Имам әбу ханифа – мазһаб негізін қалаушы

Oinet.kz 15-04-2019 1485

Screenshot_19.jpg

Бала күнімізде әкеміз ұйықтар алдында: «Я, Құдай –  құлым де, Мұхаммед  - үмбетім де, Шаряр – достым де, Имам Ағзам – мазһабымда де, жатқызғын жаныммен, тұрғызғын иманыммен» деп жатыңдар деуші еді. Ол кезде бұл дуға-тілектің мағынасын аса түсіне бермейтінбіз. Еліміз тәуелсіздік алып, қоғам дінге бет бұра бастағанда бұл дұға-тілектің мән-мазмұнына ептеп түсіне бастадық. 

Имам Ағзам дегені – Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит есімді синнилер бағытындағы ең үлкен мазһабтың негізін қалаған Исламның ғұламасы екен. Жатар алдында айтар тілегіміз әрбір мұсылманның  – Ұлы Жаратушы Алланың құлы,  сол Жаратушының соңғы да сүйікті елшісі Мұхаммед с.а.с – үмбеті, Шаряр – Расулымыздан кейінгі төрт әділ халифаның – досы, Ислам дініндегі ең үлкен мазһабтың негізін салушы, имамдардың төресі – Имам Ағзамның мазһабында, яғни жолында болу – исі қазақ үшін ең сара да, дара жол екенін мойындап, тағзым еткеніміз екен. 

Ұлы имамның биографтары Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабиттің 55 рет қажылық парызын өтегенін айтады. Соңғы Хаж сапарында Имам Ағзам атамыз Қағбаға кіріп, екі рәкәт намаз ішінде Құранды толығымен оқыған екен. Сол намазының  соңында: « Ей Раббым, Саған лайықты ғибадат жасай алмадым, Бірақ Сені ақылмен танып жетуге болмайтынын түсіндім, қызметімдегі кемшіліктерімді осы осы түсінігім құрметіне кешіре гөр» - депті. Сонда оған «Ей,  Әбу Ханифа, сен Мені жете таныдың, маған қалтықсыз қызмет еттің. Сені және сенің соңыңа, мазһабыңа ергендерді Қиямет күнініе кешірдім» деген дауыс естіліпті. «Имамы Ағзам мазһабымда де» деген тілек Алла тарапынан кешіріммен сүйіншіленгендердің қатарында ет деген дұға-тілек екен.

 Түрік ғұламасы Осман Қарабиықтың «Ислам діні» атты кітабында жазылуынша, Имам Харезмидің Әбу Хурайрадан риуаят еткен (жеткізген) Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. хадис шарифінде: «Үмбетімнен Әбу Ханифа деген бір адам шығады. Ол қиямет күні үмбетімнің шырағы болады» делінген. Тағы бір хадисте: «Нұғман бин Сабит есімді Әбу Ханифа деп аталатын бір адам келеді. Аллаһ тағаланың діні мен менің сүннетімді жандандырады» және «Әр ғасырда үмбетімнің ішінен ұлы адамдар шығады. Әбу Ханифа – өз заманының ең ұлы адамы» делінген. 

Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит 699 жылы Куфа қаласында туылған. Әбу Ханифаның ата-бабалары бүгінгі Ауғанстанның аумағанда өмір сүрген. Әкесі төртінші халифа – Әзірет Әлиді көріп, батасын  алған екен. Әбу Ханифа өз заманының көптеген  ғұламаларынан білім алған.  Куфадағы ең танымал ғұлама – Хаммад ибн Сүлеймен Әбу Ханифаның негізгі ұстазы болған. 

Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ мазһаб негізін салған ғұламалығымен қатар басқаларға қаржылай  тәуелді болмас үшін өз кәсібімен – саудамен шұғылданған. Өз замандастарының айтуынша, Имам Ағзам саудадан түскен пайдасын кембағал шәкірттерін асырауға, қайрымдылыққа жұмсаған. Әр жұма сайын ата-анасының рухы шат болуы үшін 20 алтын таратады екен. Замандастарының айтуынша, серіктестерінің бірінің көп мөлшердегі тауарды Исламға қайшы келетін жолмен сатқанын біліп, сол таурдан түскен тоқсан мың қаржыны кедейлерге таратып жібереді. Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ Төртінші халифа – «Имам Әли радиаллоһу анһ төрт мың дирхамға дейінгі нәпақа адал деген» деп, табысының төрт мың дирхамнан артығын мұқтаждарға таратып отырған. Ұлы имамның үзенгілестері  Имам Ағзам  рахматуллаһи әлейһтің өз  дүниесін аямай кембағалдарға қанша таратса да мал-мүлкі еселеп арта бергенін жазады, ал дүние талап болып, күші мен ақыл-парасатын табыс табуға жұмсаған кейбір дін қызметкерлерінің мал-мүлікке жарымай өткенін айтады. 

Ислам дініндегі ең үлкен мазһабтың негізін салған Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ Алланың аяттары мен Пайғамбарымыз с.а.с. хадистерін терең зерттеген, бірқатар сахабалармен сұқбаттас болған адам. Түнін – ғибадатқа, ал күнін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Имам Әбу Ханифаның  730 ізбасары болған. Бұл шәкірттерінің көпшілігі түрлі елдерде қази (сот билігін атқарушы) және муфти (пәтуа шығаруға өкілетті дін басы) дәрежесіне жеткен. Осы шәкірттерінің екеуі – Имам Әбу Юсуф р.а. (731-798)  пен Мұхаммед аш-Шәйбани р.а. (749-804) Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің еңбектерін жүйелеп, хадистер жинағы «Муснад» және Ислам үкімдері таңбаланған «Әл-Фиқһ әл акбар» аты еңбектерін болашақ ұрпаққа жеткізді.

 Ханифи мазһабындағы муфтилер Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің сөзімен пәтуа беруі тиіс. Оның сөзі табылмаса, Имам Әбу Юсуфқа бағынуы керек, одан кейін Имам Мұхаммедтің сөзімен амал етеді. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің сөзі бір тарапта, ал Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің  сөзі қарсы тарапта болса, муфти екі тараптің бірі бойынша пәтуа бере алады. Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ өз шәкірттеріне: « Бір мәселеде менің сөзіме қайшы келетін бірер құжатқа қол жеткізсеңдер, менің сөзімді қойып, сол құжатқа сүйеніңдер» деген екен. 

Тәжікстанда 2009 жыл – Имам Әбу Ханифа жылы деп жарияланды. Бұл ресми Душанбенің Ұлы имамға көрсеткен үлкен құрметі. Азамат соғысының қасіретін басынан өткізген Тіжікстан діни алауыздықты ауыздықтау мақсатында Ханафи мазһабын заң негізінде елдің ресми мазһабы деп жариялады, яғни мешіттердегі  намаз, басқа да ғибадаттар мен мұсылман қауымының діни тыныс-тіршілігі осы Ханафи мазһабтың жолы мен үкімдеріне сай атқарылатын болды. Сарапшылар бұл шешімді елдегі діни орта мен ұлттың тұтастығын нығайтуға бағытталған саясат деп бағалап отыр.

Постсоветтік елдерде Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің фиқһ саласындағы мұрасы мен мазһабтық жолын берік ұстану түрлі исламға қатысты дәстүрлі емес ағымдарға, соның ішінде кім көрінгенді кәпір дейтін Тәкфиршілерге тоқтау салады деген ой  қалыптаса бастады. Мысалы тәкфиршілердің пікірінше, үлкен күнәларды істеген адам – кәпір, оның тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт – кәпір. Тәкфиршілерден басқа жұрттың бәрі – кәпір, ал Тәкфиршілер қатарына кіріп, кейін осы ұйымды тәрк еткендерді тіпті өлтіруге де болады. 

Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің мына төмендегі тұжырымы Ханафи мазһабының басты ұстанымдарының бірі болып табылады. Ұлы ұстаз: «Біз егер жасаған күнәсін халал деп есептемесе, ешбір мұсылманды күнәларына қарап кәпір демейміз, ешкім мұсылман деген аттан маһрум етілмейді, иман әлсірегенімен толығымен жойылып кетпейді» дейді. Ұлы Имамның айтпағы – біреуді кәпір деп жариялау жалғыз Жаратқанның құзырындағы мәселе, көлденең көк атты көрінгенді кәпір деп шешім шығара алмайды. Осы арада ғұлама – Абдулла Жолдастың «Әбу Ханифаның құқықтық философиясы» атты еңбегінен бір үзінді келтіре кетейік. «Имам Ағзам р.а. Мекке мен Мәдинеде бірнеше жыл тұрып қалған кездері болды. Ол бір рет атақты таби‘ин Ато ибн Әби Робах рахматуллооһи ‘аләйһимен (бірнеше жүз сахабаны өз көзімен көрген кісімен) кездесіп, мәжілісте сұрақтар бере бастады. Оның әр сұрағынан ілімнің лебі есіп тұрған соң үлкен ұстаз: 

 - Сен қай жерденсің? – деп сұрады. 

 - Ирақтанмын, - деді Имам. 

 - Дінін тарау-тарау етіп, қалауынша бұрып алған жерден келіп отыр екенсің. Сен қай топтансың? – деді тағы да. 

Болмашы күнә үшін біреуді кәпір демейтін, бұрынғылардың атына жаман сөз айтпайтын және қыблаға қарап намаз оқыған кісіні сыйлайтын топтанмын, - деді Имам рохматуллооһи ‘аләйһ. 

 - Жолыңды дұрыс тапқан екенсің, - деді Ато рохматуллооһи ‘аләйһ  разы болып. 

Оның бұлай деуінің жөні бар еді, Ирақ дінді неше топқа бөліп, өздері не қаласа соны жөн көріп жүрген, «бұрынғылар», яғни сахабалардың атына да жаман сөздерді батыл айта беретін, сәл күнә үшін «кәпір болды» деп, елді бұзып бүлдіріп жүргендер де осы жақтан шықты. Пікірі сәйкес келмесе, тіпті намаз оқып тұрған кісіні де өлтіре беретіндер осы Ирақтан шыққан еді».

Имам Әбу Ханифаның заманында бүгінгі күндегідей билік – діннен, дін – мектептен бөлінбеген болатын. Бүгінгі тілмен айтқанда сот билігін сол кездің судьялары – қазилар жүзеге асыратын. Қазилар үкімді ислам заңдары, яғни шариғатқа негізделіп шығаратын. Өз заманының фиқһ – үкім негіздері бойынша ең үлкен ғұламасы болған Әбу Ханифаға әкім, қази немесе муфти болу жайлы ұсыныстар көп жасалған. Басқа жұрт жалынып жете алмайтын үлкен лауазымдардан Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ ат-тонын ала қашатын. Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің  биографтарының жазуынша, Үмаядтардың соңғы, он төртінші халифасы болған Маруан бин Мұхаммед дуірінде Ирақтың әкімі Язид бин Амр Әбу Ханифаға Куфа қаласын басқаруды ұсынады. Тақуалығы да біліміндей өте мол болғандықтан бұл ұсынысты Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ  қабылдамайды. Пендешілікпен момынның ақысына қиянат жасап қоямын ба деп қорқады. Язидтің бұйрығымен Имамның басына жүз он дүре соғылады. Язид ертесіне Имамды шақырып, тағы да ұсыныс жасайды. Әбу Ханифа «кеңесейін» деп рұқсат алады. Зұлымнан аулақ болайын деп шешіп, Меккеге барып, сол жерде 5-6 жыл тұрады. 

767 жылы Аббаси халифасы Әбу Жафар Мансур бұйырған Бағдадтың қазылық қызметін  қабылдамағаны үшін зынданға тасталады. Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһке күн сайын он дүре қосып, ұрып отырады. Имам Әбу Ханифа дүре саны 100-ге жеткен күні адам төзгісіз азаптаудан шейіт болады. Замандастарынан жеткен деректерде айтылуынша, Имам Ағзам  жан рахматуллаһи әлейһтің жаназасына 50 мың адам қатысқан екен. Жиырма күн бойы қаншама адамдар келіп, Ұлы имамның қабірі алдында намаз оқыпты. Селжүк патшасы Сұлтан Алпарсланның ұлы, үшіншіСелжүк Сұлтаны Мәлік шахтың уәзірі – Әбу Саад Мұхаммед бин Мансұр Харезми Әбу Ханифаның мазарына тамаша кесене салдырады. Кейіннен Осман патшалары бұл кесенені бірнеше рет жөндеуден өткізіп, безендіреді. 

Бүгінде әлем мұсылмандарының жартысына жуығы Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ мазһабын ұстанады. Түркия, Ирак, Сирия, Ливан, Ауғанстан, Пәкстан, Үндістан, Қытай, Еуропадағы Албания мен Босния мұсылмандары, көрші Ресей мен Орталық Азия аймағының дерлік барлығы – осы Ханафи мазһабында. 

Ханафи мазһабының негізін қалаушы ұлы ғұлама – Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһ жайлы мыңдаған  кітаптар жазылған. Біздің мақаламызда келтірілген деректер – Ұлы Имамның өмірі мен мирасы жайлы ілім теңізінен тамшы ғана. Уақыт өткен сайын Әбу Ханифа ілімін насихаттау үрдісі нығайып, Имам Ағзам рахматуллаһи әлейһтің мазһабын ұстану жолы кемелденіп келеді. 


Меккедегі теракт
Өзбекстан ислам қозғалысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу