«Хизб-ут-тахрир»—Ібілістің партиясы

Oinet.kz 15-04-2019 1523

    Screenshot_10.jpg

  Былтыр Алматы қаласы Алмалы аудандық соты «Хиз-ут-тахрир» ұйына мүше болып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін идеяларды таратқаны үшін бірнеше азаматты әртүрлі мерзімге жазаға кесті. Алматы қалалық сотының таратқан мәліметіне қарағанда 2013 жылдың қазан айында полицияға екі азамат арызданып келген. Олар Алматының «Думан» шағын ауданында өзін «Абдулла» деп таныстырған 30-35 жас шамасындағы ер адамның «Ислам жолы» және «Қатерлі түсініктер» атты брошюраларды таратқанын, олардың әрекеттерінен күдіктенетінін айтқан. Алдын ала жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесінде Абдулла деген азаматтың Қазақстан азаматы екендігі және оның таратқан кітапшалары «Хизб-ут-тахрир-әл-Ислами» діни-саяси партиясының идеологиясын ашық насихаттайтыны анықталады. Кейін оның Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан үйіне жүргізілген тінту барысында діни сипаттағы кітаптар тәркіленеді. Сараптама кітаптарда ұлттық, діни араздық пен алауыздықты, діни-саяси экстремизмді, терроризмді насихаттау және терроризм, экстремизм актісін жасауға шақыру белгілері бар деген қорытынды берді. 

Аталған топ Алматы облысында біраз уақыт бері қызмет етіп келген екен. Олардың алғашқы басшысы ұсталып, сотталып кетеді. Бірақ бұдан тахрирлықтар тайсалмаған. Жоғарыда «Абулла» деген лақап атты иемденген азамат  «Минтаха масул» деген лауазымды алып,  «Хизб-ут-тахрир-әл-Ислами» діни-экстремистік партиясының қызметін ұйымдастыру мақсатында, партия мүшелерінің басын қосу және мүшелікке жаңа адамдар тарту, құпия жиындар өткізіп, діни экстремизмді, терроризмді, жалпы ұйымның деструктивті идеологиясын насихаттауға бел шеше кіріседі. Құпия жиындар Алматы қаласының «Қеңсай» саяжайы аумағында орналасқан жеке үйлерде жүргізіледі. Онда «Мұсылман-Бауырлар Ассоциациясының» ұстанымына негізделген «Хизб-ут-тахрир» діни экстремистік партиясының идеологиясы ашық насихатталған. Шариғатқа негізделген Ислам мемлекеті – Халифат құруға шақырған...Сот үкімімен ұйымға мүше болған 5 жігіт Қылмыстық кодекстің 164-бабының 2-бөлімімен, 170-бабының 1-бөлімі, 337-1-тармағының 1-бөлімі, 233-1-бабының 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылып, 6 жылдан 7,5 жыл мерзімінде бас бостандығынан айырылды. 

Қазақстанда, «Хизб-ут-тахрир» ұйымы экстремистік деп танылып, Астана қалалық сотының 2005 жылғы 28 наурыздағы заңды күшіне енген шешімімен тыйым салынған. Мұндай шешімді  Орта Азия елдерінің соттары да шығарған. Ал Ресейде «Хизб-ут-тахрир» террористік ұйым ретінде танылған. 

«Хизб-ут-тахрир әл-Ислами».  Ұйымның толық атауы осылай аталады. Қазақ тілінде «Азат ету» немесе «Азаттық партиясы» деген мағынаны береді. Алайда ол біздің түсінігіміздегі саяси партия емес. Басты мақсаты мұсылман халифатын құру. Партияның құрған жоспары бойынша халифат Азия немесе Таяу Шығыс елдерінің бірінде құрылуы тиіс. Біртұтас мұсылман мемлекетіне өзге елдерді қосып алумен бұдан кейін халифат өзі айналысады. 

Ресми мәліметтер бойынша «Хизб-ут-тахрир» партиясын 1953 жылы атышулы «Мұсылман бауырлар» ұйымынан бөлініп шыққан палестиналық Такиуддин ан-Набхани деген азамат құрған.  Ан-Набхани уақтысында Гитлермен тікелей кездесіп, фашистердің қатарына мұсылман отрядттарын қосқан Иерусалимнің муфтиі әл-Хусейниге жақын адамдардың бірі болған көрінеді. 1948 жылы араб-израйль соғысынан кейін Ан-Набхани Палестинадан кетеді. Осы кезден бастап ол басқыншыларға қарсы күресу үшін мұсылман әлемі халифатқа бірігуі тиіс деген өзінің идеясын кеңінен насихаттай бастаған. Ан-Набхани 1977 жылы қайтыс болып, оның орнына Әбдулқадим Заллум деген азамат отырады. Оның тұсында партия өзінің идеясын Батыс Еуропа мен Орта Азия елдеріне кеңінен таратты. Партияның 2003 жылдан бергі көсемі, дәлірегі  әмірі Ата Ибн Халиль Әбу Рашта. Бұл азамат туралы мәліметтер өте сараң. Фотосуреті еш жерде жарияланбайды. Әбу Раштаның өмірде бар екендігіне күмәнданатындар да көп. «Бар болған күннің өзінде ол батыстың арнаулы органдарының адамы болуы мүмкін. Атышулы «әл-Қаида» батыстың өнімі екендігі жасырын емес. «Хизб-ут-тахрир» да батыстың құрған ұйымы екендігі аңғырылады. Батыс елдері баяғыдан-ақ мұсылмандар арасында жік салуды, сол арқылы оларды әлсіретуді көксеп келеді. «Хиз-ут-Тахрир» осы мақсатты жүзеге асыру үшін қолданылатын құрал ғана» дейді зерттеушілер. Бұл сөздің де жаны бар ма дейсің. Өйткені Батыс Еуропада «Хизб-ут-тахрир» ұйымының жұмысына Германиядан басқа мемлекеттердің бәрінде рұқсат етілген. Әсіресе Ұлыбританияның тахрирлықтарға деген ықыласы ерекше. Кейбір мәліметтерге қарағанда бұл ұйымды ағылшын өкіметі астыртын қаржыландырып отырады. Партияның ұйымдары сондай-ақ АҚШ пен Австралияда да бар. 

Кеңес өкіметі тарағаннан кейін «Хизб-ут-тахрир» ұйымы ТМД елдерінде бой көрсете бастады. 1998 жылы Өзбекстан посткеңестік елдердің ішінде алғаш тахрирлықтарға қарсы қылмыстық істер қозғап, ұйымға мүше болғандарды соттай бастады. 1999 жылы Ташкенттегі терактіден кейін ұйымға мүше болған азаматтар жаппай қудалауға ұшырады. 1990 жылдан бастап «Хизб-ут-тахрир» ұйымы Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономдық аудандарында да әрекет ете бастады. Қытай құқық қорғау органдары оларға қылмыстық мақсатта құрылған бандалық топ деген анықтама берген. Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Го Шэнуннің мәлімдеуінше аталған ұйым Қытайда есірткі тасымалын бақылауларына алып, заңсыз кәсіптен үлкен пайда тауып отыратын. 

«Хизб-ут-тахрир» Ібілістің партиясы». Ресейдің кейбір зерттеушілері уақтысында «Хиз-ут-Тахрир» партиясын осылай деп атады. Ұйым алдын ала жасалған, әбден сыннан өткен жоспар бойынша әрекет етеді.  Мушриф, яғни ұстаз өзінің 5-6 адамнан тұратын астыртын тобын (халка) құрады. Бұдан кейін жоғарыдан берілген нұсқауды орындайды. Ал бұл қандай нұсқау?

  Өзбекстан құқық қорғау органдарының жариялаған деректеріне қарағанда тахрирлықтар халифат құрғанға дейін саяси, үгіт-насихат жұмыстарын әуелі жасырын түрде, әскери күш қолданусыз жүргізеді. Қатарларына мейілінше аңқау, сенгіш адамдарды тартады. Өз мүшелерінен сөзсіз бағынуды талап етеді. Мемлекеттің әскери күш-қуатын, құқық қорғау органдарының жұмысын астыртын зерттейді. Шиеленісіп тұрған әлеуметтік проблемаларды іздеп табады. Бұдан кейін елде төңкеріс жасаудың жолдарын қарастырады. Әскери күшті де осыдан кейін қолданады. Ал халифат құрылған соң елдегі барлық азаматтарға ислам дінін қабылдауды талап етеді. Бұған мойынұсынбағандарды өлтіріп тастайды немесе құлға айналдырады. Шет елдермен байланысты мүлдем үзіп, мемлекетті тек шариғат заңдарымен басқарады. 

Кентау кездейсоқ таңдалған жоқ

Қазақстанда «Хизб-ут-тахрир» ұйымының астыртын әрекеттері 1998 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында кездесе бастады. Тахрирлықтар әдеттегі тәжірибесіне сай ел арасында өздерінің үнпарақтарын таратты. Парақшада олар жастарды жанкештілікке шақырды. Өзін-өзін жаруды ақтап, мұндай қадамға барған адам жұмаққа барады деп сендірді. 

Кейбір мәліметтерге қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысында бұл ұйымды алғаш құрған кентаулық жігіт. Ол бұл «ілімді» Өзбекстаннан алып келгені анықталған. Өйткені ұзақ уақыт Ташкент қаласында тұрған, осындағы тахрирлықтардың құрған ұйымына мүше болған. Кейіннен ұйымның Кентау қаласындағы өкілдігін құрып, оған жетекшілік еткен. Мамандар «Хизб-ут-тахрир» ұйымының алғаш рет Кентау қаласында құрылуы кездесейсоқ емес дейді. Себебі тоқсаныншы жылдардың ортасы мен аяғында шахталар жабылып, жұмыссыздық белең алды. Ал өздерінің белсенділігін әлеуметтік проблемалардың аясында күшейтіп алу тек тахрирлықтарға ғана емес жалпы радикалдық діни ұйымдарға тән тәжірибе. 2000 жылы кентаулық азамат ұсталып, сот үкімімен18 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ мұнымен тахрирлықтардың салған лаңы тоқтаған жоқ. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымының идеясын насихаттап жүрген 30-45 жас аралығындағы жергілікті 4 азамат ұсталды. 2000 жылдардан бергі аралықта Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымға мүше болған, оның идеясын таратқан талай азамат ұсталып, сотталды, олардан экстремисттік мақсатта жазылған діни әдебиеттер тәркіленді, тіпті баспаханалары да табылды. 

Пәтуа

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Хизб-ут-тахрир» партиясына қатысты шығарған пәтуасында былай дейді:

«Тіпті араб елдерінің өзі «Хизб -ут-тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын құптамайды. Өкінішке қарай, кейбір жастарымыз мәселенің мән-жайына бармай теріс уағызға көзсіз көбелектей ілесіп, олардың қатарына қосылып қалғанын аңғармай жүр. Қазақстан халқының көпшілігі мұсылмандар (70 пайыз) екеніне қарамастан олар жұртымызды «кәпірлер елі» деп атайды.

Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) халифат туралы: «Мен дүниеден өткеннен кейін халифат 30 жылға созылады, содан соң әмірлік пен патшалық басталады»,-деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам мемлекеті мен билікті немесе халифат кұру туралы емес, тек бір Аллаға иман келтіріп, шариғат заңдарын сақтау қажеттігін айтты. Мұнан көрініп тұрғанындай «Хизб-ут-тахрир» партиясының мақсаты Исламға кереғар, бұл ұйым қандай жолмен болса да саяси билікке жетуді көздейді. Баршаға белгілі Ислам діні бір Аллаға сенуге және ынтымақ пен бірлікке шақырады. Құран Кәрімде: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап айырылмандар»,-деген (Әли Имран сүресі, 103-аят).

Мұсылман бауырлар!

Біз сіздерді «Хизб-ут-тахрир» партиясының үгітіне құлақ аспауға, соңынан ермеуге шақырамыз:

1. «Хизб-ут-тахрир» партиясының қызметі Ислам қағидалары мен ұстанымдарына сәйкеспейді. Ол мұсылмандар арасына жік салу үшін арнайы қүрылған партия;

2. «Хизб-ут-тахрир» партиясының үгіт-насихаттық әдебиеті (кітапшалар, парақшалар) исламдық ілімге қайшы, кертартпа болуы себепті пайдаланылмасын;

3. Барлық мешіттің иамамдары еліміз түрғындары арасында «Хизб-ут-тахрир» партиясы насихатының мұсылмандар үшін жат екендігі туралы түсінік жұмыстарын үнемі үзбей жүргізсін;

4. Әрбір имам мешіт жамағатымен бірлесе отырып мұсылмандар арасында «Хизб-ут-тахрир» партиясы үгітінің таралуына жол бермесін;

Алла Тағала баршамызды өзінің хақ жолына салғай! Түрлі бәле-жала, қауіп-қатер, кесапаттан, ақырзаман пітнәсынан сақтағай. Халқымыздың ынтымағы мен бірлігі артып, еліміз күннен күнге гүлдене бергей! Әмин!»


11 қыркүйек оқиғасы. Әлемді дүр сілкіндірген теракт
Музыка тыңдау, ән шырқау шариғатқа қарсы ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу