Намазда «Әминді» қалай айтқан дұрыс?
Сұраққа Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» мамандары жауап береді.
- Ханафи мәзһабының ешбір амалы дәлелсіз алынбаған. Ал кей дәлелдердің фиқһ кітаптарында жазылмауы оның халыққа жеңілдік көздеп қысқартып берілуінде. «Әминді» іштен айтуға келетін болсақ, оған Ханафи ғұламаларының көптеген дәлелдері бар.. «Әмин» сөзі – «дұғамызды, тілегімізді қабыл ал!» деген мағынаны білдіретін дұға. Cахих Бухари кітабында «әмин» сөзіне «дұға» деп түсінік берілген. Ал дұғаның іштен айтылуы абзал. Құранда: «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!» [79] делінеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Іштей тілек – жария жетпіс тілекке тең» дегенін де ескерер болсақ, «әмин» дұғасын іштей айту абзал. Намаздағы «субхана раббиял-ағла», «субхана раббиял-азим», «субханака», «әт-тәхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы «әминнің» құпия айтылуына тағы бір дәлел. Әмин дұғасы «әғузу билләһи» дұғасынан артық емес. Өйткені «Нахл» сүресінде Құран оқыған кезде міндетті түрде «әғузуді» айту керектігі: «Құран оқыған кезде қуылған шайтаннан Аллаға сыйын» [80] деп бұйырылған. «Әғузу» дұғасы осы ерекшелігіне қарамастан намазда құпия айтылады. Сондықтан әминнің де құпия айтылуы абзал. Қазіргі таңда қазақстандық мұсылмандар арасында «әминді» іштей айту мен жария айтуға байланысты мәзһабтарда айырмашылық бар екені рас. көптеген дау-дамай болып жүр. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «әминге» байланысты хадистерін төрт мәзһаб ғұламалары әр түрлі түсінген. Шафиғи мен Ханбали ғұламалары «әминді» жария айту керек десе, Ханафи және Мәлики ғұламалары іштей айту керек дейді. Яғни, әр мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері бар. Сондықтан біз жоғарыдағы ханафи ғұламаларының келтірген дәлелдерін «әминді» жария айтуға байланысты басқа мәзһабтардың келтірген дәлелдерін жоққа шығару яки мүлдем дұрыс емес деуден аулақпыз. Тек айтпағымыз – әминді іштей айтуға байланысты Ханафи мәзһабының да өзіндік шариғи дәлелдері бар екенін, оның жай айтылған негізсіз үкім еместігін білдіру. Негізі «әминді» жария яки іштей айту - дауласып, даурықтыратын іс емес. Маңыздысы – әминнің «Фатиха» сүресінен кейін ықыласпен айтылуы әрі періштелердің «әмин» деуіне дәл келіп, күнәлардың кешірілуі емес пе? Еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы ханафи мәзһабын ұстанғандықтан халық арасындағы ауызбіршілікті сақтап, бүлікке жол бермеу әрі енді-енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу мақсатында өзге көзқарастағылардың да әминді іштей айтуы абзал.
Мұрағаттан, 2015 ж