Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың тоғыз өсиеті

Oinet.kz 22-12-2020 2630

Мұхаммед пайғамбар.jpg

Пайғамбарымыздың игі істерін уағыздау да үлкен сауап екен.  Пайғамбарымыз Мұхаммед былай дейді:

«Тәңірім маған тоғыз өсиет айтып қалдырды, мен соларды сендерге жеткіземін. Ол былай деді:

Өзіңе де, өзгелерге де адал бол;

Ренжісең де, қуансаң да әділ бол;

Бай болсаң да, кедей болсаң да сабырлы қалпыңнан айныма;

Сені кеудеден итергісі келгендермен де достық қарым-қатынасыңды үзбе;

Саған шығын келтіргендерге пайда жаса;

Саған зиян жасағандарды кешіре біл;

Үнсіз тұрсаң да санаң ойға толы болсын;

Әр сөзің Алла-тағаланы еске түсірсін. Таным-түйсік мүмкіндігі оқу үшін беріледі».

Сонымен қатар, мұсылман адамға мына нәрселерді де біле жүрген жөн.

Адалдық. Бұл – Исламның бірінші қағидасы, ол адамның жүрегі мен ойларының тазалығын, шыншылдық пен туралықты білдіреді. Дүниеде қараниет адамдар көп-ақ. Бұл жандар біреулерге өздерін адам секілді етіп көрсетуі мүмкін, ал жалғыз қалғанда құлқыны өзгеріп шыға келеді. Адалдықтың көзі – Құдайдан қорқу.

Әділдік. Әрқашан досыңа да, қасыңа да, бейбіт күндерде де, қиыншылықтарда да тек әділдік көрсеткен жөн. Тіпті сені біреу жек көретін және саған деген осы көзқарасынан ешқашан таймайтын адамның өзіне сен әділдік таныта білсең – онда сен Құдайдың сүйген құлысың.

Сабырлылық. Бұл қандай жағдайда да байсалды, ұстамды, төзімді болу деген сөз. Өмір болған соң адамға әр түрлі қиыншылықтар жолықпай тұрмайды. Міне, осы кездері ең бірінші сабырлылық керек. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын»  деп бекер айтпаған.

Кез-келген мұсылманмен қарым-қатынасты үзбеу. Бұл – бірінші кезекте, отбасылық байланыс. Бір жанұяның барлық мүшесінің арасындағы жақсы қарым-қатынас ешқашан да үзілмеуге тиіс. Қазақтың «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген сөзі осыдан келіп шықса керек.

Жомарттық. Хақ сенімдегі жандар әрқашан жомарт келеді. Олар қай кезде де, кімге де болсын қолындағысын беруге даяр тұрады. Адамдарға қиын шақтарда қол ұшын беру – үлкен сауап. Пайғамбарымыз «Сараңдар жұмаққа кірмейді», – деген.

Кешіре білу. Өзіңе жамандық жасаған адамды кешіру оңай емес. Дегенмен Ислам діні адамдарды кез-келген уақытта кешірімді болуға шақырады. Ең жаны сұлу адамдар тіпті өзін ренжіткен кісіден өш алатын, сазайын беретін мүмкіндігі бар болып тұрғанда оны кешіреді. Бұл тұрғыда бізге пайғамбарымыз Мұхаммедтің өнегелі істері мысал бола алады. Ол әрқашан өзінің жауларын да, баласын өлтірген адамды да кешірген. Кешірім – ең көрікті мінез.

Ой толғау. Көп ойланып, тек қажет кезде сөйлеу – тамаша қасиеттердің бірі. Алайда, адам үнсіз тұрған шақта оның санасы игілікті ойларға толы болғаны жөн.

Зікір. Сөйлеген сөзіңізде Алланы еске алу. Біздің тіліміз – Алла-тағала берген ұлы сый. Біздің басқа жан-жануарлардан ерекше жеріміз де осы – тіл. Тілімізді біз Алланы мадақтауға, алғыс жаудыруға пайдалануымыз шарт. Біз аузымызды ашқан сайын Алланы еске тұтуымыз керек. Өтірік, балағат, өсек, жаман сөздер сияқты тілмен айтылатын көптеген күнәлар біздің Алланы ұмытуымыздан пайда болады.

Оқу, білім және сабақ. Біздің көзіміз бен санамыз өмірдегі әртүрлі заттарды білу және қоршаған ортамыздан сабақ алуымыз үшін қашанда ашық болуы керек. Әр мұсылман ойшыл болуға міндетті. Құран Кәрімнің бірінші аяты «Оқы!» деп түскенін ұмытпайық.

Сізді Аллаға сүйікті ететін 10 әдеп
Шойын құлыпты дұғамен бұзған ақ бақсы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу