Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Кез келген нәрсе, құбылыс белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартаюы, дүниеден озуы. Өмір бейне жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы, мөлшерлі. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырында.
Алла Тағала қасиетті Кұран Кәрімде: «Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық» («Қамар» сүресі, 49-аят) дейді. Сонымен қатар әр нәрсенің ақыры, түгесілетін кезі бар. Адамның қолындағы байлық күндердің бір күнінде саусақтан аққан су тамшысындай ғайып болатыны секілді талайды тамсандырған cұлулардың жүзіндегі сұлулық та жылдар өте қатпар-қатпар әжімге айналады. Айнаға немесе фотосуреттеріңе бір сәт қарашы! Жүзіңдегі өзгерістерді байқаған боларсың. Осыдан он жыл бұрын емес бес жыл бұрын қандай едің? Қазір қандайсың? Енді бес-он жылдан кейін қандай болатыныңды ойладың ба? Барлық жаратылыстардың пәнилік екенін Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былайша баяндайды: «Жер бетіндегі барлық нәрсе фәни! Тек ұлылық пен жомарттық иесі Раббыңның Өзі ғана мәңгі-бақи қалады!» («Рахман» сүресі, 26-27 аяттар). Адамның орта жасы жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде: «Үмметімнің жасы алпыс пен жетпістің арасы және кейбіреулер ғана бұл жастан асады» (Тирмизи хадистер жинағы) деп сипаттап кеткен.
Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл дегеніңіз жетпіс жыл емес пе?! Сол жетпіс жыл жастар үшін асуы биік белес болып көрінуі мүмкін. Алайда жетпіс жылыңыз 840 ай ғана, сол жетпіс жасыңыз 3640 апта, 25550 күн екен. Соның 25 жылын ұйқымен өткіземіз, күніне бір сағаттай тамақ ішуге кетсе, 3,5 жылдай ғұмырыңыз тек дастарханның басында тамақ ішумен өтеді. Алдыңызда егер Алланың нәсіп еткен 30 жылы қалса, сол отыз жылдың күніне екі сағатын пайдасыз өткізсеңіз ғұмырыңыздың 912 күнін босқа кетіргеніңіз.
Негізінде адамның уақыты – оның ғұмыры. Бір күніңізді артқа тастасаңыз – бір бөлшегіңізді жоғалтқаныңыз. Егер сағат тілі алдымызда үздіксіз тынбай 6, 7, 8, 9, 10-ды көрсетсе, сізге берілген тағдыр сағаты керісінше 10, 9, 8, 7, 6, ... ең ақырында 0-ді көрсетеді. Бұл дегеніміз – дүниеде ішер дәм-тұзымыз таусылды деген сөз.
Жасың отыз бесте дейік, осы отыз беске дейін сен не істедің? Еліңе, дініңе, қоғамға, өзіңе қандай пайда әкелдің?! Ойланып қарашы, осы уақытқа дейін қанша күніңді мақтанышпен еске алып айта аласың? Өкінішке қарай ондай күндеріміз саусақпен санарлық қана!
Егер адам баласы бір заттың құнын, маңыздылығын түсінсе оны жоғалтпауға, сақтауға бар күшін салады. Бұл табиғи құбылыс. Егер мұсылман уақыттың қадірін жете түсінсе, ол оны тек пайдалы нәрсеге Раббысына жақындататын амалдарды жасауға, өзіне, қоғамға пайда келтіруге тырысар еді. Уақттың төрт ақиқатына тоқталсақ;
Бірінші ақиқат – уақыттың жылдам өтуі
Баяғыдай емес, аптамыз күн сияқты өте шығып, күніміз сағат сияқты зуылдап кетіп барады. Бір жұманы шығарып салсақ, артынан екінші жұманың ағып келіп қалғанын байқамаймыз. Осы орайда «Уақыттың мұнша жылдам өтуінің сыры неде?» деген сұрақ туындайды. Сол баяғы сағат, сол баяғы секундтар, минуттар... Кезінде мың жасқа жуық өмір сүрген Нұх пайғамбарға да Әзірейіл періште жанын алуға келгенде: «Пайғамбарлардың ішінде ең ұзақ жасаған пайғамбарсың өмірің қалай өтті?» деді. Нұх пайғамбар: «Үйдің бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққандай болдым» деп, өмірдің қысқалығын айтып өткен. Иә, пайғамбарлар, салиқалылар өмірін дағуат жолында күреспен, еліне, халқына пайдасын тигізсе, біздің өміріміз қалай өтіп жатыр, құрметті бауырым?
Біз еш пайдасыз, жылдам өткен күнге өкінудің орнына, қуанамыз. Теледидардың алдында, ғаламтордың шырмауығында, күнделікті сағаттап отырған уақытымыз біз үшін секундтар секілді. Неге олай? Өйткені адам ол уақыттарда өзінің санасына иелік ете алмайды. Ол теледидардағы актерлармен, сахна жұлдыздарымен бірге тіршілік етуге көшкен, олар қайғырса қайғырады, күлсе күледі. Олардың не істеп не қойып жүргені – әрдайым назарында. Осындай сәттерде оның тек денесі үйдің бір жиһазы секілді, ал жаны уақытша басқа әлемде саяхатта.
Егер сол адамнан теледидардан, ғаламтордан көрген қызықтарын сұрасаң, жіпке тізгендей етіп айтып береді. Ал өзінің өміріндегі, өмірлік шынайы киносындағы қызықты сәттерді әр кез есінде сақтай алмайды. Осылай біреудің өмірімен ғұмыр кешіп жатқан адамдар біздің қоғамда аз емес. Өмірінің соңында ғұмырының зая кеткенін түсінген адам қатты өкініште болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар сол күнді көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады» («Назиғат» сүресі, 46-аят) деген. Уақыттың бірінші ақиқаты – өте жылдам өтеді. Алайда сол жылдам өткінші уақытты пайдаға асыру – сіздің қолыңызда.
Екінші ақиқат – уақыт қайта оралмайды
Уақыт қайтып оралмайды және орны толмайды. Өтіп кеткен жылдар, айлар, күндер тіпті сағаттар қайтып оралмайды және бос өткен уақыттардың орны толмайды. Бұл жайлы Хасан Басри былай деген: «Әр атқан таңын саған былай дейді: «Міне мен бүгін сен үшін жаратылдым, шамаң келгенше бос жібермей амал жасап қал! Егер мені өткізіп алсаң қияметте қайтып оралмаймын».
Ойлап қарашы, қанша күннің хақысын бере алдың? Қанша күнің бос өтіп, хақысын бере алмадың? Бауырым, адам ғұмырының әр жасының өзінің алар үлесі, несібесі, ісі, берекесі бар. Жиырма жаста істеуге тиіс істі қартайғанда істемейсіз. Ілім алатын жаста ілім алу керек, үйленетін кезде үйлену міндет, алған іліміңізді іске асырып, Алла жолында, елдің гүлденуіне қызмет жасайтын кезде оған да кірісу керек. Сол секілді күш-қуат кеміген кезде жас кезде алған іліміңізді, өмірде көрген қиындығыңызды, тәжірбиеңізді, елге қылған қызметіңізді үлгі-өнеге ретінде жастарға айтар кезіңіз де келеді. Әрине ақыл айтып, дана болып, сол сілтеу үшін оған дейінгі кезеңдерді абыроймен атқаруыңыз керек. «Жасыңда байқарың болмаса, қартайғанда айтарың болмайды» дейді қазақ. Бұл тектен тек айтылмаса керек. Сол секілді қазақта «Қартайғанда жақсы адам көрген білгенін айтады, жаман ішкен жегенін айтады» деген сөз бар.
Иә, жасыңызда ілім алып қалмасаңыз, егде тартқанда ілім алу қиынға соғады. Әрине адам үшін ілім алу әр кезде де кеш емес. Дегенмен жастық шақтан кейінгі кезең алған ілімді өмірлік тәжірбиемен іске асыратын шақ. Сіз ілімді іске асыратын кезде жаңадан ілім алып жатсаңыз көштен қалғаныңыз, өйткені әр уақыттың өзінің амалы бар. Уақытында жасалмаған амал кештеу жасалса, маңызы азаяды. Қырықтан асып, кеш үйленген адамның жағдайы секілді. Жаңадан бала сүйіп жатқан кезде құрдастары немере сүйіп қолы ұзарып, алғашқы балапандары қанат қағып өмір жолын бастап жатады.
Ең алғаш мұсылмандардың бірі болған Әбу Бәкірдің қайтыс болар алдында Омарға айтқан ұзақ өсиетінің ішінде әр істің өзінің уақыты бар екені жайында мынандай өсиет жолдары бар: «Егер жадыңда сақтай алсаң, саған мен мынандай өсиет қыламын: Алланың алдында сенің күндіз орындауың керек міндеттерің бар оны түнде жасасаң қабыл етпейді, сол секілді түнде орындалу керек амалдар бар оны күндіз қабыл етпейді. Сонымен қатар есіңде сақта парыздарды орындамайынша қосымша құлшылықтарды қабыл етпейді» деген.
Бұл жалпы намазға қатысты айтылған мәселе болғанмен мұсылманның уақытын да қамтиды. Міндетті істерді жасамайынша қосымша істердің пайдасы шамалы. Әрине бұл мәселенің бір жағы ғана ең маңыздысы – өмірдегі ағаттылықтар, жасалған күнәлар, қайтарып түзей алмауымыз. Бұл жерде шынай тәубе еткен адамның жайы бөлек. Өміріміздің бір сағат болсын артқа жылжытып, кеткен қателіктердің орнын толтыра алмайтынымыз жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрбір үммет үшін белгіленген кесімді мерзім бар (яғни әр үмметтің өз ажалы бар). Сол мерзім толып, ажал жеткенде, олар оны бір сәтке кейін шегере алмайды һәм бір сәтке тездете алмайды» («Ағраф» сүресі, 34-аят) деген. Пайғамбарымыз «Күні шуақтап атқан әрбір күн былай дейді: «Егер жақсылыққа ұмтылған болсаң асыққайсың өйткені мен сен үшін ендігәрі қайталанбаймын (Байһақи хадистер жинағы). Атақты Хасан Басридың да осыған ұқсас сөзі бар: «Әрбір атқан таң саған былай деп айтады: «Әй адам баласы мен бүгін сен үшін жаратылдым, сенің ісіңе куәгермін, мені бос жібермей пайдаңа асырып қал, мен қайтып оралмаймын». Сол себепті әр күніміз біз үшін бір тарих. Оны қанша қайтарғымыз келсе де қайтара алмаймыз. Уақыттың керек емес жерін видеоны монтаждаған секілді алып тастай алмаймыз. Сол күні істеген ісіңіз, әрекетіңіз тарих болып қала береді, сіз оны өзгертуге қауқарсызсыз. Сол себепті әрбір істер ісімізге, айтар сөзімізге мұқият болайық. Бұл – уақыттың екінші ақиқаты.
Үшінші ақиқат – уақыттан асыл қазына жоқ
Уақыт – ең қымбат дүние. Егер уақыт қайтып оралмайтын, орны толмайтын дүние болса, адам үшін ең қымбат қазына болмақ! Адам осы уақыт ішінде әрекет жасайды. Ілім алып, дүние табады, өседі, өнеді. Уақытты тиімді қолданудың арқасында толағай табыстарға жетеді.
Күнделікті жасайтын еңбегіміздің де ақысын да сағат сандарына қарап аламыз. Уақыт сіздің капиталыңыз іспетті. Пайдалы іске жұмсасаңыз, еселеп табысқа кенелесіз, пайдасыз, харам іске жұмсасаңыз, керісінше ұтыласыз. Ұтылыс тек бұл өмірді ғана емес ақыреттік өмірді де қамтиды. Сіздің бір күніңіз сіздің тағдырыңызды шешіп қоюы мүмкін. Сол себепті әр күнге бей-жай қарамау керек. Әмяныңыздан жүз теңгеңіз байқаусызда түсіп қалса, сіздің жаныңызға батады, ал өлім шағыңызда миллиондарға сатып ала алмайтын бір сағатыңыз пайдасыз өтіп жатқанына жүрегіңіз ауырмайды.
Сондай бір уақыт келеді «Шіркін, өмірімнің бір сағаты болсын кейін шегінгенде ғой, бәрі басқаша болар еді, басқаша әрекет етер едім», дейтін. Алайда ондай мұрсат бізге берілмейді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сендерге Алланы еске алуды ұмыттырмасын. Біліп қойыңдар, кімде-кім солай істейтін болса, нағыз зиян шегетіндер – солар. Қайсыбіріңе болмасын, ажал жеткенде, «Уа Раббым! Маған аз ғана уақыт мұрсат берсең, жатпай-тұрмай қайырымдылық жасап, мол зекет-садақа беріп, ізгі жандардың қатарына қосылар едім» демей тұрып, өздеріңе ризық етіп берген нығметтерімізден жұмсаңдар» («Мунафиқун» сүресі, 9-10 аяттар) дейді. Бұл – уақыттың үшінші ақиқаты.
Төртінші ақиқат – уақыт бәріне теңдей бөлінген
Уақыт барша адамға бірдей үлестілілген. Алланың әділдігі – баршамызға уақытты бірдей қылып үлестіруінде. Біреуге артық біреуге кем қылмаған. Кедейдің де байдың да, тақуаның да күнәһардың да, әлсіздің де қуаттының да еншісінде – 24 сағат. Адам баласы өзінің құнсыздығын, өміріндегі сәтсіздігін, адамдарға сыйлы бола алмағанын тағдырға салып ақтала алмайтынының бір себебі – барша адамға уақыттың тең деңгейде үлестірілуі. Әлемдегі кез-келген табысқа кенелген адамды алатын болсақ, ол да сіз секілді екі қолы, екі аяғы бар адам, ол бұл деңгейге оңайшылықпен жетпеді. Өмірінде жүз құлап, жүз сүрініп, неше мәрте кеудесінен итерілсе де оған налымай басқа жолын қарастырып, табандылық көрсетіп, ақыры жетістікке жеткен.
Сізге ауыр сұрақ! Сізге егер дәрігер: «Жер бетінде алты айлық қана өмірің қалды десе» не істер едіңіз? Сіз үшін бұл хабар әрине аспаннан жай түскендей болар еді. Бірақ сіз үшін бұның жақсы қыры – ақиқат көзіңізді ашар еді. Сол санаулы күндерді сіз кіммен өткізер едіңіз? Қалай өткізер едіңіз? Қандай амалдар жасауға ұмтылар едіңіз? Кімге жақын, кімге алыс болар едіңіз? Бұл жауаптарға шынайы жауап берсеңіз сіз үшін ақиқат есігі ашылады.
Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,
ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы