«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Араб шөлінде қиын да ұзақ сапар шеккен бір шейх ұлына басынан кешкен оқиғаларды былай әңгімеледі:
– Бір алыс сапарға шыққан едім. Күн ұясына батып, төңірек қараңғылана бастаған кез. Алыстан көзіме көрінген үйге қарай тұра жүрдім. Үйге жақындағанымда алдымнан бір әйел шықты. Жалғыз екенімді көргенде қайран қалып:
– Сіз кімсіз? Бұл жерден не іздеп жүрсіз? — деді. Мен:
– Құдайы қонақпын, — дедім. Әйелдің қабағы түйіліп, үндемеді. Менімен ешқандай жұмысы болмай, тамақ дайындауға кірісті. Дастарқанды әзірлеп, ас ішуге кірісті. Бәрін жалап-жұқтап жеп алды. Бір кезде қолында сүт құйылған бақыры бар күйеуі келді. Мені көріп:
– Бұл адам кім? — деп сұрады. Әйел еш мән берместен:
– Құдайы қонақпын дейді ғой, — деп жауап берді. Әлгі кісі маған күлімсірей жақындап:
– Амансыз ба? Қош келдіңіз. Келгеніңізге қуаныштымын, — деп бір тостаған сүт ұсынды.
– Қарныңыз аш шығар. Бір нәрсе жедіңіз бе?, — деп сұрады. Мен: «Иә, ашпын» дегенімше әйеліне ұрса жөнелді, екеуінің арасында ұрыс басталды.
– Ұят емес пе?!.. Қарныңды нығыздап тойдырасың да, қонаққа бір тілім нан беру ойыңа да келмейді, — деді. Әйелі:
– Оған не үшін тамақ беремін. Өзімнен бір тілім де нан ауыспады, — деді. Күйеуі ашуланып далаға шығып кетті. Мен де мынау не істемекші екен деп артынан ақырын басып сыртқа шықтым. Сол кезде менің не көргенімді білсең ғой… Әлгі кісі менің түйемді жерге жығып, сойып жатыр еді. Ішім қатты ашыды. Бірақ ешнәрсе демедім. Таң-тамаша қалдым. Үй иесі өзімнің түйемнің етін өзіме сыйламақшы. Өз-өзіме:
– Мұны да көрдік. Енді мына шөлде жаяу қалдым, — деп ойладым. Әлгі кісі от жағып, етті пісіріп, табаққа салып, алдыма әкелді. Ішім қан жылауда еді. Ешқандай зауқым жоқ, сонда да тамаққа отырдым. Тамақтан кейін үй иесі:
– Аллаһтың атымен ант етемін. Менің шатырыма келген адам ешқашан аш қалмас, — деді.
Бұл жағдайға не жылайтынымды, не күлерімді білмедім.
«Қонақтың өз түйесін өзіне сойып берсең, әрине, аш қалмас», — дедім ішімнен. Бірақ сабыр сақтадым.
Содан кейін ол кісі шатырдан шығып кетті. Бұл қызық адамның ісіне таң қалып отырдым. Біраз уақыттан кейін мені дауыстап шақырғанын естіп, сыртқа шықтым. Далада ол бір түйенің бұйдасынан ұстап тұр еді. Маған жақындап:
– Мұны ал… Бұл түйені саған сойған түйенің орнына беріп тұрмын, — деді. Түйесі менің түйеме карағанда қоңдылау, жасырақ түйе еді.
Ертеңіне күні таңертең жол жүрдім. Үй иесі маған нан, ыстық сүт, бір бөлек піскен ет ұсынды, жылы-жылы сөйлеп шығарып салды.
Ыстық шөлде күні бойы сапар шектім. Кешке жақын алдымнан кездескен үйге келдім. Мұнда мені бір әйел қарсы алды. Күлімсіреген, жылы жүзді әйел еді.
– Сіз кімсіз? — деді. Мен:
– Құдайы қонақпын — дедім. Әйел:
– Қош келдіңіз! Қуаныш әкелдіңіз. Құдайы қонаққа әр уақытта есігіміз ашық. Жоғары, төрге шығыңыз, — деп мені ішке кіргізді. Өзі тездетіп тамақ дайындауға кірісті. Біраздан кейін дастарқанға палау, қуырған тауық, құрма, бал әкеліп қойды.
– Тамаққа келіңіз. Сізге үлкен дастарқан жая алмағаным үшін ғафу етіңіз, — деді.
Қарным шұрылдап, аш отыр едім. Тамақ жеуге кірістім. Бір-екі түйір аузыма салғаным сол еді, әлгі әйелдің күйеуі кіріп келіп, суық, зілді дауыспен:
– Бұл адам кім? — деді. Әйел:
– Құдайы қонақ, — деді.
– Құдайы қонақ біздің ғана үйімізді тауып па? Менің тамақтарым қайда? Әкел тезірек, — деді отағасы.
Әйел:
– Үйдегі бар тамақты қонаққа бердім, — деді.
– Саған тамақты қонаққа бер, деп кім рұқсат етті, — деп, ол зайыбына дүрсе қоя берді. Екеуінің арасында ұрыс басталды. Мен шыдай алмай күліп жібердім. Үй иесі маған сұсты қарап:
– Неге күлесің? — деп сұрады.
– Мен басымнан өткен оқиғаны айтып бердім.
Отағасы:
– Ол айтқан әйеліңіз менің қарындасым, ал оның күйеуі әйелімнің ағасы еді, — деді. Бұл кездейсоқ жағдайға таң-тамаша қалдым. «Әр нәрсе тегіне тартады екен ғой», — деп ойладым.