Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
«Алайда адам баласы күнә жасауды қалап тұрады»
Құран Кәрім, «Әл-Қияма» сүресі, 5-аят.
Бүгінде елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Сирия мен Ирак жеріндегі содырлар туралы блогыма көптеген сұрақтар келіп түсіп жатыр. Сол сұрақтардың басым көпшілігі «жиһад» жасаймыз деп аттанып жүрген жастар жөнінде. Исламдағы жиһад ұғымы мен содырлардың көксеген «жиһады» туралы.
Сирия мен Ирактағы содырлардың жасап жүргендері «жиһад» емес. Олар мұсылмандармен соғысуда. Оның ішінде бейбіт халықтың қанын төгуде. Олардың көксегені «мұсылманның қанын төгу» деп атасақ дұрыс болады.
«Жиһад» сөзі – араб тіліндегі [жахд] «тырысу, күш салу, талпыну, ынталану» деген түбір етістіктен шығады. «Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда деструктивті ағымдар мен жат пиғылды саяси топтар «жиһадты» қару алып соғысу деп біржақты түсіндіріп жүр. Бұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Ал, «Жиһад» сөзінің дұрыс мағынасы белгілі бір асыл мақсатқа жету үшін, яки бір игі істі істеу үшін ең қымбат саналатын уақытыңды, дәулетіңді, бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, сол үшін тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді.
Менің пайымдауымша, Алла Тағаланы дұрыс танып, білім алып белгілі бір салада маманданып, өз мамандығын жетік меңгеруге бар қажыр-қайратын жұмсап, сол арқылы адамзатқа, өз отанына, еліне, халқына пайдасын тигізу, өркендеуіне үлес қосу да нағыз жиһадқа жатады.
«Жиһад жасаймыз» деп Сирия мен Иракқа аттанған жастар не үшін, кім үшін соғысып, кімнің қанын не үшін төгіп жүр?
Сирия мен Иракқа аттанған жастар "Ат-такфир уаль-хиджра", яғни «Тәкпіршілер» жамағатының өкілдері. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде етіп, бүлікке бастайды
Әбу Бәкра есімді сахаба (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер екі мұсылман қолдарына қару алып соғысатын болса, өлтіргені де, өлгені де тозаққа түседі», – дегенін естідім. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Өлтіргеннің тозаққа түсуі түсінікті. Ал өліп қалған байғұс не үшін тозақы?» – деп сұрадым. Ол: «Өйткені, ол (өлген адам) өз бауырын өлтіруге қатты тырысқаны үшін (тозаққа түседі)» деп жауап берді». Әйгілі сахаба Ибн Аббас қасақана кісі өлтіруші тозақта мәңгі қалады деген пікір білдірген. Қасиетті Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар.
Содырлардың шығарған сорақы шешімдерінің бірі – «жиһаду ан-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу деп аталады. Некенің бұл түрі шариғатқа қайшы келеді. Бейбіт халықты қойдай қырып, қан төгіп, бас кесуді қасиетті жиһад санайтын Сирия мен Ирак жеріндегі лаңкестік топтардың содырларына тәнін ұсынып, біраз күн немесе бірнеше сағат «әйел» болуды бүгінгі шейх-сымақтар қыз баланың жыныстық жиһады деп атап жүр.
Ғалымдардың пікірінше, «әз-зауажу әл-мунакаха» деген терминді алғашқы болып радикалды Ислам ағымының жақтаушысы Мұхаммед әл-Арифи шығарып, сунниттік бағыттағы мұсылман қыздардың өз еріктерімен Сирияға барып, сол жақта Башар әл-Асадтың режиміне қарсы соғысып жатқан әскерлердің жыныстық құмарларын қандыруға шақырған. «Бұл барып тұрған зинақорлық» деген ғалымдарға Арифи «Ниса» сүресінің 24-ші аятын дәлел ретінде көрсетеді. Ол аятта былай делінген: «Сендер олардан алған ләззаттарың, көрген қызықтарың үшін оларға тиісті мәһірлерін (сыйақыларын) беріңдер».
Бұл аятты «тұрақты ақ некелі әйелден алынған ләззат үшін мәһір ақысын төлеңдер» деп түсінген мақұл. Себебі, әйгілі тәпсірші Ибн Аббас та, Хасан Басри де, Мужаһид те, өзге де көптеген тәпсіршілер бұл аятты осылай түсіндірген. Міне, бұл шектен шыққандар мұсылмандықтан да, адамшылықтан да ауытқығандығы даусыз.
Кейінірек Мұхаммед әл-Арифи бұндай радикалды пікірді айтпағаны жөнінде мәлімдесе де, өкінішке орай ол содырлардың арасына тез тарқап, бүлікшілдіктің белең алуына себеп болды.
Шынайы мұсылман адам еш уақытта лаңкес болмайды. Құран Кәрімде «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар), – деп, пенденің әрбір ісі үшін Ахиретте жауап беретіндігін білдірген.
Мұсылман жамағатының назарын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисінде аударсақ. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса бүкіл дене жақсы болады. Ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар ол – жүрек»-деген болатын. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзінен кейін мұсылманның жүрегін дұрыстау жолы үлкен жиһад болмағанда не болады? Мұсылман кісі ойлау арқылы бұл ақиқатқа жеткеннен кейін оны орындауға тырысып, Ислам әдебіне сай, әрі шарттарына қатты көңіл бөлуі тиіс. Өз бойында түрлі кемшілік бола тұра, басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған адам тура жол көрсеткендігі үшін сауап алғанымен, өзі жақсылықтан мақрұм қалып, жамандықтан жиренбегені үшін күнәлі болады. Өйткені «жақсылықты кешіктіру, жамандыққа аяқ басу» деген сөз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Тәкпіршілерге» қатысты арнайы пәтуа шығарған болатын. Сол пәтуада «тәкпір – дінге енген жаңалық» екені туралы үкім берілді. Бұл пәтуа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сенімде шектен шыққан тәкпіршілердің іс-әрекеті мұсылмандыққа мүлдем жат. Діни басқарма Сириядағы соғысқа не үшін барғанын білмейтін, мақсаты айқын емес жастарды мұндай фитнаға (бүлінушілікке) қатыспауға шақырады.
Ершат ОҢҒАРОВ,
Исламтанушы, теолог PhD доктор
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің хатшысы
Мұрағаттан, 2015 ж