Маса неге «қанішер»?
Ызыңдаған масаның шаққаны кімге болса да жақпасы анық. Ұйқымызды бұзатын бұл жәндікті өлтіру үшін барымызды салатынымыз да өтірік емес. Ал енді олар не үшін шағып, не үшін қан ішетінін ойланып көрдіңіз бе?
Маса қанмен қоректенбейді. Олар тіпті сумен де тіршілік ете береді. Онда қанның оған не қажеті бар деп ойларсыз? «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегі есіңізге түсті ме? Ертегі мифінің де, тек қанмен қоректенетіні туралы түсініктің де мүлде қатысы жоқ. Олай болса, осы сұрақтың жауабын біз сізге түсіндіріп көрейік.
Ең алдымен масалар туралы қысқаша тоқталып кеткен жөн болар. Бізді еркек пен әйел етіп жаратқан Алла оларды да жұпсыз қалдырмаған. Олар да аталық пен аналыққа бөлінеді. Ал сіздің қаныңызды сорып, мазаңызды алатын масаның аналығы екен. «Маса тәрізді ызыңдап мазамды ала бермеші» деп әйел адамдарға көп айтылатыны да содан болса керек.
Аналық масаға қан көбею үшін қажет екен. Қан суға қарағанда ақуызға бай қорек. Қан плазмасы мен эритроциттердегі ақуыз ішектерінде қорытылады, ал амин қышқылдары аналық жасушада ақуыз синтезіне қызмет етуге бағытталады. Дернәсілден шыққан аналық маса 3-4 күн өткенде аталық масамен ұрықтанады. Ұрықтанған аналық өзінің «құрбандарын» іздей бастайды. Қан ішкен маса оны 2-3 тәулік ішінде қорытады. Бұл уақыт аралығында аналық безде ұрық дамиды да, аналық маса ыңғайлы су тауып, су бетіне жұмыртқаларын қалдырады. Кейбір «қанішерлер» бұдан кейін өліп кетіп жатады, ал аман қалғандары әрі қарай қан ішіп, тағы жұмыртқалай алады. Ол үшін тағы да аталықпен ұрықтанудың қажеті болмайды.