттан, 2015 ж