Мейіргерлер күні қалай пайда болды?
1971 жылы Дүниежүзілік Мейіргерлер Кеңесінің ұйғарымымен бастау алып, содан бері Медгерлер күні деп аталып келе жатқан осы күнді ресми мереке ретінде атап өту бүгінде дәстүрге айналды. 12 мамыр – мейіргер ісінің негізін салушы, ағылшын медицинасының маманы Флоренс Найтингейлдің туылған күні.
Флоренс Найтингейл Қырым соғысы кезінде (1853-1856) алғаш болып мейіргерлер қызметін ұйымдастырған. Сондықтан Халықаралық Мейірбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейіргерлер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланып келеді. Әлемнің 141 елінен мейіргерлер жиналып «Халықаралық Мейіргерлер Кеңесі» деп аталатын қоғамдық ұйым құрғаннан кейін 12 мамыр Дүниежүзілік мейрам мәртебесіне ие болды.
Флоренс Найтингейл 1820 жылы Флоренция қаласында мәдениетті бай жанұяда тұған, балалық шағы Лондон қаласында өткен. Флоренс өте жақсы білім алды. Балалық шағынан бастап ол өзін адамдарға қызмет етуге, әсіресе мүгедек адамдарды күтуге, оларға қызмет етуге бағдарлаған. Ағылшын әскерінің Қырым соғысында қиын жағдайда екенін естіп, Флоренс бір аптаның ішінде 38 адамнан тұратын қайырымды мейіргерлер тобын құрып, 1854 жылы қазан айында жаралыларға және сырқаттанған адамдарға көмек көрсетуге аттанады. Мейіргерлер тәулік бойы Түркия мен Қырым ауруханаларында оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, өлімнен арашалап, аяқтарына тұрғызған. Игі көмектері үшін оларға әр кез құрмет көрсетіліп, орасан зор алғыс білдірілетін. Флоренс Найтингейл ашқан қайырымдылық қызмет арқасында жауынгерлер өлімінің көрсеткіші 42%-дан 2%-ға дейін төмендетілді.
Майданнан кейін өз еліне қайтқан Флоренс Найтингейл әскери медицина қызметін құрып, бар жергілікті медициналық мекемелерде ауа желдеткіштері мен су құбырларының орнатылуын талап еткен. 1869 жылы Лондонда Флоренс жер жүзінде бірінші қайырымды мейіргерлердің мектебін ашады. Мектеп бітірген мамандар Флоренц Найтингейлдің антын беретін. Сөйтіп, Флоренс Найтингейл мейіргерлер даярлаудың негізін орнатады. Оның көмегімен көптеген медициналық мекемелер ашылады. Өмір бойы жаралыларды, науқастарды бағып-қағып күткені және мейіргерлер даярлаудағы сіңірген зор еңбектері үшін 1912 жылы Флоренс Найтингейл атындағы медаль шығару ұйғарылды. Бұл медаль халықаралық Қызыл Крест Лигасының ең жоғары марапаты болып саналады.