Жалаңаштанған ұрпақтың тәрбиесіне кім кінәлі?

Oinet.kz 17-03-2020 1172

Бүгінде «еркекше» киінген, жалаңбас, маскүнем әйелдерге көзіміз үйреніп болды. Қазір көшеде денесінің 50 пайыздан астамы жалаңаш жүрген қыздарды шаммен іздеудің қажеті жоқ. Әйелдің шашына күн тисе, қыздардың кіндігіне, яғни әкелер ұрпағына у тиеді дейді. Осындай лас және ұятсыздықтың салдары отбасындағы берекесіздікке, ажырасуларға әкеп соқтыруда. Жартылай жалаңаштану үрдісі қазір тек әйелдерде ғана емес, еркектер арасында да кең таралған. Ересек еркектер тізесінен түскен шортик кисе, жастар тізесіне жетпейтінін киеді.

unnamed (1).jpg

Иіні мен кіндігін ашып, ары мен барын шашып жүргендерде қандай адамгершілік болады?! Сондықтан, бүгінгі жастарымызға тәрбие керек. Әл-Фараби бабамыз: «Адамға білім емес, алдымен тәрбие керек»,- дейді. Ал қазір бәрі керісінше. Тәрбиеден бұрын оқу деп, бір емес, екі диплом алса да, аузында Алласы, артында аманаты жоқтар қаншама.

Елімізде небір сұмдықтар белең алып барады. Жақсылықты даттап, жамандықты мақтайтын пасықтар, Алланы емес, арақты зікір еткен қарттар, өсиеті жоқ, өсегі көп әжелер, тойымсыз бай, орынсыз шай қоғамымыздың сырқатына айналды. Тіліңді алмас, құлағын салмас бейбақтарға тәрбие берер иманды үлкендер қатары азайды ма? Некесіз сәби, нашақор ұл-қыз, жемқор һәм парақор бастық, араққұмар әйел көбейсе, болашағымыз не болмақ?

Перзент тәрбиесінің қайнар көзі - дін. Кім баласына Құран жаттатса, ол - шаһид. Ұрпақ жалғасып, олардың баянды өсіп жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай, негізін қалыптастыратын ең берік тірек, ол - ата-ана.

Өмірде бір-біріне қызмет жасаса, қор болмайтын төрт адам бар: олар - ата-ана мен ұл-қыз. «Ана мен перзент қалып пен кірпіш секілді» дейді дана халқымыз. Егер қалып таза болса, кірпіш те түзу болатыны сөзсіз. Жаны мен тәні таза әйелден дені сау ұрпақ туады. Баланың денсаулығы зор, ақыл-есі дұрыс болуы үшін ата-аналар арақ пен доңыз етінен өздерін аулақ ұстағаны абзал. Бір шыны сыра да ана құрсағындағы балаға әсер етеді. Ішкілікті азық еткен ерлі-зайыптылардың дүниеге әкелген сәбилерінің 89 пайызы әлсіз, 84 пайызы психикалық қиыншылықтарға ұшыраған, 80 пайызының сөйлеу мүшелері кеміс, 80 пайызының терісі зақымдалған, 51 пайызының аяқ-қол саусақтары қисық, 41 пайызының есту мүшелері кеміс, 29 пайызы жүрек ауруларына шалдыққан, 25 пайызының көру қабілеті төмен, 10 пайызының бүйрегі істемейтін болады екен. Біреуді ұрып, қол-аяғын сындырғанды заң жүзінде жазалаймыз. Бірақ, аяқ-қолсыз немесе ақылсыз баланың өмірге келуіне себепші маскүнем ананы заң қалай жазалайды? Рас, ондайлардың жазасын біз емес, Алла тағала береді.

Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұтқа табыну, оқпен бал ашу, бәсекелесу - шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем десеңдер, шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық - ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) болса, өзінің хадис-шәріптерінде: «Шарап масайтады, сондықтан шараптың барлығы да - харам» деген. Ол мұсылмандардың ішімдік ішілетін орындарда болуына да, ішкендердің қасында отыруына да тыйым салған. Маскүнемдік - ақылдан алжасудың жолы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «бар жамандықтың көзі» деп баға берген арақ-шарап туралы Құранның бір сүресінде: «Ей, адам баласы! Арақ ішпе! Ішер болсаң, бұл дүниеде қор болып, ақыретте азапқа душар боласың»,- дейді.

Әйел - отбасының бақыты, сәні, дәулеті емес пе?! Үйдің тазалығы да, үй иесінің тыныш, жайбарақат болуы да соған байланысты. Өйткені, әйелдің табиғаты да, мінез-құлқы мен міндеті де бөлек. Әйел үйдің ішіндегі істелген іс пен айтылған сөзді далаға тасыса, шаңырақтың шайқалғаны. Әйел күйеуінің жолын біле тұрып кессе, дүниесі қараңғы, сөзін бөлсе, бүкіл дүниесі өрт. Әйел күйеуіне қол көтерсе, бәйтерегі құлап, тамыры нәрсіз қалар. Үйдің сәні кетіп, ошағының күлі көкке ұшар.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әйелдердің ерін сыйлауының қаншалықты маңызды екендігін мына бір өсиетінде аңғартады: «Қиямет күні әйелдерден намазынан кейін еріне бой ұсынған-ұсынбағандығы сұралады»,- дейді. Татулықтың алтын кілті - әйелдің қолында. Шаңырақтың киесі - әйел, ал иесі - еркек. Олардың отбасы билігіне таласы қайғы-мұңға батырып жатады. Соған қарамастан, қазіргі таңда ерлі-зайыптылардың арасында отбасындағы өздерінің міндеттері мен құқықтарын жете түсінбейтіндер аз емес. Әйел күйеуінің табиғи жетекшілігін мойындамай, ерегесте тірлік кешіп, отбасындағы сыйластыққа сызат түсіреді. Әйел билеген отбасында өскен ұл көбінесе жалтақ, ер-азаматқа лайық мінезі, қылығы, өзіндік көзқарасы мен шешімі жоқ ынжық болып ержетеді. Осындай отбасында өскен қыз көргенінен жаңылмайды. Ол шешесінен көргеніндей үстемдікке тырысып, соның салдарынан күйеуімен ренжісіп, аралары біртіндеп суи бастайды.

Адамды адастырмайтын бір-ақ жол бар: Ол - шариғат жолы. Егер қасиетті Құранның аяттарынан нәр алып, оның көрсеткен жолымен жүрсең, сен ешқашан жаңағыдай көлденең көк аттылардың арбауына түспес едің.

Алладан басқа Жарылқаушы жоқ екені хақ. Егер Құранға үңіліп, хадис құндылықтарын парақтар болсақ, мұндай надандыққа бармас едік. Құранда: «Әлбетте, өліктер сөйлемейді. Ақиқатында, сен өліктерге естірте алмайсың» дейді. Дін бұзарлыққа берілген, дінді теріс пайдаланған адам сол ниетінен әбден қайтпайынша, Алла оның тәубесін қабыл етпейді. Сол секілді, арақ құмар әйел, жалаң бас, кіндігін ашып, еркекше киінген әйел-қыздар сол жиіркенішті ниетінен әбден қайтпағанынша, Алла олардың да тәубесін қабыл етпейді. Өйткені, кіндігі көрінгеннен көргенсіз, омырауы ашықтан оңбаған ұрпақ тарайды.

Ендеше, біз жаратылғандардан емес, барша ғаламды жоқтан бар еткен Жаратқан Хақ Жаббардан тілейік, ағайын!

Жайлахан НҰРТАЕВ

Алладан кешірім сұраудың маңызы
Әйелді жұмаққа жетелейтін амалдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу