Өзбекстан ислам қозғалысы
Өзбекстан ислам қозғалысы әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстанда, Өзбекстанда, Ресейде, АҚШ-та террористтік ұйым ретінде танылып, оның жұмысына сот шешімімен тыйым салынған. Бұл ұйымның негізін қалаған адам Тахир Юлдашев есімді азамат. Ал ұйымның әскери әрекеттеріне Жұма Намангани есімді азамат жетекшілік жасаған. Екеуі де сексенінші жылдардың аяғында әскери борыштарын Ауғанстандағы Кеңес армиясының құрамында өтеген. Әлемнің ақпарат құралдары 1999 жылдан бастап Өзбекстан ислам қозғалысы туралы тереңірек жаза бастады. Өйткені тоқсаныншы жылдардың ортасында құрылған бұл ұйым Өзбекстанның ғана емес, Орта Азия елдерін қорқыныш пен үрейде ұстап, бүтіндей бір елге басып кіріп, өз талаптарын орындата алатындай қауқары бар екендігін көрсетті. Баткент оқиғасы осының жарқын мысалы бола алады.
Баткент
Баткент ауданы Қырғызстанның Ош облысына қарасты, Тәжікстанмен шекаралас жатыр. Таулы аймақ. 1999 жылдың 30 шілдесінде ауданға қаруланған, ұрыс даласында әбден тәжірибе жинақтаған содырлар басып кірді. Содырлар алғаш рет тау ішінде орналасқан «Жылысу» шипажайында байқалды. Шипажай меңгерушісінің айтуынша, 17 моджехет кешқұрым шипажайға келіп, тамақтанған, тыныққан, намаздарын оқыған, бұдан кейін белгісіз жаққа кетіп қалған. 31 шілде мен 5 тамыз аралығында содырлар аталған ауданның бірнеше елді мекендерінде бой көрсетеді. Ауыл-ауылды аралап, жергілікті халықтан тамақ сұраған, үйлеріне кіріп дем алған. Ешкімге күш қолданбаған, зорлық-зомбылық көрсетпеген. Олардың кім екендігін алдымен жергілікті құқық қорғау органдары анықтауға кіріседі, Бішкекке хабар беріледі. Ал ресми Бішкек хабарды алған бойда Ұлттық қауіпсіздік, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің лауазымды басшыларын аяғынан тік тұрғызады. Қаруланған топ кімдер, Қырғызстанда қайдан келді, не мақсатпен келді? Осыны анықтау үшін басшылар Баткентке ұшып келеді. Алғашқыда генералдар содырлармен келіссөз жүргізіп, мән-жайды білуге тырысады. 5 тамызда осы мақсатта тау ішіндегі содырлардың лагеріне 4 азаматты--Баткент ауданының әкімін, Ұлттық қауіпсіздік министрлігі аудандық бөлімінің басшысын және Қорғаныс министрлігінің екі сарбазын жібереді. Бірақ олар кері қайтпай қалады. Ұзамай содырлардың жіберген адамдарды, сонымен бірге тау ішіндегі Зардалы ауылындағы 30-ға жуық отбасын кепілге алғаны белгілі болады. Оқиға орнына дереу Бішкектен Ұлттық Қауіпсіздік министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің терроризмге қарсы әрекет ететін арнаулы жасақтары жеткізіледі. Қырғыз билігі Тәжікстанның күштік құрылымдарымен де байланысады.
Баткентке шұғыл жеткен генералдар атқаратын жұмыстардың іс-жоспарын жасауға кіріседі. Алдымен содырлар туралы ақпарат жинастырады. Арнаулы қызметкерлер содырлардың Тәжікстанмен радио арқылы байланысып отырғанын анықтайды. Осы радитолқындар арқылы алынған мәліметтерден мынандай жәйттар белгілі болады: қарулы топ Өзбекстан ислам қозғалысының мүшелері. Олардың барлығы да Баткентпен шекаралас жатқан Тәжікстанның Хаит деп аталатын елді мекендегі әскери лагерде дайындықтан өткен. Қазір сол жақтағы командирлерінің нұсқауларымен әрекет етеді. Қырғызстанға не мақсатпен келгендігі белгісіз... Кейбір ақпараттарға қарағанда Өзбекстан ислам қозғалысының мүшелері тоқсаныншы жылдардың ортасында Тәжікстандағы азаматтық соғысқа қатысып, Біріккен тәжік оппозициясының құрамында болған. Соғыста жеңіліс тапқан соң оларға командирлері Қырғызстан арқылы у-шусыз, ешкімге соқтығыспастан Өзбекстанға өтуді тапсырған. Алайда содырлар бұл тапсырманы ойдағыдай орындамаған. Олар Қырғызстанда бекініп, бүкіл дүниені дүр сілкіндіретін террорлық әрекеттер жасауды дұрыс көрген көрінеді.
Терроршылардың тұтқынына алынған Зардалы ауылы аудан орталығынан 170 шақырым қашықтықта жатыр. Қырғызстанның күштік құрылымдарының басшылары мәселені әлі де болса бейбіт жолмен шешуге болады деген тоқтамға келеді. Содырлардың лагеріне министрлер мен жергілікті ақсақалдарынан тұратын топ жіберіледі. Келіссөзшілер бұл жолы кепілден үш азаматты алып шыққан. Бірақ терроршылар аудан әкімі мен Ұлттық қауіпсіздік министрлігі Баткент аудандық бөлімінің бастығын босатпаған. Содырлар оларды тек 13 тамызда қоя берген. Кейіннен белгілі болғандай қырғыз өкіметі екі азаматты 50 мың АҚШ долларына және азық-түлікке сатып алған. Осы дерек ақпарат құралдарында жарияланысымен жұрт арасында қырғыз күштік құрылымдарының дәрменсіздігі туралы әңгіме гу ете қалады. Ақшаны алған содырлар үш апта бойы кепіле ұстап отырған Зардалы ауылын тастап, Тәжікстанға шегінеді. Қырғыз әскерилері олардың соңына түсіп, әуеден соққы береді. Содырлар осыменен ізім-қайым жоғалады.
Екінші шабуыл
Қырғыз өкіметі Тәжікстанмен арадағы шекара нашар күзетілетін. Тау ішіндегі шатқалдар мен асуларды толық бақылауда ұстауға мүмкіндік болмады. Яғни содырлар кез-келген уақытта қайта келуі мүмкін. Қырғыз өкіметі осы жайтты талқылап жатқан кезде 22 тамызда мұздай қаруланған террористтер қайта оралып, Баткент ауданының Хожа-Ачкан және Зардалы ауылын екінші мәрте басып алады. Бұл жолы енді олар белсенді әрекетке көшеді.
23 тамызда түн ішінде содырлар Алтын Жайлау деп аталатын жерде алтын кенін барлау жұмыстарымен айналысып жүрген 4 жапон геологы және бір қырғыз аудармашысы қоныстанған лагерге басып кіріп, оларды кепілге алады. Содырлар күтпеген олжаға кезігеді. Бұл кезде лагерде геологтармен бірге Қырғызстан ішкі әскерінің бас қолбасшысы генерал А.Шамкеев жүргізушісімен және байланысшысымен бар болатын. Генерал лагерге ғарыштық байланыс қызметін пайдалану мақсатында келген. Күптеген жерден басып кірген терроршыларға қарсылық көрсеткен байланысшы сержант Р.Юнусов атып өлтіріледі. Ал, жүргізуші қашып үлгереді. Бандиттер лагерді жарып, кепілге алыныған азаматтарды, соның ішінде генералды өздерімен алып кетеді. Бұл оқиға қырғыз өкіметін қайтадан аяғынан тұрғызды. Баткентке арнаулы жасақтар жеткізілді.
Қығызстанға екінші рет келген терроршылардың ұзын-саны 200 екендігі, оларға Өзбекстан ислам қозғалысының қолбасшысы Жұма Наманганидің өзі жетекшілік ететіні анықталады. Олар Баткент ауданына қарасты 4 елді мекенді басып алып, 300-жуық азаматты кепілге алған. Елді мекендердің арасын жалғайтын көпірлерді қиратқан. Ауылда басып алу кезінде ауыл әкімінің орынбасары М.Тайлақов қаза тапқан, екі азамат жаралаған. Терроршылармен тіл табысып, ыңғайына көнуге болмайды. Олардың тек көзін жою қажет. Генералдар енді осындай шешімге келеді.
Тамыздың 23-ін 24-іне қараған түні Алтын Жылғада содырлар мен Қырғызстанның ішкі әскері арасында кескілескен ұрыс болды. Төрт сағаттық соғыста қырғыз жағынан бір әскери жараланады. Шегініп кеткен содырлар өлгендері мен жараланғандарын өздерімен бірге ала кетеді. Келесі түні Бок –Баши деп аталатын асуда атыс болады. Оқиға орнына жеткен қосымша көмек осы жерде шекара күзетінде тұрған тоғыз адамнан тұратын милиция батальонынының жоғалып кеткенін анықтайды. Милиционерлердің не өздері жоқ, не өлігі жоқ. Кейіннен белгілі болғандай, олардың барлығын және мұнымен қоса жергілікті төрт азаматты бандиттер кепілге алып, өздерімен алып кеткен. Баткенттегі жағдай күрделене түсті. 24 тамызда президент Асқар Ақаев Қорғаныс министрі Субановты қызметінен алды. Жаңа министр болып елдің Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы генерал Топоев тағындалады. Бандиттердің көзін жою Ұлттық гвардияның бас қолбасшысы генерал Чотбаевқа тапсырылды. Президент елде жартылай мобилизация жасады. Әскери комиссариаттар Ауған жеріндегі ұрысқа қатысқан запастағы офицерлерді шақыра бастады. Сонымен бірге ұрысқа өз еріктерімен қатысқысы келетін спортшылар, аңшылар, альпинистер іздестірілді. Еріктілер өте көп болды. Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасының берген мәліметіне қарағанда үш күн ішінде ұрысқа қатысуға 1150 адам өтініш берген. Сонымен бірге шым-шытырық киноларға түсіп жүрген 50 каскадер-жігіт өз көмектерін ұсынған. Президент Ош облысындағы жағдай бойынша халықа үндеу арнап, кепілге алынған азаматтарды құтқару үшін қолдан келген шараның бәрін жасауға уәде етті, осындай қиын сәтте Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің қолдау білдіргенін мәлімдеді. Аталған елдердің Ұлттық қауіпсізідк қызметінің басшылары Қырғызстанға кез-келген әскери көмек беруге әзір екендіктерін білдірді. Ош қаласында Сыртқы істер министрлері мен Қауіпсіздік қызметінің басшылары баc қосып, терроршылардың көзін жоюдың жоспарын бірге талқылады. Әсіресе, Өзбекстан билігі бірден белсенді әрекетке көшті. Өйткені содырлардың негізгі мақсаты Өзбекстанға өту, осында жарылыстар, қарулы қақтығыстар жасау, олар мұндай әрекетті 1 қыркүйекте--Өзбекстанның Тәуелсіздік күнінде ұйымдастыруы мүмкін деген болжам болды. Сақтық шаралары үшін Өзбекстан 25 тамыз бен 3 қыркүйек арылығында барлық шекараларын жапты. Шекара бекеттері арқылы тек реистік автобустар ғана өткізілді. Жолаушылардың барлығы қатаң тексерілді.
Террористтермен соғыстан бөлек ақпараттық соғыс та қызып сала берді. 23-24 тамызда Ресейдің РТР арнасы Тәжікстаннан Қырғызстанға өткен содырлардың талқандалған Бірікен тәжік оппозициясына ешқандай қатысы жоқ, олар Каримов режиміне қарсы көтерілген Жұма Намангани басқаратын өзбек оппозициясы деген хабар таратты. Неге екені белгісіз, Ресей арналарына сұхбат берген Тәжікстанның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы З.Саидов пен президенттің баспасөз хатшысы А.Азимов та осылай деп мәлімдеді. Жұрт Баткентте не болып жатқанын түсіне алмай абдырап қалды. Алайда Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, Баткенттегі содырлардың Өзбекстаннан шыққан бандиттер екендігін, олардың соңғы бес жылда тәжік оппозициясының құрамында соғысқанын алға тартты. Әйтеуір, Тәжікстан да, Өзбекстан да Баткенттегі содырларды оппозиция деп таныған жоқ, оларды тек терроршылар, бандиттер деп атады. Ұрысқа қызу кіріскен Өзбекстан тау ішіндегі терроршылардың лагерлеріне әуеден соққы бере бастады. Бірақ осындай соққылардың бірі өте аянышты аяқталды...
Жалғасы бар...