Жұма күні не істеу керек?

Oinet.kz 26-06-2020 1386

Күндердің сұлтаны – жұма. Бұл күн барша мұсылмандар үшін мереке саналатын ең берекелі күн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Күннің ең қайырлысы – жұма. Адам ата жұма күні жаратылған, осы күні жәннатқа кірген және осы күні жәннаттан шығарылған. Қиямет күні де жұма күні болады», – деген. Сондай-ақ, Алла Елшісі жұма күнін кімде-кім құлшылық ғибадатпен өткізіп, Алладан өзіне кешірім тілесе, Алла оны кешіреді деген. Ендеше қасиетті жұма күнін қалай өткізуіміз тиіс?

image.png

Жұма – парыз

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көш түзеп келе жатқанда Мәдинаға жетпеден Рануна жазығына келгенінде осы күні Жұма мешіті атанған мешітте намаз оқиды да: «Бұдан былай жұма күні жұма намазын оқу үмбетіме – парыз», – дейді.

Жұма күнінде не бар?

Пайғамбарымыз(с.ғ.с) былай дейді: «Бір күні маған қолында әппақ айна ұстаған Жәбірейіл періште келді: «Бұл – жұма намазы. Раббың оны саған және сенен кейін келетін үмбеттерге мейрам болсын деп парыз қылды», – деді. Мен де Жәбірейілден: «Бұл күнде біз үшін не бар?», – деп сұрадым. Ол: «Бұл күні өте бір қайырлы уақыт бар. Кімде кім бұл уақытта өзіне нәсіп етілген қайыр-жақсылық тілесе, Алла тілегенін береді. Алла тілеген нәрсесі нәсіп болмаса, Алла бұдан да үлкен нығметті оның Ақыреті үшін сақтайды. Ал егер бұл уақытта құл өзіне нәсіп етілген жамандықтан Аллаға сыйынса, Алла оны бұл жамандықтан қорғайды. Жұма күні періштелердің жанында күннің ең қайырлысы. Біз бұл күнді қияметте «сыйы көп болған күн» деп атаймыз», – дейді. Сонда Алла Расулі: «Неге «сыйы көп күн» деп атайсыздар», – деп сұрайды Жәбірейілден. Жәбірейіл: «Өйткені, Әзіз және Жәлил болған Алла жәннатта хош иістендірілген бір жазық жаратты. Жұма күні болғанында Алла Күрсі мақамына түседі. Алла Тағала жәннаттағы құлдарына жұма күнін дидарын, жамалын көрсетеді», – деп жұма күнінінің қадыр-қасиеті мен мән-маңызын әңгімелеп береді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жұма күні жақсылап дайындалып, құтпа оқығанда оны ықыласпен тыңдап, жұма намазын оқығанға өткен жұмадан бұл жұмаға дейінгі жасаған барлық күнәлары кешірілетіндігін сүйіншілеген. Ал егер себепсізден себепсіз үш жұманы жіберіп алған адамның жүрегін Алла мөрлеп тастайтынын ескерткен.

Дұға қабыл болынатын сәт қай уақыт?

Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Жұма күні бір уақыт бар. Мұсылман ғибадатымен сол уақытқа тап келсе, Алла тілегенін береді», – дейді. Бірақ қай уақыт екенін сұрағанында ол сәтті Алланың жасырып қойғандығын айтты. Яғни, бейсенбі ақшам уақытынан бастап, жұма күні кеш батқанға дейін бұл уақытты құл іздеуі тиіс. Іздеуі керек дегенде де, осы уақыт аралығында құл барынша ғибадат құлшылықта болуы тиіс, бәлкім дәп келер. Бұның хикмет де сол – құл жұма күні барынша мол ғибадатта болсын дегені.

Жұмаға қалай дайындалу керек?

Екі әлемнің сардары(с.ғ.с): «Кімде кім жұма күні ғұсыл құйынып, жақсылап жуынса, сосын ең әдемі киімін киініп, Алла нәсіп еткен хош иіспен, әтірмен хоштанып, жұма намазына барса, ол жерде бос сөзге жол бермей, мұсылмандарды аттап-пұттап, басып-жаншып, оларға зарар бермей, намазын оқыса, Алла ол құлының сол жұма мен өткен жұма арасындағы күнәларын кешіреді», – деген.

Демек жұма күні мыналарды атқарған жөн:

1. Ғұсыл құйынып, жуыну.

2. Тырнағын алу.

3. Хош иістер себіну.

4. Жақсы киімдерін киіну.

5. Жұма намазына ерте бару және алдыңғы қатарлардан бос орынға жайғасу.

6. Ықыласпен уағыз тыңдау. Жұма намазын оқу.

7. Аз да болса, садақа беріп, мұқтаждарға да жұма күндік мереке сыйлау.

Жұма күні қандай сүрелер оқыған абзал?

1. Жұма күні Кәһф сүресін оқу керек.

2. Таң намазында Сәжде және Инсан сүрелерін оқыған абзал.

3. Сондай-ақ, Жұма, Мұнафиқун, Ағла, Ғашия сүрелерін де оқудың сауабы көп.

4. Жұма күнінің кешінде (яғни, бейсенбіден жұмаға қараған түні) Ясин сүресін оқуға болады.

5. Жұма бойы Алланы зікір етіп, Пайғамбарымызға көптеп салауат айту. Себебі, жұма күні айтылған салауаттарды Пайғамбарымыз естиді.

6. Жұма күні Алланың «Иә Рахман», «Иә Рахим», «Иә Қадир», «Иә, Қауи» есімдерін атай отырып, көп дұға қылу.

Қабірдің жанынан өткенде бет сипау дұрыс па?
Ризықты арттыратын 11 себеп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу