Түнгі намаз сыры

Oinet.kz 09-09-2020 1250

«Таһажуд» сөзі араб тілінде – «ұйықтау», «ояну», «ұйқыдан күшпен ояну» деген бір-біріне қарама-қарсы мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы орнына келер болсақ, «таһажуд» деп түнгі мезгілінде ұйқыдан оянып, Алланың разылығы үшін нәпіл намаз оқуды айтады.

image.png

Жалпы, таһажуд намазы үтір және тарауық намазы секілді құптан мен таң намазы арасында оқылады. Дегенмен, кейбір мужтаһидтер таһажуд пен үтірді бір намаз деп есептеген. Имам Шафиғи мен Му­зани өз еңбектерінде таһажуд пен үтір намазын бір құлшылық деп қарастырған.

Әсілі таһажуд намазы – Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыз болып бекіген құлшылық. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Мұхаммед) Түннен оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі» («Исра» сүресі, 79-аят) деп бұйырады. Муфассирлер аталған аяттардың тікелей Алла елшісіне бұйрық райда нәзіл болуына байланысты, таһажуд намазын әз пайғамбар үшін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыз болған құлшылық деп есептейді. Сондай-ақ, осы аятта «түнде ояну» сөзінің өтуіне байланысты бұл намаз «таһажуд» деп аталған болатын. 

Алла Тағала Хақ Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түн жарымында тұрып, Хақты зікір етудің маңыздылығы туралы Құран Кәрімде көп­теген аяттар түсірген. «Түннің бір бөлімінде және намаздардан кейін Оны дәріпте» («Кәф» күресі, 40-аят). «Түннің бір бөлімінде және жұлдыздар батар кезде де дәріпте» («Тур» сүресі, 49-аят). «Әй, бүркеніп жатушы (Мұхаммед)! Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің.) Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы. Әрине саған салмақты (маңызды) Құранды түсіреміз. Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы…» («Музәммил» сүресі, 1-6 аяттар). «Ертелі-кеш Раббыңның атын зікір ет» («Инсан» сүресі, 25-аят).

Сонымен қатар, Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде өзінің сүйген құлдарының сипаттарын бейнелегенде, олардың ерекше тақуалықтарының бір белгісі ретінде түн ортасында тұрып, Жаратушыны жадына алып, ынты-шынтымен құлшылық жасайтынын атап өтеді. Түн ұйқыны төрт бөліп, Алланың разылығы үшін тұрып, намаз оқудың теңдессіз сауапқа кенелтетіні туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз намаздан кейінгі ең фәзилеті мол намаз – таһажуд намазы» (Муслим) деп хабарлаған. Жалпы Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таһажуд намазының маңыздылығы туралы көптеген өсиеттер айтқан. «Таһажуд намазын оқыңыз. Өйткені, бұл – сізден бұрынғы салиқалы құлдардың жасаған амалы. Бұл – Аллаға жақындататын, күнәңізді жоятын және күнәнің алдын алатын ғибадат» (Тирмизи). «Кімде-кім түнде оянып, жұбайын оятып, бірге екі рәкағат намаз оқыса, Алланы ұдайы зікір еткен еркек пен әйелдер ретінде жазылады» (Әбу Дәуд). «Уа адамдар! Бір-біріңізге сәлем беріңіздер. Бір-біріңізді тамақтандырыңыздар. Адамдар ұйықтап жатқанда, тұрып намаз оқыңыз. Осылай жасасаңыздар, саламатты түрде жұмаққа кіресіздер» (Ибн Мажә). «Парыз намаздан кейінгі ең сауабы мол намаз – таһажуд намазы» (Нәсаи).

Түн ұйқысын бөліп, тұрып намаз оқу пенде баласына физикалық тұрғыдан оңай соқпасы белгілі. Осы себептен де таһажуд намазы – нәпсіге ең ауыр келетін құлшылық. Алла Тағала Құранда: «Нәпсі жамандыққа бұйырады» («Юсуф» сүресі, 53-аят) деп ескертеді.

Ал Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең ұлы жиһад – нәпсімен күрес» деп өсиет еткен. Яғни, таһажуд намазы – нәпсіге қарсы майдан ашу, оған күтпеген жерден ауыр соққы жасау, еңсені езіп тұратын керітартпа суық көңілді су бүркіп ояту, ояну, тірілу, күшею һәм жеңіске жетіп, мерейің үстем болу деген сөз. Олай болса, ақыретін ойлаған, көңілінің саңылауы бар жақсының қылмағы таһажуд намазы болмақ.

Ермек МҰҚАТАЙ,

Өскемен өңірінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №6, 2020 жыл

Салауат айтудың сауабы
Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу