Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет

Oinet.kz 14-04-2019 1184

Screenshot_13.jpg

Құдайға шүкір, қасиетті рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін. Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Алланың Елшісі (с.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен. Ендеше сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де Ұлы Рахманнан ұлық рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға етеміз. Оразаның парыз болынған мерзімі санаулы күндер, яғни бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі.  Жыл-он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс. Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған. Егер де ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс.

Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы сол. Өйткені бұл ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі, бұл айды Алла Тағаланың Өзі айрықша еткен. Бұл ай адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген.  Сонымен қатар әр жылы келетін рамазан айының өзіндік орны, уақыты бар. Жыл мезгілдерінің әрбіріне ауысып отырады. Мысалы, шілденің тоғызына келген рамазан мүміннің өмірінде екінші рет осы уақытқа дөп келмеуі кәдік. Әрбір рамазан айы сондай қайталанбас уақытымен де ерекше. Иләһи пәрменнің мәніне үңілсек, рамазан айының туғанына көрген, сол кезде тірі болған әрбір мұсылманға ораза тұту парыз екендігін аңғарамыз.

Алла Тағала Өзінің қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен рамазан айын таңдаған екен. Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Аяттарда Алла Тағаланың иман келтіргендерге тек жақсылық, жеңілдік қалайтын-дығы айтылады. Расында да асыл дініміз үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Ислам дініндегі әрбір ғибадаттың, парыздың оңтайлы тұстары бар. Өйткені аятта айтылғандай, Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. 

Сондай-ақ, отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс.  Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны үшін әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтын лайықты түрде тойлауы қажет.

Құран түскен құтты ай

Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі, осы айда Құран түскен. Осы айда Жебірейіл періште (ғ.с) Алланың Елшісіне (с.ғ.с) келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін.

Хақ Тағаланың Кітабын үйрену, Елшісін (с.ғ.с) сүю тәрбиенің негізгі қайнар көздері. Имам Табарани таратқан хадисте былай делінген:

«Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні Алланың Аршысының көлеңкесінде болады».

Сонымен бірге, Қиямет күні әрбір мұсылманға тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болады екен. Имам Ахмад риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді:

«Қияметтің күні Раббының алдында ораза мен Құран пендеге арашашы болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен тыйған едім. Енді мен оған арашашы болайын», – дейді. Құран болса: «Мен оны түнде ұйқысынан айырып едім сол үшін оған арашашы болайын», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты қабыл етіледі».

Ислам тарихындағы ғұламалар, ізгі пенделер рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қойып, түгел оқып, зерделейтін болған. Төл мазһабымыздың көшбасшысы, ұлық имам Әбу Ханифа рамазан айында Құранды бірнеше мәрте хатым еткен.

Айрықша құлшылықтар айы

Хадисте былай делінген: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай». Атақты ғұлама Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Латаифул-маъариф» атты кітабында былай дейді: «Ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша. Пайғамбар (с.ғ.с): «Менің мешітімде оқылған бір намаз әл-Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық», – деген. Қасиетті мешіттерде орындалған ғибадаттардың сауабы да үлкен.

Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген». Басқа бір хадисте адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с): «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.

Олай болса, ақылды адам ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмаса керек.

Тәубе айы

Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз дімкәстікті білдіреді. Әл-Хаким таратқан риуаят бойынша бірде Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин», – деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Маған Жебірейіл (ғ.с) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».

Тақуалық айы

Алла Тағала былай дейді:

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар».

Осы шарапатты аяттың соңы «әрине сақтанарсыңдар» деп аяқталып тұр. Бұл сөзде терең мағына жатыр. Ораза парызы Раббымыздан шынайы түрде қорқуға, тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл аяттағы «тәттәқун» сөзі «сақтанарсыңдар» деген мағынамен бірге «тақуалық етерсіңдер» деген мағынаны да білдіреді. Оразаның түпкілікті мақсаты пенденің бойында Құдай Тағаладан қорқу, тақуалық қасиетін қалыптастыру болып табылады.

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде, тақуалық адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ, барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған.

Сабыр айы

Пайғамбар (с.ғ.с) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен:

«Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін».[16] Яғни  ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол бірте-бірте орындалатын іс.

(muftyat.kz сайтында жарияланған материалдар негізінде даярланды)


Келіннің сәлем салғаны Құдайға серік қосқандық па?
Қара тізім. «Таблиғи жамағат»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу