Праймериз деген не?
Праймериз термині отандық басылымдарда жиі айтыла бастады. Оған себеп – "Nur Otan" партиясының ішкі іріктеу сайлауы.
Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы "іріктеу" деген ұғымды білдіреді. Кейде "алдын ала сайлау" немесе "алдын ала дауыс беру" деп те атайды. Яғни, жақтастарының арасында алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды.
Праймериз өзге елдердің тәжірибесінде өзін-өзі дәлелдеген және сынақтан өткен ең тиімді тәсіл. Әу баста АҚШ-та, одан кейін Еуропаның бірқатар елінде қолға алынған.
Ең алғаш партиялық ішкі сайлау 1842 жылы АҚШ-та өтті. 1901 жылы Флорида штаты тұңғыш праймериз өткізіп, сол жылы бұл ұғым заңды түрде қабылданды.
Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. Батыс елдерде праймериз ашық және жабық түрде өткізіледі. Ашық түрде кез келген адам дауыс бере алса, жабық түрдегі праймеризде тек партия мүшелері ғана дауыс бере алады.
Айта кетейік, биыл "Нұр Отан" партиясы (сынамалы іріктеуді есептемегенде) алғаш рет праймериз өткізбек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында жүзеге асады.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша елдің барлық облыстарында іріктеу жүргізіледі. "Нұр Отанның" праймериз өткізудегі мақсаты - қатарын адуыны мықты жас мамандарға, ел қалауларымен толықтыру. Сайлауға өз аймағында сөзі өтімді, беделге ие азаматтар қатыса алады.
Дауыс беруге ел тұрғындарының барлығы құқылы емес. Сайлауға түскен үміткерге тек өз аймақтарының жерлестері ғана дауыс бере алады.
Дереккөз: massaget.kz