Қазақтың ырым-тыйымдары

Oinet.kz 04-06-2020 7656

Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі хал­қы­мыз­дың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және т.б. нәрселер ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні те­рең дүние. Кейбір ырым-тыйымдар бағзы замандардағы шамандық, тәңірлік наным-се­німдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беріп жатады. Қалай дегенмен, ырым-тыйым­дарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. 

image.png

Сонымен қатар ырымды жеке адам бұлжытпай орындау үшін сездірілетін рәміздік әрекеттер жүйесі деуге де болады. Мысалы: Жұлдыз ақса, оны көрген кісі «Менің жұлдызым жоғары» деп айту керек;  Бала сүт тісі түссе, оны майға орап «Жасық тісімді алып, өткір тісімді бер» деп итке беруі керек. Үйдің іргесіне ит сарыса, құт құйылады. Ерттеулі тұрған ат сілкінсе, жын-шайтанды үркітіп жатқаны деп ырымдалады.
Ырымдардың барлығы бірдей жақсылыққа кенелтетін болжамдармен ғана емес, адамға төнетін қауіп-қатер туралы да жорамал жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, түнде жолыңда сиыр жатса, сапарың оң болмайды. Оқпақ шақырса, бие құлын тастайды. Алдыңнан түлкі қашса, сапарың сәтті болады. Сол құлағың шыңылдаса, біреу сені жамандап жатыр деген ырымдардың шындыққа жанасатынын нақты біле алмасақ та, іштей сенетініміз хақ.
Ырымға сену керек пе, әлде сенбеу керек пе деген мәселенің құпиясы әлі күнге дейін ашылған емес. Мәселен, «көз тиюден сақтайтын» сан түрлі ырымдар бар. Ырыммен қатарлас жүретін тұмар тағу, аластау, бақсылықпен емдеу, жауырынға қарап болжау, құмалақ салу сияқты дәстүрлі ұлттық ерекшеліктер көне түркі мәдениетіне ортақ құндылықтар деп саналады. Мысалы, қазақтың ырым-тыйымдарының астарында сан түрлі тақырыпты қамтитын мәдени-этикалық тәрбиелеу таңбалары жатыр. Осы орайда біз «Сөзтаным» бетінің бүгінгі шығарылымында ырым-тыйымдарды әңгімемізге арқау ете отырып, оның қыр-сыры, мәні мен мағынасы туралы, қандай мақсатпен айтылып, орындалатыны жайында хабардар ететін боламыз.

«Байғазыға байдың қызы»

(балаларға арналған ырым-тыйым)

Халқымыздың дәстүрлі ырымдарының арасында жас балаларға арналған немесе балаларды тәрбиелеуге байланысты кездесетін ырым-тыйымдар қатары мол. Енді соларға тоқталайық.
Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса – үйге береке, ырыс келеді. Бала жол қараса – қонақ келеді. Бала тілін шығарса – хабар келеді. Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін отырып емсе – мырза, жомарт болады. Баланың желкесі терең шұқыр болса – қырсық болады. Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі. Бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болады. Етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – батыр, кемеңгер болады. Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі.
Қазақ бала жолдасын тастамай, екі асық қосып, киіз үйдің табалдырығының астына көмеді. Бұл асық ойнайтын бала жалғассын деген тілектен туған ырым. Бала тоқтамаған жағдайда бала жолдасын киізге орап, молдаларға оқытып, күлдіреуішке (шаңырақ ортасына) бала жеті жасқа келгенше іліп қояды. Бала жетіге толған соң «садақасын» беріп, бала жолдасы салынған киізді ұлы жолдың бойына апарып көміп ырым жасайды. Баланы қырқынан шығарып ит көйлегін ауыстырғанда оны бойына бала бітпей жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Оларға баланың анасы ит көйлекті бүтіндей бере салмай, жыртып береді. Баланың тісі түскенде оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады. Бала еңбектей бастағанда бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып апыл-тапыл қадамдар жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да болған. Бала босағадан кіріп келе жатып, сүрініп кетсе, «олжа келді, олжа келді, олжасын көтере алмай келе жатыр, төрге аунат, олжа төрге жұқсын» деп ырымдап, үлкендер баланы төрге апарып аунатады. Бұл ырымның маңыздылығы — баланы періштеге санайтын дәстүрлі таным бойынша үйге баламен бірге құт кірді деген наным қалыптасып, құтты төрге, яғни үйге орнықтыру мақсаты көзделуінде. Қандай да бір істің орындалар-орындалмасын білу үшін балаға «аяғыңды көтерші» деп сұрайды. Бала айтқан бойда өзінше гуілдеп, күліп, оң аяғын көтере қалса, өтінуші тілегім орындалатын болды деп қуанады, ісім оңынан, асығым алшысынан түсетін болды деп ырымдайды.
Жас балaға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп ырымдайды. Батырдың, ақынның, шебердің, палуанның сapқытын жегізсе немесе олар cәбидің аузынa түкірсе, олардың жақсы қасиеті мен өнері балағa қонады деген ырым баp. Біреу әңгіме айтып отырғанда cәби түшкіpіп қaлсa, шын aйтқаны деп ырымдайды. Аты cүріншек болaды деп балаға төcтің сүріншегін жегізбейді. Егер бір үйде қыз туа берсе, келeсі баланы ұл болсын деп ырымдап, оған ұлдың aтын қoяды. Жиенді ұpса, қолы қaлтырaйды деген ырым бaр. Үйдің өз сәбиі үйгe «ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге көп кешікпей қонақ келеді. Сәби қолындағы заттaрын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.
Беделді тұлғалардың жақсы қасиеттері жас балаға жұғысты болсын деген ырыммен жас баланың аузына түкірту ырымын жасайды. Оның мәні – жасы үлкен, ел сыйлаған, атағы шыққан, мінезі жайсаң елге танымал, ұлылардың жақсылығы жұқсын, сол адамға ұқсап беделді, танымал болсын дегені. Баланың аузына түкірту ырымын жасаған адам баланың ата-анасына ризалық білдіріп, батасын береді.
Шешелері мен жеңгелері ұл балаға «байғазыға байдың қызы», қыз балаға «байғазыға байдың ұлы» деп ырымдап, қыздардың түймесін жігіттердің шапанының ішкі жағына тағып береді. Бұл байғазыны таққан жігіттің артына қыз ереді деп ырымдағаны.

Малдың алдынан
бос ыдыспен шықса – сүті азаяды»

(төрт түлікке қатысты ырым-тыйым)

Төрт түлікке байланысты ырым-тыйымдардың мәнісі малдың киесі бар екенін сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзге де нәрселерді болжай алған халқымыздың рухани қазынасында осынау тақырыпқа арналған ырым-тыйымдар молынан ұшырасады. Солардың бірқатарына тоқталамыз. Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе, сиырдың) көзінше төгуге болмайды – сүтінен айырылады. Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды. Сиырдың желіні іссе – таңертең ерте кебіспен ұшықтайды. Ит ұлыса – шаңырақта жаманшылық болады. Қарғалар тобымен шуылдап ұшса – қыста күн суытады, жазда ауа райы өзгереді. Үкі түнде ауылдың сыртынан шақырса – ауылда көп кешікпей өрт, қайғылы жағдай болады, үкісін жұлып алып, бойтұмар етіп сақтаған адам қатерге ұшырамайды. Егер тауық ұясына ерте қонақтаса – жауын-шашын болады, бір аяғын бауырына алып, ұзақ тұрса – күн суытады.

«Жүкті әйел ара, қайшы ұстамайды»

(келін, әйел әдебін сақтауға бейімдейтін ырым-тыйым)

Қазақтың ырым-тыйымдар жүйесінде келін, әйел әдебін сақтауға бейімдей­тін ырым-тыйымдар мол. Мәселен, жаңа босанған әйел үйге кірген итті қумайды ­– егер қуса, тістері түсіп қалады. Келін түн ішінде суға бармайды, кір жаймайды. Себебі шошыма ауруына ұшырауы мүмкін. Жүкті әйел ара, қайшы ұстамайды – мерзімінен бұрын босанады. Екіқабат әйел қоян етін жемейді, жесе баласы қоянжырық болады. Келін төрге шықпайды – төр қонақтың немесе отағасының орны. Екіқабат әйел түсік тастамас үшін – етегін түйіп қояды. Аяғы ауыр келінге ырымдатып отқа май құйғызғанда, от ағарып ұзын жанса – ұл бала болғаны, қызарып жанса – қыз бала болады деп ұғынған. Толғақ жетпей тұрса, май ұзарып жанады. Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды. Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, oл үйге түскен келін өркөкірек болады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедия­да (жауапты редакторы Н.Әлімбай) бала көтере алмай жүрген келіндерге жасалатын көне ырымдардың мәні мен маңызы жіті түсіндіріліп берілген: «Қазақта кейбір ырымшыл кемпірлер кіндік кесу рәсімінен кейін сол кіндіктің кішкене бөлігін етпен қоса қуырып, бала таппай жүрген келіншектерге ырымдап жегізетін болған. Тіпті сүндетке отырғызғанда алынатын кесіндіні тас­тамай, оны білдіртпей жегізіп, бала болсын деп ырым жасайтын бол­ған». Сонымен қатар көпшілікке таныс емес, жаугершілік заманында қалыптасқан төмендегідей ырымдар болған:
«Ескі салт бойынша ер жігітке тиген оқты денеден шығару үшін жаралының үстінен әйелдерін үш мәрте аттататын. Бұл ырым бойынша зинақорлық жасамаған, күйеуінің көзіне шөп салмаған әйел оқ тиген жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауру жазылады, егер аттаған әйел зинақор болса, дерт меңдеген адам табан астында өледі деп түсінген». Ауға балық көп түсуін балықшылар жылым майланды-ау, майланды дейді. Біраз уақыт ауға балық түспесе «ау қырсықты» деп аудың басына әйелдің іш киімін байлап салып «қырсық шығарып» магиялық ырым жасаған. Бұл өсу, өну, көбею ырымымен байланысты атқарылатын ежелгі ғұрыппен тығыз байланысты.
Келінге баланы көтеру мерзімі ұзаққа созылады деп түйе етін, сақау болады деп ырымдап балық етін жеуге тыйым салған. Екіқабат келін арқан аттамайды, aттaсa бaланың кіндігі мойнына оралып қалады. Жүкті келіннің күні жақындаған кезде «Жер Ана қyат бер» деп жaлаңаяқ жүргізеді. Баласы кіндігіне оралып қaлады деп екіқабат әйелгe ине-жіп ұстатпайды.
Келіннің босанар кездегі толғағы басталғанда қазақы ырымда «белден кеміріп жеп» (қатты ауыруы), қуықтың басына қарай тартып ауыртса ұл табады деп ырымдаған. Ал бала қыз боларда толғақ ке­рісінше, төменнен басталып белге қарай ауысады деп топшылаған.
Өлген адамды жоқтап жы­ла­ғанда, әйелдер шашын жайып жіберіп жыласа, ішіндегі шері тарқайды деп ырымдалған. Әйел ешуақытта еріне қол жұмсамауы керек, күш көрсетіп, таяқ ала жүгірмейді немесе сес көрсетпеуі тиіс. Ұрысқанда тілдеп, бетке түкірмейді. Бұлай істеген әйелдің ақ некесі бұзылады, өзінен-өзі талақ болады деп ырымдалады.
Қазақ әйелдері өзінің басына салып жүрген жаулығын басқаларға бермейді. Олай етсе басымдағы бақ басқаға көшеді деп ырымдайды. Жерік болған әйел жерік асын жеуі керек. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туады, ондай бала суайт болады деген ырым бар. Ене келін түскен кезде ұл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Жүкті әйел болса, біреудің үйіне өз дастарқанынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді. Жүкті әйел шашын кеспейді. Өйткені мұндай қылықтан бақ таяды, іштегі баланың бақыты кемиді, кемтар болып туа­ды, қол-аяғы қысқа болады деп ырымдалады. Үлкен кісілер қонақта болған үйден келініне дәм әкеліп береді. Өйтпесе, дәметкен балалы жас келіншектің төсі ісіп кетеді.

«Тойдым» емес, «қанағат» деген жөн

тағамға байланысты ырым-тыйым)

Қазақ асты ерекше қадірлейтін халық. Сондықтан ас-ауқатқа, тағамға байланысты қалыптасқан ырым-тыйымдар астың қадірін арттыруға, ысырапшылдыққа жол бермеуге бағытталғаны сөзсіз.
Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады. Ішіп отырған шайға сама түссе – қонақ келеді. Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн. Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды.  Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды. Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Сосын аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген. Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсені сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда дәмнен үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп шығады.
Жерге құт дарыту ырымын жасайтын қариялар жерге алғаш себілетін дәнді екі бұтының арасынан өткізіп, бісміллә деп лақтырады.
Бiр жылда адамның көптеген арман тiлектерi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды. Сол сияқты үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Сонда, жыланның басына ақ құю оны перiштеге балауды бiлдiргенi болып шығады. Кейде тіпті үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.

«Жанып тұрған шырақты үрлемейді»

(үй тұрмысына қатысты ырым-тыйым)

Қазақ ырымдары ішіндегі кең таралғаны бұл үй тұрмысына қатысты ырым-тыйымдар. Олардың өзіндік тәрбиелік мәні бар. Мұны білген бала ұлтының салтын, болмысын терең біліп өседі.
Түнде сандықты ашпайды – біреу-міреу өледі ( өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп айтып ашады). Түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды – жау шақыру деген ырым. Жанып тұрған шырақты үрлемейді – адам ұмытшақ болады. Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды – ырыс-несібе кемиді. Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды – жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған. Киіз үйде құмырсқа көбейіп кетсе – жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды. «Тәңірден тілеп алған» сәбиінің екі аяғына ата-анасы ырымдап, баланы «тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік соқтырып тағып қояды.
Ертеде қазақтар дертке шалдыққан адамды көне наным-сеніммен, «ки­елі ағашқа» апарып, басына сыйынып, ырым етіп ақтық (шүберек) байлаған, науқас адамды дерттен арылтуға ниет еткен.
Бiтеу iреп сойылған мал терiсiнен жасалған долық дейтін бітеу ыдысты молшылықтың нышаны санаған қазақ «үйге кірген ырыздықты «бітеп», шығармай тұрады» деп сенген. Мұндай бітеу малдың терісінен жасалған тұлып тәрізді ыдысқа ас-тағамның берекесі саналатын, дәмін келтіретін тұз бен молшылықтың белгісі астық сияқты заттарды ырымдап салып қоятын болған.

Ақша шақыратын бұйымдарды қалай таңдау керек?
Психологиялық тест: Бірінші не байқадыңыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу