Өз жаназасына өзі сценарий жазған Черчилль

Oinet.kz 21-06-2019 1777

Screenshot_7.jpg

Бұдан 70 жыл бұрын ХХ ғасырдағы  ең оғаш сайлаудың бірі тарих парағына жазылды: 1945 жылы шілдедегі  парламенттік сайлауда Британияны соғыс жылдары басқарып, Гитлерді жеңуге елеулі үлес қосқан Уинстон Черчилль өз қарсыласынан жеңіліп, билік басына лейбористер партиясының лидері Клемент Эттли келді. Бірқатар тарихшылар бұл сайлаудың нәтижесін «ұлы тұлғаға жасалған опасыздық» деп бағаласа, басқалары бұл сайлауды «нағыз демократияның салтанат құруы» деп дәріптеді. 

Бұл сайлаудың халықаралық мәні де орасан зор болды. Бұл Берлиннің маңындағы Потсдамда  «үлкен үштіктің» - КСРО, АҚШ және Британия басшыларының соңғы конференциясы өтіп  жатқан кез болатын. Сайлау нәтижелеріне байланысты Британия делегациясының басшысы Черчилді жаңа сайланған премьер Эттли алмастырды. Бостон (АҚШ) университетінің профессоры, «Жаңа Еуропа тарихының» маманы Игорь Лукештің пікірінше, 1945 жылы сәуір айында Франклин Рузвельттің өлімі, Еуропадағы ең тәжірибелі саяси тұлғаның конференция сахнасынан кетуі, әрине, Сталиннің ықпалын арттыра түсті. «Бірақ сол Черчилдің өзі Тегеран мен Ялтада өткен конференциялар мен Мәскеуде өткен екі жақты келліссөздерде Сталиннің ырқынан шыға алмай, Еуропаның соғыстан кейінгі картасын Кремльдің үлгісі бойынша қалыптасуына себепші болғанын айта кетуіміз керек. Ал Черчилдің парламенттік сайлауда жеңілгенін мен «опасыздық» деп санамаймын. Әрине, Черчилль Британияны неміс агрессорларынан азат етті, тізе бүккен Британияны аяғына тік тұрғызып, өзіне деген сенімін күшейтті. Бірақ соғыстың соңына қарай британдықтар жеңістің «қаншалықты қымбатқа түскенін» екшей бастады. Консерваторлардың бәсекелесі – лейбористер партиясы социал-демократиялық (жұмсақ коммунизм) құндылықтарды – әділеттілік пен теңдік және басқа да тартымды идеяларды ұсына білді» дейді тарихшы Игорь Лукеш. 

Лондонда тұратын тарихшы әрі публицист Кирилл Кобрин  лейбористердің жеңісін Ұлыбританиядағы бейбіт әлеуметтік революция деп бағалады. Бұл революция Британиямен шектелмей, бүкіл Батыс әлемінде социал-демократиялық құндылықтардың орнығуына оң ықпалын тигізді. Айта кететін бір жағдай: жеңіске Черчилль емес, Британия жетті. Черчилль басқарған үкімет коолициялық болатын, ал Клемент Эттли  сол үкіметтің вице-премьері еді, бұл жеңіс – Эттлидің де жеңісі болды. 

Сол тұста Британияда бірінші рет әлеуметтік мемлекет концепциясы жүзеге асырылды. 6 жыл ішінде лейбористер бұрын-соңды болмаған тегін медицинаны енгізді. Бірінші жылдың өзінде 8,5 миллион адам өмірінде бірінші рет тіс дәрігерінің көмегіне қолы жетті, ал 5 миллион адам тегін көзілдірік алды. Зейнетақылар мен түрлі көмек ақылар жүйесі қалыптасты. 1945-1951 жылдар арасында тұрмысы төмен адамдар үшін 1 миллионға жуық үй салынды. Тек бастауыш мектептер емес, гимназиялар да балаларға тегін білім бере бастады.  

Эттлидің үкіметі кезінде деколонизация процесі басталды: Индия тәуелсіздік алып, британдықтардың Палестинадан кетуі Израиль мемлекетінің құрылуымен аяқталды. 

Уинстон Черчилдің тағдыры әйгілі саясатшылардың өз қоғамының қажеттігін сезіну мен ел тұрғындарының арман-тілектерінен алшақтап кетуі мүмкіндігін көрсетті. Тарихшылар «даңққа бөленген, аристократиялық ортадан шыққан Черчилге қарағанда, орта таптан шыққан, жұмысшылар қалашығын басқарған Клемент Эттли британ қоғамының қажеттіліктерін, мүдде-үміттерін терең сезініп, халықтың арман-тілегін тани білді» - дейді. Черчилль британ халқының рухын терең түсінетін, соғыс жылдары  бұл көшбасшы үшін ең қажет қасиет болатын, ал соғыстан кейінгі бейбіт жылдар – Эттлидің қасиеттерін қажет етті. 

Тарих тағлымы ешкім ұзақ жылдар бойы даңққа бөленіп, бір кездердегі табысына мастанып өмір сүре алмайтынын көрсетіп отыр. Мысалы Сталин өлгенде ел күйзеліске түсіп, «енді қалай күн кешеміз?» деген екен. Сталинизм мен жеке басқа табынушылыққа қарсы күресті бастаған Хрущевтің кезінде миллиондаған адамдар жеке пәтер ала бастады. Өз баспанасына ие болған бейбақтар адам сияқты өмір сүре бастады. Бүгінде «хрущевка» деп аталатын шағын пәтерлер өмір бойы жертөледе немесе жатақханада тұрған адамдар үшін патшаның сарайындай болды. 

Британияның белгілі ақсүйектер әулетінен шыққан Уинстон Черчилль – коммунизнің ата жауы болатын. Ол Совет Одағы мен Сталинді өте жек көретін. Британдық тарихшылар «Черчилль Кремльге деген өшпенділігі мен Совет Одағының 2-дүниежүзілік соғыстағы жеңісіне деген күншілдігін жеңе алмай кетті» дейді.  

Черчиллдің 1946 жылы 5 наурызда АҚШ-тың Миссури штатындағы Вестминстер колледжінде сөйлеген сөзі тарихта «қырғи қабақ соғыс идеологиясы» (холодная война) деген атпен белгілі. Черчилль Миссуриге Американың президенті Гарри Трумэннің шақыруымен келген болатын. Черчилдің осында сөйлеген сөзі Батыс әлемі мен Совет Одағы арасындағы идеологиялық соғыстың басталуына себеп болды. Айта кету керек, о баста американдық истеблишмент Черчилдің бұл бастамасына оң көзқарас білдірген жоқ. Соғыс енді аяқталып, бейбіт өмірді бастадық деген кезде қандай соғыстың болсын идеологиясын қабылдау  қиын шаруа болатын. Кейін бұл қырғи қабақ соғыс күшейе түсті. Тек Горбачевтің билік басына келіп, Батыстың айтқанына көніп, айдауына жүре бастаған соң бұл соғыс тоқтады. 40 жылға созылған соғысқа қаншама ресурс кетті, бұл қырғи қабақ соғыстың кесірінен қанша гуманитарлық жобалар атқарылмай қалды десеңізші. 

Черчилль Фултондағы сөзінде Совет Одағын қаралап, «Шығыс Еуропа мен Орталық Еуропа елдері коммунистік режимнің құрсауында қалды, ағылшын тілді ұлттар, бірінші кезекте, Британия мен Америка тізе қосып, әлемді коммунизнен қорғауы керек. Варшава, Берлин, Будапешт,Белград, София – Мәскеудің тоталитарлық бақылауында тұр, ондағы коммунистік партиялардың ықпалы артып келеді» деген болатын. Арада 9 күн өткенде  Сталин «Правда» газетіне берген сұхбатында Черчилді Гитлермен салыстырып, оны расизмде, яғни нәсілшілдікпен  айыптады. Сталин: «Черчилдің нәсілшілдік теориясы тек ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар ғана әлемнің басқа халықтарының үстінен үстемдік етуі керек деген тұжырымды тудырып отыр» деді. Ия, Черчилдің Совет Одағына деген өшпенділігі соншалық, ол 1947 жылы АҚШ президенті Гарри Трумэнді Совет Одағына атом бомбасын тастап, Кремльді жер бетінен жойып жіберуге шақырған болатын. 

Черчилдің сапары Миссури штатының Фултон қаласында орналасқан Вестминстер колледжін әлемге әйгілі орынға айналдырды. Мұнда Рональд Рейган, Маргарет Тэтчер, Михаил Горбачев және Лех Валенсалар лекция оқыды.  

1951-55 жылдары Черчилль екінші рет Британияның премьер-министрі болып сайланды. 76 жасында премьер болған Черчилль  өз лауазымын толыққанды атқара алмады. Қарт саясаткерге жүрек ауруынан, экзема және кереңдіктен емделу қажет болды. 1953 жылы Королева оған «сэр» титулын сыйлады. Сол жылы Черчилль әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Черчилмен бірге  Эрнест Хемингуэй де осы сыйлыққа ұсынылған болатын. Кезек Черчилге беріліп, Нобель сыйлығын Хемингуэй келесі жылы алды. 1955 жылы 5 сәуірде Черчилль отставкіге кетті, ал 1964 жылы соңғы рет парламент мәжілісіне қатысты.    

Черчилль 1965 жылы 90 жасында қайтыс болды. Мемлекеттік жерлеу ұйымдастыру жайлы шешім қабылданып, бар мәселені шешуді Королева мен Букингем сарайы өз міндетіне алды. Черчилге дейін тек физик Исаак Ньютон, адмирал Нельсон, герцог Веллингтон және саясатшы Гладстон  ғана мемлекеттік жерлеу құрметіне ие болған екен. Черчилдің жаназасына әлемнің 120 мемлекетінің басшылары қатысып, жерлеу рәсімін тікелей эфир арқылы әлемнің 350 миллион адамы көрді. Бұған дейін Британияда мұндай жаназа мен мұндай жерлеу рәсімі болмапты. Тарихшылар жерлеу рәсімі Черчилдің өз өсиеті бойынша ұйымдастырылғанын, ал сценариді қарт саясатшы ұзақ жылдар бойы жазғанын айтады. 

1974 жылы Вестминстер аббатығында, яғни шіркеуінде Черчилге есткерткіш қойылды. Мұнда есткерткіштің қойылуы – Британия азаматы үшін ең жоғары мәртебе саналады.  Ия, Черчилль – өз елі мен Батыс әлемінің мүддесін қорғаған саясатшы. Оның Африкадағы қара нәсілділер мен Америкадағы қызыл нәсілділерді адам орына көрмегені, коллониялдық саясаттың жақтаушысы болғаны белгілі. Черчилдің африкалықтарға қарсы химиялық қаруды қолдануымыз  мүмкін деп санағаны бүгінде жасырын емес. 

Черчилль өзінің «Өзендегі шайқас» атты  кітабында: «Мұсылман діні өз ұстанушыларына қандай қорқынышты қарғыс артады. Ит үшін құтыру қаншалықты қауіпті болса, адам үшін фанатизм (жанкештілік) соншалықты қауіпті, сондай-ақ, тағдырға мойынсұнушылық пен енжарлық та  мұсылмандарға тән қасиеттер. Мешеу салт-дәстүр, ауыл шаруашылығының көне жүйесі, сауданың дамымауы, жеке меншік кепілдігінің жоқтығы мұсылмандар тұратын немесе басқаратын елдерді жайлаған» деп жазады. Сөйте тұра Черчилль 1940 жылы қазынадан 1-ші дүниежүзілік соғыста Британия үшін жан қиған индиялық мұсылмандардың құрметіне мешіт салу үшін 100 мың фунт стерлинг бөлгені белгілі. 

Черчилдің өмірінің аяғына дейін сигара тартқаны белгілі. Үкімет мәжілісі басталып, соңына дейін тартылмай қалған премьер-министрдің темекісінің тұқылын бір қызметкер сақтап қойған екен. Сол темекінің тұқылы аукционда 7 мың долларға сатылыпты. Ал саясатшының салған суреттерінің бірі 2,8 миллион долларға сатылды. Бұл аукциондар Черчилдің қаншалықты даңқты тұлға болғанын  көрсетіп отыр. 

Би-Би-Си радиосының 2002 жылы өткізген сауалнамасы бойынша Черчилль Британияның ең ұлы тұлғасы деп танылды. Бүгінде Черчилдің тікелей ұрпақтары қалмады. Қызы – Мэри Соамс өткен жылы маусым айында 91 жасында қайтыс болды. 

Көруге тиым салынған фильмдер топтамасы
Несие қалай пайда болған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу