Меккедегі теракт

Oinet.kz 15-04-2019 2077

Screenshot_18.jpg

Ислам атын жамылғандар қасиетті Қағбада қан төгіп, қажыларды кепілге алған

Мекке. Бүкіл исі мұсылманның құбыласы, қасиет тұтқан қаласы. Осындағы қесиетті Қағбада жағдайы жететін мұсылман өмірінде бір болса да тәуеп етіп, исламдағы бес парыздың бірі—қажылықты өтеуі тиіс. Қағбаның тарихы исламнан да көне. Діни аңыздарға қарағанда оның алғашқы іргетасын Адам ата ұрпақтарымен бірге қалаған. Нұқ пайғамбардың дәуірінде ол топан судың астында қалып, жойылып кеткен. Қағбаны Ираһим пайғамбар Алла тағаланың әмірімен қайта салған. Мұхаммед пайғамбардың заманын бұл жер тұрақты түрде қажылық парызды өтейтін орынға айналды. 

1979 жылы Қағбадағы әл-Харам аш-Шариф мешітінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді ол қажыларды бұдан көп қабылдауға мүмкіндік алды, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалды. Қарашада әлемнің түкпір-түкпірінен Қағбаға бес парыздың бірін өтеуге келгендер ағыла бастады. 

20 қараша.  Бұл күні Меккеге келген мұсылмандардың қарасы тіптен көп болатын. Олар Алла үйінде құлшылық рәсімдерін атқаруға кіріскен. Енді бірер минуттардан кейін қасиетті жерде қан төгіліп, тосын оқиға болады деген ешкімнің де ойына кіріп шықпаған. Бар ынта-ықыласын, назарын тек Жаратқанға аударған халық араларында кейбіреулердің қызыл шүберек байлап алғанын да байқамаған...Кенет басшыларының белгі беруімен қызыл шүберек байлағандар автоматтарын алып, қасиетті орында оқ атуға көшті. Үрейге беріліп, жанұшыра қашқан тобырдың астында жүздеген адам мерт болды. Терроршылар жұмыр жердің әр елінен келген алты мыңға жуық мұсылманды мешітке әкеліп қамады. Осы сәттен бастап олар көтерілісшілердің кепілінде отырды.  Арада бірнеше сағат өткенде қаланың Тайф және Табук атты аудандарын көтерілісшілердің басып алғандығы белгілі болды. Король Халедтің сарайы алдында жарылғыш заты бар көлік жарылды. Билік мұның алдын ала ұйымдастырылғанын, егер дер кезінде шара қолданбаса төңкеріске алып баратынын осы кезде түсінді. 

Ихвандар 

Терроистік шабуылды кім ұйымдастырды? Терроршылар Сауд Арабиясының билігіне қарсы бүлік ұйымдастырмақ болған  фундаменталистік сектасының мүшелері болатын. Дәлірегі олар  «Жухейман әл-Отейбидің тобы» еді. Ол радикалды ұйым ретінде 1973 жылы құрылған. Ұйым мүшелері өздерін  "ихвандармыз», яғни баурластармыз деп атады. Жетекшілері Жухейман әл-Отейбиді діни аңыз бойынша дүниеге келуі тиіс Мәди деп жариялады. Мақсаттары  Хиджазда ислам республикасын құру. Көтерілісшілер Сауд Арабиясының королін сатқын, парақор деп айыптап, тақтан түсуін талап етті. Барлық террорлық актілердің түп-тамыры саясатқа барып тірелетіні бесенеден белгілі ғой. Дәл осы күндері араб елдерінің бірқатарында жаппай баскөтерулер орын алды. Пәкістанда көтерілісшілер АҚШ елшілігін басып алды. Бірнеше дипломант қаза тапты. Бұл кездейсоқтық емес. Сауд Арабиясының королі қатты састы. Көтерілісшілерді қолдап-қуаттап отырған Таяу Шығыстағы Сауд Арабиясымен жаулық қарым-қатынастағы елдердің бірі деген болжам жасалды.

 Фанаттарға король билігіне көңілі толмайтын студенттік ұйымдар мен солдаттар көмектесті. Олар террорлық актінің ұйымдастыру үшін бірнеше апта бойы тыңғылықты дайындалған. Пулеметтер, тіпті танктерді ататын қару-жарақпен  жарақтап, оларды мешіттің жер асты жолдарына күні бұрын әкеліп қойған. Тіпті ас-суын да әзірлеп, ең ақыры отыз адамға арналған госпиталін де қамдастырған, онда жұмыс істейтін дәрігерлер мен мейірбикелерін де ала келген. 

Алғашқыда елдің Ұлттық гвардиясы кепілді отырғандарды өз күштерімен құтқаруға кірісті.  Мешітке шабуыл жасалды. Бірақ дұрыс ұйымдастырылмаған шабуыл кезінде ондаған жауынгер оққа ұшты. Келесі күнгі шабуыл да сәтсіз аяқталды. 22 қарашада Ұлттық гвардия мешітке үшінші мәрте шабуылға шықты. Бұл жолы оған 3 мыңға жуық жауынгер, 12 бронетранспортер, 5 тікұшақ қатысты. Терроршылар қыңқ еткен жоқ. Жойқын шабуылға сақадай сай әзір екендіктерін байқатты. Олар зымыран атқыш қарулар арқылы 3 транспортердің көзін жойып, әуедегі тікұшақтарды атқылай бастады. Дәл тиген зымыраннан тікұшақтардың бірі жарылып кетті. Үкіметің әскер бұдан кейін кері шегінуге мәжбүр болды. 

Screenshot_17.jpg

Сыртқы мүмкіндік

Сауд Арабиясының королі Халед тығырыққа тірелді. Енді сыртқы мүмкіндіктерді пайдалануға кірісті. Ол Францияның сол кездегі президенті Жискар Д'Эстенге көмектесу жөнінде өтініш жасады. 23 қарашада Сауд Арабиясына Франциядан капитан Барриль жетекшілік ететін антитеррорлық бөлімше жеткізілді.  Бірақ іске француз әскерилерінің тартылғаны қатаң құпия ұсталды. Себебі қасиетті Мекке, Медине қалаларына тек мұсылман баласы ғана аяқ баса алады, мұсылман еместерге келуге тыйым салынған. Француздар Мекке қаласынан бірнеше шақырым жердегі әскери лагерге келіп орналасты. Барриль алдымен Сауд Арабиясының басшыларынан әл-Харам мешітінің жоспарын, сонымен бірге жер асты жолдарының схемасын көрсетуді сұранады. Таңқаларлығы сол, мешіт пен жерасты жолдарының жоспары ешкімде жоқ болып шықты. Мұндай жағдайда француздар мешітке өз адамдарын жіберіп, барлау жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Алайда жоғарыдағы талап-тәртіпке сәйкес бұл ұсынысты Сауад Арабиясының билігі қабылдамауы мүмкін еді.  Алайда бұл жолы олар кеңпейілділік жасады. Кепілде отырғандардың бәрі мұсылмандар, олардың өмірін сақтап қалу үшін француздарды Мекке қаласына кіргізіп, барлау жұмыстарын жүргізуге болады деген тоқтамға келді. 

Қанша дегенмен кәсіпқой емес пе, барлаушылар бірінші күні-ақ Ұлттық гвардияның әскерилері байқамаған жәйттарды анықтады.   Терроршылар мешіттің мұнараларына өздерінің мергендерін отырғызып қойған екен. Олар жоғарыда тұрып төмендегі әскерилерді оп-оңай жер жастандырып отырған. Терроршылар кепілге алғандарды мешіттің жер асты жолдарына әкеліп қамаған. Онда терроршылармен араласып отыр. Шабуыл кезінде олардың қайсысы терроршы, қайсысы кепілге алынған азамат екенін қалай анықтайсың?  Не істеу керек? Барриль шабуыл жасап, уақытша естен тандыратын газ қолдануды ұсынды. Ендігі тек шабуыл жасайтын топты құру. Капитан тәжірибелі жігіттерді өзі іріктеді. Ал мешіт мұналарына жасырынған мергендердің әрекет етуіне кедергі келтіру үшін шабуыл кезінде оларға үздіксіз оқ атып, бас көтертпеу керек деп шешілді. Айтқандай естен тандыратын газ Франциядан әкелінді. Шабуылға шығатын жауынгерлер де естен танып қалмау үшін олар противогазбен жарақталды.

Бен Ладен

27 қарашада күтпеген жайт орын алды. Неге екені белгісіз, теорршылар кепілде отырған 6000 адамның 1000-ын босатып жіберді.  Мешіттен шыққан бойда өздеріне қарай жүгірген азаматтарды Сауд Арабиясының әскерилері көтерілісшілер деп қабылдап, оқ жаудырды. Дәл осындай жағдай бір емес екі мәрте қайталанды. Осы кезде түсініксіз жәйт орын алады. Әскерилердің біразы бұйрыққа бағынудан бас тартты. Төңкеріс болып кетуі мүмкін деген күдік күшейе түсті. 

29 қарашада капитан Барриль Сауд Арабиясының короліне өзінің жоспарын таныстырып, мақұлдауын алды. Жоспарды жүзеге асыру үшін алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Шабуылға тәжірибелі деген 90 сарбаз іріктелді. Олар үш адамнан тұратын 30 топқа бөлінді. Әр топқа офицер жетекшілік етті. Оның қасындағы екі жауынгердің бірі газ атқыш гранатамет, екіншісі радиотелефон алып жүрді. Таңертеңгі сағат онда мешітке шабуыл басталды. Бірақ тағы да күтпеген жайт орын алды. Екі жақ бір-бірімен мидай араласқан кезде кепілде отырған азаматтарды біразы терроршылардың жағына өтіп кетті. Олар қолдарына қару алып, оқ ата бастады... Ұрыс түс ауа аяқталды. 

Көтерілісшілер көп шығынға ұшырады. Олардың тек біраз бөлігі ғана тірідей қолға түсті. Ал кепілге алынғандар арасында қанша адамның өлгені туралы мәлімет жарияланған жоқ. 

         Тарихта дәл осыған ұқсас жайттар да бар. Мәселен терроршылар бірде Стамбул-Мәскеу бағытымен ұшып бара жатқан ұшақты басып алып, жолаушыларды кепілге алды. Ұшақ Медине қаласына қонуға мәжбүр болады. Ресейдің «Альфа» тобы кепілде отырғандарды құтқару үшін Сауд Арабиясынан рұқсат сұраған. Алайда олар «Медина мұсылмандардың қасиетті қаласы, кәпірлер аяқ баспауы тиіс» деген жауап берді. Іске Сауд Арабиясының спецназы кірісті. Бірақ тәжірибесі аздықтан ұшаққа шабуыл кезінде бір Ресей азаматшасы мен бір Түркия азаматы спецназдың атқан оғынан қаза тапқан болатын.

1980 жылдың 9 қаңтарында Жухейман әл-Отейби мен оның  62 шәкірті өлім жазасына кесілді.  Меккедегі 1979 жылы болған қайғылы жайтты Беслан оқиғасымен салыстыруға болады. Екіарада 25 жыл жатыр. Осы ширек ғасырда әлемде террорлық актілер көбейгенімен, оларға қарсы қолданылатын әдіс-амалдардың өзгермегенін байқауға болады.  Бірақ бәрібір де мыңдаған адамның жазықсыз өлімі әлем үшін ащы сабақ екені анық. 1979 жылы келешекте әлемнің №1 терроршысы атанатын Усама Бен Ладен Сауд Арабиясында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 22 жастағы қылшылдаған жас жігіт. Бен Ладенді неге ауыз алып отырмыз? Өйткені террорлық акті болардың алдын Қағбадағы қасиетті мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын дәл осы Бен Ладеннің құрылыс компаниясы жүргізген еді. Бірақ Меккедегі терактіге Бен Ладеннің қаншалықты қатысы болғаны белгісіз. Белгілісі дәл осы 1979 жылдың желтоқсанында Кеңес Одағы Ауғанстанға әскер кіргізді. Осыған қатты ашуланған Бен Ладен ауған моджехеттеріне барып қосылып, кәпірлерге қарсы соғысқа кірісті. Оның террористік жолы осылай басталған еді. 

Мұрағаттан: 18.09.2014


Өзбекстан ислам қозғалысы
Имам әбу ханифа – мазһаб негізін қалаушы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу