Дос болуға тұрмайтын 5 адам
Әбу Жағфар Мұхаммед бин Әли Бақир былай дейді:
"Әкем маған: — Балам! Бес кісімен ешуақытта жолдас болма, олармен әңгімелеспе және жолда серік болма! — деді.
— Құрбаның болайын әке, ол бесеуі кім? — деп едім, әкем:
— Пасықпен жолдас болма, ол бір асқа бола немесе одан да төменіне сені сатып жібереді, - деді.
— Әке! Одан да төмені не?
— Дәметіп, қолы жетпеген нәрсе.
— Әке! Екінші адам кім?
— Сараңмен жолдас болма. Өйткені, ол саған ең керек кезде мал-дүниесін бермейді.
— Әке! Үшіншісі кім?
— Өтірікшіні жолдас етпе, ол сағым сияқты жақынды сенен алыстатып, алысты саған жақын етіп көрсетеді.
— Әке, төртіншісі кім?
— Ақымақпен жолдас болма. Өйткені, ол саған пайда беремін деп зиян тигізеді.
— Әке, бесіншісі кім? — дегенімде:
— Туысқанымен ара-қатынасын үзгенмен жолдас болма, өйткені ондай адамның Құранда үш орында лағынеттелгенін көрдім, — деп әкем өсиет еткен еді.
P.S. Дос — араб тілінде «садық», яғни, шыншыл деген сөзден туындайды. Демек дос – әр жағдайда сізбен шыншыл, қарым-қатынастағы бауырыңыз.
Дереккөз: Islam.kz