Ата-ананы сыйлау дегеніміз не?
Қасиетті Құранда: «Маған және ата-анаңа шүкір ет…» - деген аят бар. («Лұқман» сүресі, 14-аят)
Ал осындағы "Ата-анаңа шүкір ет" деген сөз нені білдіреді? Аятты түсіндірген тәпсір ғалымдары "Ата-анаға шүкірлік етудің" көріністері деп мыналарды көрсетеді:
- Олардың жанында телефон шұқыламау, яғни көңіл бөлу;
- айтқандарына құлақ салу, мұқият тыңдау;
- кез келген мәселеге олардың көзімен қарап, жағдайды олардың деңгейімен бағамдай білу;
- әңгімелеріне құлақ асу;
- оларға мейіріммен, құрметпен қарау;
- олардың барына алғыс айтып, риза болу, құшақтау;
- екеуіне ең әдемі, жылы сөздеріңізді арнау;
- оларға қабақ түйіп емес, күлімдеп қарау;
- тек жақсы жаңалықтарыңызды айтып қуанту;
- кейбір келеңсіздіктерді, жаман хабарларды олардан жасырып қалу, жүректерін ауыртпау, уайымға салмау;
- олардың достарына құрметпен қарау. Тіпті, ата-анаңыз көз жұмып кетсе де, олардың жолдастарына құрмет көрсету - құптарлық іс болып саналады.
- Олардың сіздерге жасаған жақсылықтарын үнемі еске алып жүру, ұмытпау;
- ренжіткен тұстары болса ұмыту;
- бірдеңені он қайтара айтса да, бірінші рет естіп тұрғандай тыңдау, мән беру;
- олардың қасында басқалармен сөйлесіп кетпеу;
- сөздерін бөлмеу;
- сын айтпау;
- олардың жанында әдеп сақтап отыру;
- олардың жасын сыйлау;
- олардың көзінше немерелеріне ұрыспау;
- айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ түру;
- үйдегі маңызды мәселелерді олардың ақылымен, жол көрсетуімен шешу;
- оларға дауыс көтермеу;
- алдарын кесіп өтпеу;
- олардан бұрын тамаққа қол созбау;
- олармен үнемі мақтану;
- олардың көзінше теріс қарап отырмау;
- басқаларға екеуін жамандамау;
- аттарын айтпай, жұмсақ сөзбен шақыру;
- олардың ұрысқанына, т.б сөздеріне сабырмен қарау, сөз қайтармау;
- олар үшін үнемі дұға жасау, тура жол, жақсылық сұрау;
- оларға шаршағаныңызды көрсетпеу;
- олардың қателіктеріне мысқылдамау, кекетпеу;
- өтініштерін аяқ асты етпеу, тапсырғандарын орындау;
- алыста болса, оларға жиі барып тұру, жағдайын үнемі сұрап жүру;
- олармен сөйлескенде әр сөзге мұқият болу, көңілдеріне қаяу салатын сөз айтып қоюдан тыйылу;
- олардың бар болғанына шын қуану, шүкірлік таныту;
- Алладан оларға жақсылық жасауға мүмкіндік беруін сұрау, тілеу, сол жолда әрекет ету.
Ата-ана бұл - перзенттің Жәннатқа кірер кілті, жұмақтың тұтқасы. Сіздің бұл өмірде жолыңыздың болуы мен ісіңіздің оңынан шешілуі, арғы өмірде Алланың разылығын алып, Ақыретіңіздің жемісті болуы - олардың батасымен тікелей байланысты. Ендеше, ата-анаңызға лайықты түрде шүкір етіңіз, құрметті замандас!