Болашақта адамды роботтар басқарады

Oinet.kz 02-08-2019 5793

Screenshot_9.jpg

Жер бетінде адамзат баласынан асқан ақылды тіршілік иесі жоқ. Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары жабайы өмірден бүгінгі жаһандық дәуірге осы ақыл-парасаттың арқасында жетті. Бұған дейін  бар тірлікті, қызметті адам өз қолымен жасап келді. Яғни ешқандай техникаға жүгінбеді. Ал қазір техникасыз өмір сүру мүмкін бе? Әрине жоқ. Автоматтандырылған құрылғылар адам өмірін едәуір жеңілдетуде. Технология дәуірінің үлкен жетістігі деп роботтарды атауға болатын шығар. Алғашқы роботтар тек бір-екі сөз сөйлеп, ары-бері қимылдағаны болмаса артық қызмет атқара алмайтын. Пенделердің ойлап  тапқан бүгінгі  темір адамдары мүлдем бөлек. Заманауи құлтемірлердің атқармайтын қызметі жоқ бүгінде. Олар адаммен кәдімгідей тілдесіп, үйіңді жинайды, асыңды әзірлеп, өзге де шаруаларыңды атқарып береді. Тіпті қазір мамандық иелері бойынша роботтар пайда болған.  Мәселен, медбикенің шаруасын істей беретін hospi роботы, робот –адвокат, робот-оқушы, робот-даяшы, әлеуметтік, өнеркәсіптік роботтар секілді тағы басқалар. Науқастар адам өміріне жауапты ақ халаттылардың еміне ғана емес жылы сөздері, ықыласына да зәру. Ал «бетін тілсең қан шықпайтын» темір медбикеден жылы сөздерді қалай суырып алмақпыз? Ең сорақысы болашақта балаларымызға тәрбиені құлтемір үйретпек екен. Бұл жәй ғана сөз емес. Олай дейтініміз, жапон елінде ақылды құлтемірлер бастауыш сынып оқушыларына дәріс бере бастады. Олар оқушылардың бет-әлпетіне қарап, олардың аттарын есіне сақтай алады екен. Ақылды енді темірден сұрасақ жетіскен екенбіз. 

Құлтемір жасауда Күншығыс елі көш бастап тұр. Зерттеу бойынша жасанды интеллектілі роботтар 10-20 жылдан кейін  әрбір үшінші жапондықтың қызметтерін атқара алатын болады. Робототехникаларды даму болжамдары бойынша болашақтағы жасанды интеллекті аппараттар 601 жұмыс түрінің 235-ін мүлтіксіз орындай алатындығын көрсетті. Қазіргі уақытта  мұндай жұмыстармен шамамен 25 миллион адам, яғни Жапонияның  49 пайызы қамтылған.  Көріпкелдер 2044 жылы өзін-өзі көбейтетін роботтар жасалады деген болжам айтып отыр.

Роботтардың адам өміріне етене араласқаны пайдалы ма зиян ба? Жұмсауға жақсы болғандықтан пайдалы дейтін шығарсыз. Олай емес. Роботтардың көбейгендігі адамды адамзаттықтан айырады. Үйде, жұмыста бар тірлікті істеп жүре беретін құлтемірлер бізді ақырын отбасы, дос-жараннан айыратын түрі бар. Онсызда қазір адамдар бір-бірімен тілдесуден қалды. Қазір айналадан тек қолындағы смартфон, айпадқа үңілген жандарды көресіз. Халыққа қызмет көрсету орталығы, аурухана, асхана өзге де қоғамдық орындарда алдыңыздан сізді робот қарсы алса аз ғана жылдардан кейін адамның түрін көруге зар болатын шығармыз. Тірі пендемен сөйлесіп, пікір алмасып, сырласпаған соң адам өздігінен тұйықталып кететіні рас. Іштегі қуаныш, мұң, шер сыртқа шықпаған соң, әрі қимылы аз өмір адамды ауру етпей ме?! Роботтармен тілдесіп жүре берсек адам тілінде сөйлесуден қалмаймыз ба? Роботтардың көбеюі болашақта адамдарды жұмыссыз қалдыратын түрі бар. Жалақы төлеуді қажет етпейтін құлтемірлер барда әрине «тірі» мамандарға сұраныстың азаятыны хақ.  Ғалымдар бес аспапты роботтарды ойлап тауып жатқанымен әзірге оларға сана-сезім орната алған жоқ. Егер «темір адамдар» қуанып, мұңайып, жылай алса адамдардан еш айырмасы болмайды. 

Технология осы қарқынмен дами беретін болса, құлтемірлер адам өмірінің бір бөлшегіне айналып кетуі мүмкін.  Ғалымдар болашақта адамды роботтар билейді деген болжам жасап отыр. Өз қолымызбен жасаған темір құрылғы өзімізді басқарса адамзаттың құрығандығының белгісі емес пе?     

Ерман ШҮКІРӘЛИЕВ,

Алматы қаласы

2016 ж

Көрші бөлмеге не үшін барғанымызды неге ұмытып қаламыз?
Бразилиялық әйел отадан соң ұрыға айналған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу