Музыка тыңдау, ән шырқау шариғатқа қарсы ма?

Oinet.kz 18-09-2014 3225

Бұл күнде әр нәрсеге күдікпен қарайтын болдық қой. Ғылым мен өркениет өскен сайын ғаламда ақпараттардың да санында шек болмай барады. Шексіз ақпараттардың әсері ме екен, көз көріп, құлақ естіп үйренген іс-әрекеттерді дұрыс емес, пәленше кезінде былай депті деген  білгіштер қаптап кетті. Тіпті, салт-дәстүрімізді ислам дініне қайшы келтірген теріс пікірлер де жиі айтылып жүр. Екінің бірі қонақ бола алатын өрмекшінің торындай болған әлеуметтік желілерде соңғы кездері «музыка тыңдауға, ән салуға болмайды екен, дінімізде бұған тыйым салынған» деген секілді пікірлердің құлағы қылтия бастады.  Жайлаудан жайлауға көшіп жүрген ата-бабаларымыз өмірлерін әнмен әрлеп, күймен өрнектемеді ме осы? Мұндайда музыкамен айналысу, оны тыңдау харам болса бес уақыт намазын қаза қылмаған ежелгі қазакемдер неге сол кезде ән-жырдан баз кешіп кетпеді екен деген сұрақтың туындауы әрине заңды. Қай елдің тыныс тіршілігін алып қарасаңыз да халықты ән-жырсыз   елестету мүмкін емес. Сол секілді қазақ халқы да бағзыдан музыкаға жақын болған. Ұлттық аспабымыз домбыраның шанағынан халықтың қуанышы, мұңы, зары төгілді емес пе? Қазақ жоңғардың қалың қолынан қырылғанда  «Елім-ай» деп ән арқылы шерін тарқатты, ұшқан ұясын қимаған қыз «сыңсу» айтты, ақ жаулықты анамыз «бесік жырымен» ақ бөпесін ұйықтатты.

Screenshot_9.jpg

«...Әннің де естісі бар, есері бар,  тыңдаушының құлағын кесері бар» деп кемеңгер Абай айтпақшы, әннің де, әуеннің де жағымды-жағымсызы болмай ма? Егер музыка адамның жақсы сезімдерін жетілдіріп, рухын сергітіп, шаршаған жүйкелерін тынықтырып, көңілін тыншытатын болса, ондай музыканы харам деуге бола ма? Ата-бабаларымыздан қалған, қазіргі айтылып жүрген ән-жырларды тыңдау, шырқау шынымен де харам болып саналады ма, әлде бұл адасушылықтан, қателіктен туған пікір ме? Бұл мәселеге өзгелер нендей ой қосар екен?

Алтынай Жорабаева, әнші:

«Ән де адамды жақсылыққа жетелейді»

- Кезінде «музыка тыңдау харам»  деп  Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі айтқан екен. Бір күні пайғамбарымыз (с.а.у)  әуенге елітіп, тынығып отырған кезде сахабалары «Сіз музыка тыңдау харам деп айтқан едіңіз. Алайда өзіңіздің тыңдап отырғаныңыз қалай?» деп сұраған екен. Сонда пайғамбарымыз «егер  нәпсіңді қоздыратын музыка болса ол харам болып саналады, ал көңіліңе жағатын әуенді тыңдауға рұқсат» деген екен. Ел арасында пайғамбарымыздың қыз айттыру секілді той-думандарда «пәленше деген әншіні алдыртпадыңдар ма, көңілдеріңді көтеріп жүретін еді»  деген сөздері және ол Мединеге Меккеден оралғанда халық әнмен қарсы алғандығы жайлы әңгімелер бар. Яғни музыка атаулыға бірдей топырақ шашып харам демес бұрын оны ажыратып алу керек.  Адамды жақсылыққа жетелейтін ән болса оны шырқағанда, тыңдағанда тұрған ештеңе жоқ. Мәселен мен ел алдында  «Қазақстаным алға»  деген әнімді шырқаған кезде халықтың патриоттық сезімі оянып, елге, жерге деген сүйіспеншіліктері артады. Яғни бұл жерде шариғаттың шеңберінен асып жатқан дүние жоқ. Алла сақтасын қазақ әншілерін тыңдап жүрген тыңдармандардың ешқайсысы жаман жолға түсіп, ерсі қылықтар жасап жүрген жоқ. Мен батыстың рок әуенін, сондай-ақ сөздері тым ашық айтылған әндерін харамға жатқызар едім.  Өкінішке қарай  біздің  ақ пен қараны білмей жатып кесіп, пішіп қоятын жаман әдетіміз бар. Оның үстіне өзгелердің дәстүрін, мәдениетін өзімізге әкеліп тықпалай береміз, еліктеушілігіміз тағы бар. Осындай қараңғылықтан бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрыптарымызды теріске шығарып жатырмыз. Қазір тіпті,  «дәретсіз тамақ істейсің, сенің қолыңнан жасаған тамақты ішпеймін» деп аналарына қарсы шығып жақтан перзенттер де бар.  Бұл енді нағыз адасушылық, шектен шыққандық,  діни фанатизм деуге болады. Басқа жолға бұрылып кеткен мұндай азаматтарға ұрысудың қажеті жоқ. Тек іс-әрекетпен, дәлелмен олардың ұстанған бағыттарының дұрыс еместігіне көздерін жеткізу қажет. Сол секілді музыка тыңдауға болмайды деген сөздер  теріс діни ағымның  жетегінде кеткен азаматтардың қате пікірі деп ойлаймын.   Біздің салтымыздың ешқайсысы шариғат шеңберінен шықпаған. Керісінше әлем елдері қазақ мәдениетінен, салт-дәстүрімізден үлгі алулары қажет деп ойлаймын.  

Бауыржан Исаев, әнші:

«Хадисте «музыкаға қатысты  харам» деп айтылған»

- Өзімізде өнер жолында жүрген соң осы сұраққа менде үңіліп көргенмін. Қазақ халқының тарихында ән-жырлар ерте кезден-ақ дамыған. Күміс көмей әншілеріміз, домбыраның құлағында ойнаған атақты күйшілеріміз болған.  Біз де осы  ата-бабамыздың жолымен келе жатқан ұрпақпыз.   Бірақ негізі хадисте  музыкаға қатысты харам деген секілді пікірлер айтылған. Зерттеуші ғалымдардың бір бөлігі бұл пікірге  келіссе, енді бірі келіспейді. Алайда менің білуімше хадисте «музыка харам»  деп  нақты айтылған. 

Қасымхан Бегманов, ақын:

«Өзгелер рухымызды сындырғысы келеді»

- Қазақтың бүгінгі қасіреті қаптаған діни секталар мен ағымдар болды ғой. Өзгені қойып, енді музыкаға «тиіскен» ағымдардың өкілдері біздің дінімізді   бұрмалап, тұмшалап жатыр. Мен олардың айтқан бірде-бір пікіріне қосыла алмаймын. Музыка ол халықтың жүрегі. Қазақта кезінде небір даңқы жер шарын шарлаған әншілеріміз, өнерпаздарымыз  болған.  Париждің төрінде бір емес екі рет ән салған Әміре Қашаубаевтің өнеріне сол кезде  тамсанбаған  ел қалмады. Ешбір  ұлтта кездеспейтін қазақ күйлерінің қай-қайсысын алып қарасаңыз да мақтануға тұрарлықтай. Осындай таланттыларымыз бен өнерімізді харам деп қалай айта аламыз? Аспаннан жер бетіне түскен төрт кітаптың бірі Құран Кәрімде «музыкаға тыңдауға, оны шырқауға тыйым салынады, болмайды» деген сөздер жазылмаған. Мен Пайғамбарымыздың хадистерін қазақша аудармадағы нұсқасын елімізде алғаш болып баспаға басып, кітап етіп шығарған адамдардың бірімін. Сондықтан мұндай қайшылықтарды көзім шалмапты. Талантты адамға сен ән шырқама деп айту, хадисте де, заңымызда да жоқ.  Мұның барлығы біздің рухымызды сындыру үшін айтылып жүрген әңгімелер. 

Бізге ең алдымен еліміздегі астыртын насихат жүргізіп жүрген діни ағымдарды жойып, реттеу қажет. Сонда ғана әркім өзінше заң шығарып, жұртты жаңылдырмас еді. 

Ержан Ыдырысов, «Тараз» триосының мүшесі:

«Дінді кіріктіріп, музыканы жоюға болмайды»

- Қандай ән болса да ішінде анайы сөздері болмаса харам деп есептеуге болмайды. Харам мен халалды ажырата аламғандар тіпті, музыкалық аспаптарда ойнау күнә деп айтқан кездері де болды. Мәселен домбыра, сырнайда ойнауға болмайды, тек дауылпазды ғана қолдануға рұқсат екен деген секілді көңілге қонымсыз  әңгімелдердің де ұшы шыққан. Мен мұндай пікірлерге қосыла алмаймын. Себебі адамның бойына дарынды, өнерді Алланың өзі береді. Менің музыкалық білімім жоқ,  бірақ Алланың  берген дарыны бар.   Үш жасымда қолыма сырнай алып, тартқан екенмін. Мұның бәрін Құдай  адамға тектен текке  сыйлап отырған жоқ. Ол дарын иесі ертеңгі күні өнерін халыққа паш етсін деген ниетпен береді.  Талантты болса, қолдан келіп тұрса ол неге ән шырқамауы керек, адамның жүрегіне жақын болса музыканы неге тыңдамасқа?  Сондықтан дінді кіріктіріп  музыканы жоюға болмайды.

Біздің топтағы Берік Қалиевті де арамыздан кеткенде «дінге беріліп кетті, енді ән салмайды екен» деген сыбыс әңгімелер тараған. Берік намазын қаза қылмайтын жігіт. Сондықтан арақ, шарап қойылған жерде ән сала алмаймын деген себеппен ғана өзара келісіммен кетті. Қазір өзі жеке әнші ретінде шығармашылығын жалғап жүр. Халал тойларда ән салып, асаба болып та жүр. Өнерден қол үзген жоқ. 

Амантай Сәдиев, «Қаттани» мешітінің наиб имамы:

«Әннің мазмұнына назар аудару керек»

- Уахабизм дінін ұстанатындар осы мәселеге келгенде түбегейлі музыканы харам деп қабылдайды.  Ал біздің ұстанып отырған Әбу-Ханифа бағытында бұны таразыға салып қарастырған.  Пайғамбарымыздың хадисінде «музыка сендерге харам»  деп айтылған.  Бірақ мұның екі жағы бар. Біріншісі әннің  мазмұнында Аллаға тіл тигізетін, мемлекетке, ұлтқа деген жек көрініштілік байқалса, адамгершілікке нұқсан келтіретін сөздер болса харам болып саналады, мұндай әндерді айту да, тыңдау да күнәға жатады,  ал керісінше ән Отанды, ата-ананы құрметтеуге, бауырмалдылыққа, достыққа шақырып тұрса халалға жатады.  Оның ішінде осы күнге дейін қазақ әндерінің ішінде теріс мағынадағы, адамды жамандыққа жетелейтінін көрмедім. Қазақтың терме, дастандары ұлтымыздың жауһары. Қай-қайсысын алып қарасаңыз да әннің астарында тәрбие, өнеге жатыр. 

«Хизб-ут-тахрир»—Ібілістің партиясы
Өзбекстан ислам қозғалысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу