Қара тізім. «Таблиғи жамағат»

Oinet.kz 15-04-2019 1635

20170710001944769_big.jpg

«Таблиғи жамағат» қозғалысының жұмысына Орталық Азия елдерінде және  Ресейде тыйым салынған. Орта Азия елдерінің ішінде Қырғызстанда ғана таблиғшылардың ілімі ашық насихатталады.  Бұл қырғыз өкіметінің қауқарсыздығынан немесе бейғамдығынан емес. Қырғызстанда «Таблиғи жамағат» кең қанат жайып кеткен. Әсіресе, елдің солтүстік аймақтарында. Олардың әбден жерсініп кеткені соншалықты кейбір белсенділері діни мекемелерде жауапты қызметтерге де тағайындалған. Қырғыз билігі бұл  ұйымның жұмысына тыйым салынса,  елде қарсылық туып кете ме деген қауіпке алаңдайды. Сондықтан онсыз да тұрақсыздықтың оты тұтанып тұрған Қырғызстан әзірге бұл мәселені кейінге шегеріп келеді. 

Ал Қазақстан бұл тұрғыдан алғанда батыл қадам жасай білді. Таблиғшылардың жұмысына 2013 жылы сот шешімімен тоқтам салынды. Өйткені 2010-2012 жылдары бұл ұйымының өкілдері өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуге көшкен болатын.

Бұл ұйым емес діни қозғалыс

«Таблиғи жамағатты» көбіне діни ұйым ретінде атайды. Алайда бұл ұйымнан гөрі діни қозғалысқа, діни қауымдастыққа жақынырақ.  Ол 1927 жылы Үндістанда пайда болған. Оның негізін қалаған Мәулан Мұхаммед Ильяс есімді ұстаз. «Жамағатшылардың» сол кездегі басты ұраны «О, мұсылмандар, мұсылман болыңдар» деп аталған екен.  Бұл ұйымның алдына қойған басты мақсаты—исламның құндылықтарын қалпына келтіру, Мұхаммед пайғамбарымыздың заманындағы исламға қайта оралу және осы қозғалысқа мейілінше адамдарды көбірек тарту. Ресми мәліметтерге қарағанда қозғалыстың өкілдері әлемнің 150 елінде жұмыс істейді, оның мүшелері 70-80 миллион адам деп есептеледі. Таблиғшылар мұсылман мемлекеттерімен қатар басым бөлігі христиан дінінің өкілдері тұратын Еуропа елдерінде де кездеседі. Саясатқа араласпайды. Өздерінің жұмыстарын жасырын жүргізеді, сырт көзге ашылып-шашыла бермейді. 

Орта Азия және Ресейде «Таблиғи жамағат» қозғалысының мүшелері 1990 жылдардан бастап бой көрсете бастады. Оның алғашқы насихатшылары Пәкістаннан, Бангладештен келген миссионерлер еді. Бірақ олар тиісті орындарда діни бірлестік ретінде тіркелген жоқ.

--«Таблиғи жамағат» қозғалысы әлемнің еш жерінде тіркелмеген. Бұл оның басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады,--дейді дін істері жөніндегі агенттіктің сарапшылары.  

«Таблиғи жамағат» қөзғалысының өкілдері өздерінің қатарына адамдарды ерікті түрде тартатынын, ешкімді мәжбүрлемейтінін айтады. «Басты мақсатымыз-- исламның құндылықтарын елге түсіндіру  және ешқандай да ұйымдар тарапынан қаржыландырмаймыз, қажетті ақшаның бәрі ұйым мүшелерінен ерікті түрде жиналады» дейді. Таблиғшылар ешқандай мазхабтың немесе тарикаттың ілімін үгіттемейді, барлық діни ағымдарға құрметпен қарауға шақырады. Соғысты қантөгісті жақтамайды, өз билеушілеріне сөзсіз бағынуға шақырады. Олар террорлық актілер жасап, елді үрей мен қорқынышта ұстап отырған радикалды діни ұйымдардың әрекетін  қатаң айыптайды, Соның ішінде уаххабизмді де (бірақ неге екені белгісіз, исламдағы басқа ағымдарға төзімсіздік танытатын уахабилер «Таблиғи жамағат» ұйымна оң қабақпен қарайтыны байқалады). Олай болса бұл ұйымның қауіптілігі  неде? Бұл туралы сәл кейінірек. 

Пәкістанға аттанғандар...

Сарапшылардың пікірлеріне қарағанда, Шри-Ланка, Пәкістан, Үндістан елдерінен Орта Азияға ағылған таблиғшылар ел арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, ынталы шәкірттерді білімін тереңдету үшін өз елдеріне шақырған. Олардың соңынан ергендердің ішінде қазақ жастары да аз болған жоқ. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары да болды. Олар Таяу Шығыс елдеріндегі діни оқу орындарында тәлім-тәрбие алып, артынша елге оралды. Өз ілімдерін насихаттап «жамағатшылардың» қатарын көбейте берді. «Таблиғи жамағат» ұйымының Пәкістандағы, Бангладештегі оқу орындарында білім беру әрбір талапкердің ана тілінде, аудармашылар арқылы берілген. Осындағы медреселерде шәкірттер бірнеше жамағатқа бөлініп, діни уағыздарды тыңдаған. Мұны таблиғшылар өз тілдерінде дауағат (немесе дауғат, дағауат, яғни шақыру, үндеу деген мағынаны білдіреді) деп атайды. Мұндай оқу орындары Пәкістанның Райвинд, Бхопал, Бангладештің астанасы Дакка қалаларында орналасқан. Жыл сайын қараша айында аталған  қалаларда таблиғшылардың үлкен жиыны өтіп тұрады. «Таблиғи жамағат» қозғалысы осы жиында өзінің жұмысын үйлестіріп, алда атқарылатын жұмыстарды жоспарлайды. 

Аталған ұйымның ұшар басында отырған адамды  әмір деп атайды. Бұдан кейін шура, яғни, ақылдастар алқасы немесе құрылтай кеңес тұр. Өздерінің «жаулап» алған аумақтарында таблиғшылар орталық құрады. Оны өз тілдерінде «марказ» деп атайды. Осы марказдарда таблиғшылар өздерінің жиынын, яғни машурасын өткізеді. 

Исламдағы өзге діни ағымдардан бір ерекшелігі--таблиғшыларға өздерінің діни көзқарасын үнем насихаттап отыру тән. Бұл жағынан алғанда оларды діни сарапшылар иегово куәгерлерімен салыстырады. Әрбір таблиғшы аптасына бір күнді, айына үш күнді және жылына қырық күнді дауағатқа арнауы тиіс.  Олар топтасып, яғни жамағат болып, өздерінің машурасында үгіт-насихат жұмыстарының жоспарын, аралайтын елді мекендердің тізімін белгілейді. Бұдан кейін ел-елді аралап кетеді. Қайырымы түскен адамның үйіне қонып кете береді. Көбіне мешіттерге түнейді. Жұртпен кездескен кезде ислам туралы әңгіме қозғайды. Алайда дауағатшылардың ілімі, айтқан насихаттары жергілікті халықтың таным-түсінгіне, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпқа қайшы келеді. Мәселен олардың түсінігінде қыз балаға 2-3 сыныптан артық білімнің қажеті жоқ, оларды 14 жаста күйеуге беріп жіберген жөн. Әйел баласы үнемі оранып жүруі тиіс. Тіпті бетін де пәренжемен бүркемелеуі керек. Үсті басына пәкістандық үлгімен киім киген, көшеде қол жайып қайыр сұрап жүрген дауағатшылар жұртшылықтың тек мүсіркеуін туғызды. «Өзің бейшарасың, кімге пір болмақсың» деген сөз осындайда айтылған емес пе? 

Ел-елді аралап, дауағат жүргізіп,  мешітке түнеп жүрген таблиғшылардың тобыры Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында да кездесіп отырды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органдарының қызметкерлері оларды тіркелмеген ұйымының ілімін таратқаны үшін немесе заңсыз миссионерлік жұмыстарымен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. 

«Таблиғи жамағат» ұйымы өз қатарларына бақуатты азаматтарды көбірек тартуға тырысады. Сондықтан «жамағатшылардың» ішінде базарларда сауда орындары немесе кішігірім дүкендері, әжептәуір табысы бар азаматтар жиі кездеседі. Олар өздерінің тапқан табысын бауырластарымен бөлісіп отырады. 

Терроршылардың ұстаханасы

«Таблиғи жамағат» қозғалысы жоғарыда айтқанымыздай, саясаттан аулақ. Бұл ұйымының мүшесіне саясатпен айналысу былай тұрсын саясат тақырыбында әңгіме айту да харам етілген. Алайда «саясатты айтпаймыз, қантөгісті жақтамаймыз» деген қозғалыстың өкілдері бүкіл әлемді дүр сілкіндірген террорлық жарылыстардың төңірегінен табылып отыр. Мәселен, 2005 жылы Лондонда болған бірнеше террорлық актілерді орындаушы жанкештілердің «Таблиғи жамағатпен» байланыста болғаны анықталды. Ағылшын арнаулы органдарының жүргізген тексерулеріне қарағанда олардың екеуі «Таблиғи жамағат» ұйымының штаб-пәтерімен үздіксіз байланыста болған. Француз зерттеушілерінің айтуынша, діни экстремистік ұйым мүшелерінің 80 пайызы бұрынғы таблиғшылар. Бір сөзбен айтқанда бұл ұйым халықаралық террористік ұйымдарға қажетті шәкірттерді түлетіп отырады. «Таблиғи жамағат» халықаралық террористік ұйымдар үшін кадрлардың ұстаханасы. Оны көбіне ислам фундаментализмінің табалдырығы деп те атайды. Бүгін «Табилиғи жамағаттың» табалдырығын аттаған адам ертең терроризмнің төріне шығуына мүмкіндік мол.   Таблиғшылар ілімінің ең қауіпті жері олар жихадшылықты көбірек насихаттайды және өздерімен осы жағынан идеялас Ауғанстандағы, Пәкістандағы радикалды ұйымдарға көмектесіп отыратын көрінеді. Айталық, Ташкентте бірнеше жарылыстар жасап, көптеген жазықсыз адамдардың өліміне кінәлі деп танылған Өзбекстан ислам қозғалысының қолға түскен мүшелері өздерін «Таблиғи жамағат» ұйымының қаржыландырып, қолдап-қуаттап отырғаны айтқан. 

2006 жылы «Таблиғи жамағат» қозғалысы Тәжікстанда экстремистік деп танылып, оның жұмысына ресми түрде тыйым салынды. 2009 жылы Ресей Жоғарғы соты «Таблиғи жамағаттың»  жұмысына тоқтам қойды. Сот таблиғшыларды ұлтаралық, дінаралық тұрақтылыққа, елдің тұтастығына қауіпті деген шешімге келді. 2009 жылы Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесі Жоғарғы сотқа «Таблиғи жамағат» қозғалысын тоқтату туралы ұсыныс берді. Қырғызстанның дін істері жөніндегі агенттігі таблиғшылардың Мұсылмандар діни білестігінің көзқарасы мен ұстанымына қайшы әрекеттер жасап отыр деп дабыл қақты. 

Ал Қазақстанда «Таблиғи жамағат» қозғалысының  жұмысына 2013 жылдың ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотымен тыйым салынған. Ол деструктивтік діни қозғалыс деп танылды. Сот шешіміне таблиғшылар тарапынан апелляциялық шағым берілді, сотқа олар Қырғызстаннан келген білгір өкілдерін  тартқан көрінедің. Алайда апелляциялық шағымды қараған Астана қалалық соты оны қанағаттандырусыз қалдырып, алдыңғы сотың шешімін күшінде қалдырды.

 Оңтүстікте осыдан біраз жылдар бойы ел-елдің аралап, дауағат айтқан кешегі таблиғшылардың қазір қайда екенін, қай төбенің басында жүргенін бір Алла ғана біледі.  

Мұрағаттан: 11.09.2014


Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет
11 қыркүйек оқиғасы. Әлемді дүр сілкіндірген теракт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу