Джоан Роулинг. «Гарри Поттер»
25-09-2019
Джоан Роулинг – британдық жазушы, сценарист, кинопродюсер, Гарри Поттер жайлы 7 романның авторы. Жазушы қаламынан шыққан Гарри Поттер туралы романдар бірнеше сыйлықтарды жеңіп алған. Кітаптың барлығы 500 миллионнан астам данасы сатылған. Назарыңызға Джоан Роулингтің жетістігі мен Гарри Поттердің жазылу тарихын ұсынамыз.
Жастық шағы
Джоан Роулинг жазушылыққа ерте жасынан бастап қызыққан. Алты жасында Ара ханым мен Қоян Мырза жайлы алғашқы оқиғасын жазып, сіңілісіне айтып береді. Ал сыныптастарының айтуы бойынша ол тұйық қыз болған.
Джоанның әкесімен қарым-қатынасы жақсы болмаған. Ал анасы ауыр дертке шалдығады. Мектепті жақсы аяқтаған соң, университетке құжаттарын тапсырған. Оксфорд Университетіне түсе алмаған Джоанды Эксетере Университетіне қуана қабылдайды. Ол өзі ұнатқан филология факультетіне оқуға түседі.
Университетті аяқтаған соң ол өмірден өз орнын іздейді. Бірнеше жұмыс орнын ауыстырады. Жазушылықпен көп ақша табуға болмайтын еді. Осы себепті үлкен әрі табысты идея іздей бастайды.
Гарри Поттердің пайда болуы
Идея 1990 жылы Манчестерден Лондонға қарай жол тартқан пойызда келеді. Пойыз Орталық Англиядағы тауда 4 сағатқа кідіреді. Осы кезде оның ойына жетім бала, сиқыршылар мектебі мен магияға толы әлем келеді. Джоан мұның үлкен романның негізі екенін түсінеді. Алайда ойды іске асыруға біраз уақыт қажет болды.
Роулинг Портуға барып, кешкі уақытта француз тілінен сабақ береді. Ал күндіз кітап жазады. Жұмыс ойындағыдай жүрмейді. Ол португалиялық журналистке тұрмысқа шығады.
1993 жылы Англияға қайта оралады. Бұл уақытқа дейін жазушы бар жоғы 3 тарауды ғана жазып үлгерген еді. Қиын жағдайда өмір сүргенімен, Роулинг кітапты аяқтауға бел байлайды. Осылайша 1995 жылы алғашқы кітабын жазып шығады. Алдыда кітапты басып шығару ісі тұрды.
1997 жылы «Bloomsbury» баспасынан Джоанның алғашқы кітабы 1 000 данамен басылып, таралады. Алғашқы тиражы үлкен болмады. Дегенмен ол кітапты жалғастыру үшін 8 000 фунтқа тең грантты жеңіп алады. Бұл жетістіктен соң ол үш жылда үш кітапты жазып шығады. Тек төртінші кітаптан соң ғана жазушы үш жылдық үзіліс алады.
Алғашқы фильм
Әлем Джоанның жаңа романын оқи бастайды. Барлығы 67 тілге аударылған кітаптар барлық жерге тарайды. Гарри Поттер жайлы соңғы кітап 2007 жылы басылып шығады.
Романның желісімен түсірілген фильм де көп күттірмеді. 1998 жылы Warner Bros. Студиясы түсірілімге арналған құқықты 1,5 миллион долларға сатып алады. Жобаны дайындауға Джоанның өзі де қатысады. Бастапқы уақытта режиссер ретінде Стивен Спилберг ұсынылады. Бірақ таңдау Крис Коламбусте тоқтайды. Джоанның ұсынысымен басты рөлдерге тек британиялық актерлер бекітіледі. Фильм 2001 жылы қараша айында жарық көреді.