11 қыркүйек оқиғасы. Әлемді дүр сілкіндірген теракт
Терроризм бұл өзекті мәселе ретінде ХІХ ғасырдың аяқ жағында Ресейде пайда болды. Терроризмге қарсы күрес тақырыбы жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдардан бастап жиірек жазыла басталды. Ал терроризмге қарсы соғыстың түңлігі жиырма бірінші ғасырда түрілді. Әлемде соңғы 50 жылда көптеген қанқұйлы террорлық актілер жасалды. Терроризм оты әлемдік державалардың бәрін шарпыды. Онымен бетпе-бет келмеген елді табу қиын. Оның ішінде Қазақстан да соңғы 10 жылдың көлемінде бірнеше террорлық жарылыстарды бастан өткерді.
Көптеген сарапшылар 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған террорлық әрекеттерді 1941 жылы 7 желтоқсанда Жапонияның Перл Харбордағы әскери базасына тұтқиылдан жасаған шабуылымен теңестіреді. Иә, бұл екі оқиғаның бір-біріне қатты ұқсастығы бар.
1941 жылы Еуропада Екінші Дүниежүзілік соғыс қызып тұрған кезде АҚШ президенті Рузвельт Ұлыбританияның премьер-министрі Черчилге жазған хатында: «Мен ешқашан да соғыс жарияламаймын, мен оны кенеттен бастап жіберуім мүмкін. Егер мен Конгресске соғыс жариялау туралы мәселе қойсам, онда бұл жөніндегі пікірталас пен талықлау кем дегенде үш айға дейін созылып кетуі мүмкін» деген екен. Перл Харборға әуеден жасалған шабуыл кезінде АҚШ-тың әуе-теңіз флоты өте қатты соққы алды. Көптеген әуе, теңіз кемелері жойылып кетті. 2,5 мыңға жуық АҚШ солдаты мерт болды, мыңнан астамы жарақат алды. Перл Харборға жасалған шабуыл АҚШ-тың Екінші Дүниежүзілік соғысқа кіруін тездетті. АҚШ Жапонияға сол күні-ақ соғыс жариялады. Еуропадағы соғысқа араласпай, томаға-тұйық саясатты жақтаушылардың сол күні-ақ ұнжырғасы түсті. Бейбітшіліксүйігіш елдің пікірі күрт өзгерді. 8 желтоқсанда президент Франклин Рузвельт Конгресстің біріккен палаталарының мәжілісінде «дәл 7 желтоқсандағыдай масқара мен қорлықты АҚШ ешқашан көрген емес» деп батырып-батырып айтып жібергені сол, Конгресс биліктің соғысқа қатысты барлық талаптарына келісімін берді де жіберді...
2001 жылдың 11 қыркүйегінде таңертең АҚШ-тың жолаушы тасымалдаумен айналысатын 4 «Боинг» ұшағының бортын 19 терроршы басып алды. Жанкешті-ұшқыштар ұшақтың басқаруын өз қолдарына алып, Нью-Иорк пен Вашингтонға бет алған. Екі «Боинг» Бүкіләлемдік сауда орталығына, бір-бірінен аумайтын егіз ғимараттарға барып соқтығысты. «Егіздер» лезде отқа оранып, артынан күл-талқаны шығып қирады. Үшінші «Боинг» Пентагонға барып құлады. Ал, төртінші «Боингтің» жолаушылары жанкештілермен жанталаса қарсыласқан. Діттеген жеріне жете алмаған ол Пенсильвания штатының аумағында түк қалмай өртеніп кетті. Осы террорлық актінің салдарынан 2749 адамның өмірі қиылды (қаза тапқандардың ішінде бір Қазақстан азаматшасы да бар). АҚШ-қа қарсы жасалған шабуылды Усама бен Ладен жетекшілік жасайтын «Аль-Каида»халықаралық террористік ұйымы алдын ала жоспарлағаны жайлы жан-жақты ақпараттар тарады. Осы уақытқа дейін 11 қыркүйектегі оқиғаға қатысты түсініксіз жайттар көп. Бүкіләлемдік сауда үйі ұшақтардың соқтығысынан тып-типыл болып қирап қалды дегенге ғалымдар, құрылыс саласының мамандары әлі күнге күмәнмен қарайды. «Егіздердің» қирау себебінің ресми анықтамасына қарағанда, авиаотынның жануы әсерінен ғимаратты ұстап тұрған болат бағаналар еріп кеткен. Бірақ 200 тонна болат бір ұшақтың багіндегі авиаотыннан балқып кетті деген мамандар мүлде сенбейді. Ғалымдар қазір жарылыс кезінде шыққан қызудың мөлшері бар-жоғы 360 градусты құрағанын есептеп отыр. Ал, болат дегеніңіз балауыз емес, ол 1538 градуста ериді. Ұшақ бортын жаулап алған терроршылар тәжірибелі ұшқыштардың қолынан келе бермейтін маневрларды жасаған. «Егіздер» ғимаратына барып соқтығысу тәжірибелі ұшқыштың да қолынан келе бермеуі мүмкін. Мұндай тәжірибені 19 жанкештінің терроршылардың лагерінде үйренуі мүмкін еместігін тілге тиек етушілер көп. Пентагонға соққы берген ұшақ мүлдем жұмбақ. Аталған ғимараттың биіктігі 24 метр, ал, ұшақтың биіктігі 13 метрді құрайды. Заңдылыққа салсақ, әуеден келген «Боинг» Пентагонның дәл төбесіне барып құлауы тиіс еді. Бірақ ол неге екені белгісіз, жер бауырлап келгендей екінші және үшінші қабаттарға барып соқтығысқан. Салмағы 115 тоналық, сағатына 700 шақырымдық жылдамдықпен келген ұшақтың ғимаратқа айтарлықтай зақым келтіре алмағаны да түсініксіз. Пентагонның бар-жоғы бір қабырғасы ғана ойылып қалған. Ал, ұшақтың өзі қағаз қиқымдарындай шашылып кеткені соншалықты оның «Бойнг» екеніне сену қиын (кейбір сарапшылардың пікірінше, Пентагонға соққы ұшақпен емес, зымыран арқылы берілген көрінеді). Тағы бір таңданарлығы, Пентагон қызметкерлері апаттың боларын алдын ала білген. Ұшақ соқтығысқан бөлікте отырған терроризмге қарсы күрес басқармасының жуырда ғана басқа жаққа ауысып, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына қарап басқаша жорамал жасау мүмкін бе? Сол себепті апаттан қайтыс болған 125 адамның ішінде бір ғана әскери болды. Қалғандарының бәрі қарапайым жұмысшылар.
АҚШ-тағы террорлық актілерді әлемнің көптеген телеарналары сол мезетте-ақ тікелей эфир арқылы берді (соның ішінде қазақстандық телеарналар да). Ұшып барып, биік зәулім үйге барып соқтығысқан ұшақ, көшеде көздеріне үрей тығылып жанұшыра қашып бара жатқан адамдар, быт-шыты шығып қираған ғимарат. Комментаторлар «Үйіндісінің астында кем дегенде 50 мың адамның сүйегі қалды» деді бойындағы қорқынышын жасыра алмай. Әлем мұндайды Голливудтың шым-шытырық фиьмдерінен де көрген емес қой. Әсер сұмдық болды. Жұмыр жер АҚШ-қа халықаралық терроршылардың жасаған қастандығын сол мезетте-ақ сезінді. Енді АҚШ бұған қандай жауап қайтарса да орынды деді. Дәл сол 11 қыркүйекте кешкісін теледидар арқылы халыққа арнаған үндеуінде президент кіші Буш «Терроризмге қарсы соғыста біз міндетті түрде жеңіп шығамыз» дегенді сөзді келтірді. 20 қыркүйекте президент Конгресстің мәжілісінде терроризмге қарсы соғысты ресми түрде жариялады: «Біздің терроризмге қарсы соғысымыз «әл-Каидаға» қарсы басталады, бірақ онымен аяқталмайды. Әлемдегі әрбір терроршы табылып, көзі жойылып жеңілмейінше оны тоқтатпаймыз» деді. --Ол қырғи-қабақ соғысы сияқты болады. Бұл азаматтардың бостандығына нұқсан келтіретін, тотаритарлық жүйеге алып баратын дұшпанмен иделогиялық күрес» деп атап өтті президент. –Оның басты мақсаты жауды ұстап, әділ жазасын беру, әлемдегі азаттық пен бостандықты сақтап қалу.
26-қазанда кіші Буш өзінің әйгілі «Патриоттық актісіне» қол қойды. Бұл акті АҚШ-тың қорғаныс саласына қосымша ақша бөліп, Федералдық тергеу бюросының құзырын кеңейтті. Енді олар азаматтардың телефондағы сөздерін тыңдауға, электрондық хат алмасуларды бақылауына алуына құқылы болды. Террорлық актілердің болатынын біле тұра оны тиісті орындарға хабарламағандарға жаза күшейтілді. Алайда АҚШ-тың полицейлік мемлекетке айналғанына табандап қарсы тұрушылардың қарасы көбейді. Кейбір сарапшылар терроризмге қарсы соғыс кезінде қолға түскен тұтқындардың АҚШ-тан тыс, яғни бұл елдің заңы жүрмейтін өзге елдердегі түрмелерге жіберілуін осындай қарама-қайшы пікірлермен байланыстырады.
Терроризмге қарсы соғыстың алғашқы кезеңінде АҚШ Ауғаныстанды жайпап салып, Талибанның аяғын аспаннан келтірді. 2003 жылы Иракқа қарсы компания басталды. Америкалық әскерилер Ирактан химиялық қарудың қалдығын да таба алмағанымен, басты мақсаттарына жетті. Диктатор Саддам Хусейн сот алдында тиісті жазасын алып, дарға асылды. Бұдан кейін 11 қыркүйек оқиғасының басты ұйымдастырушысы деп танылған № террорист Усама Бен Ладеннің көзі жойылды.
--АҚШ ешқашан исламға қарсы соғыс ашқан жоқ. Қайта біз керісінше, «әл-Каида» ұйымына қасы күреске одақтастық. Бұл ұйым мыңдаған жазықсыз адамдардың, балалар мен әйелдердің өліміне кінәлі. Олардың басым бөлігі мұсылмандар болатын,--деді АҚШ-тың қазіргі президенті Б.Обама 11 қыркүйек оқиғасына 10 жыл толуына орай өткен жиында. 11 қыркүйек оқиғасы идеологиялық жағынан сеператистерге қарсы күресіп, сол үшін халықаралық ұйымдардан ескерту естіп жүрген Ресейге де, Қытайға да, Түркияға да тиімді болды. 11 қыркүйек оқиғасы бүкл әлемге терроризмнің қаншалықты қауіпті екендігін және онымен бірігіп күрескенде ғана нәтижеге жететінін көрсетті. Ал экономикалық жағынан қандай пайда әкелді?
Соңғы 10 жылда АҚШ терроризммен күреске 4 триллион долларға жуық қаржы шығындапты. Вашингтон қорғаныс саласына бөлген қаржының көлемін 81 пайызға көбейткен. Мұның ішінде террорлық шабуылдардың алдын алу үшін бөлінген қаржы 2001 жылы 17 миллиард долларды құраса, 2011 жылы ол 70 миллиард долларға жетіпті. Әрине мұның бәрі де елдің қазынасына әжептәуір жүк. Рас, шығынның әлеуметтік жағынан пайдасы болды. Әрбір бөлінген қаржы елде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Мәселен қорғаныс саласына бөлінген 1 миллион доллар--8,3 жаңа жұмыс орны деген сөз. Бірақ дәл осы қаржыны білім саласына бөлінсе—15,5 орын, денсаулық сақтау саласында—14,3 орын, құрылыс саласында—11,1 орын ашылады екен. Сонда кім ұтты? Бұдан қорғаныс саласына қажетті қару-жарақты, құралдарды шығаратын кәсіпорындар ғана шаш-етектен пайда тапқан көрінеді.