Досым досыма опасыздық жасап жүр
09-09-2022
Досы жоқ жігіт жоқ шығар. Кей қыздар жігітіне және оның достарына жақсы көрінемін деп шектен шығып та жатады. Барлық жерде өз орныңызды біліп жүру үшін мына жазбаны оқып алғаныңыз артық болмас. Жігітіңіз сізбен кездесіп жүргенде барлық уақытын сізге арнауға міндетті емес. Сізге де, достарына да, туыстарына да бірдей көңіл бөліп, уақытын барлығына жеткізуіне мүмкіндік беріңіз. Достарымен бірге уақыт өткізгісі келсе, қарсылық танытпаңыз, тіпті ренжімеңіз. Не мен, не ол деген таңдау қоймаңыз. Отбасы, махаббат барлығынан бірінші тұрады дегенмен, ертеңгі күні отбасыңыздың қуанышы мен қайғысын бөлісетін достар да өмірде маңызды орынға ие екенін естен шығармаңыз.
Оған сіз де, достары да қымбат, сол үшін мұндай таңдау арасында қалуды ешкім қаламайды. Осындай таңдау жасағаныңыз үшін ғана сізден бас тартса таң қалмаңыз. Себебі олардың достығы сіз ойлағаннан терең де күрделі. Ал егер сізге ұнамағандықтан араласпауын қаласаңыз, шынында да досы жақсы адам емес болса, уақыт өте келе өзінің көзі жетеді. Достарымен бірге жүрген кезде әзілдеп болса да жігітіңіздің кемшіліктерін айтпаңыз. Керісінше, өзіне көп айта бермейтін қырларын реті келгенде айтып қалып, оның мерейін үстем етіңіз. Жігітіңізді жамандағаныңыз – өзіңізді жамандығыңызды көрсеткенмен тең. Қалжыңдары аса қызықсыз болса да күліп отырыңыз. Достарына өзіңіз сұрақ қойып, қызығушылық танытып, жігітіңізді қызғандырудың қажеті жоқ. Олармен жігітіңіз жаныңызда кезде ғана сөйлесуге тырысыңыз. Тек қойған сұрақтарына жауап беріп, ұяң қалпыңызды сақтап, жай ғана жымиып отырыңыз. Әрекеттері, айтқан сөздері көңіліңізге жақпай қалса, қанша жерден мінезіңіз тік болса да, дәл осы жерде өзіңізді ұстауға тырысыңыз.
Оларды ренжітетіндей сөз қайтарып, жігерін жықпаңыз. Қонақ етіп күту керек болса, қанша шаршап тұрсаңыз да күліп қарсы алыңыз. Жаныңызда достары бар болса, еркелеп, ренжіп, назданып, артық қылық көрсетпеңіз. Тіпті жігітіңіз ренжітіп жатса да, қабақ түймей, жылы жауып қойыңыз. Арадағы түсініспеушілікті, ренішті оңаша қалған кезде ғана шешу керек. Отырған жеріңізден шығып кетіп, жылап, сөйлеспей қойып, шу шығару ұят болады. Достарының жүретін қызымен, келіншегімен сөйлессеңіз, ол туралы білетін деректеріңізді айтпаңыз. Өз жігітіңіздің де құпиясын ашудан сақ болыңыз. Досы мен оның қызының арасында түсініспеушілік туса, оған да араласпаңыз. Ал олар сіздің құрбыларыңызбен танысқысы келсе, досын толық танып білмей жатып, басқамен таныстырудан қашыңыз. Көмек сұраса, қолыңыздан келгенін аянбаңыз. Бұл туралы жігітіңізді де хабардар етіп отырыңыз. Ал оның рұқсатынсыз өзіңіз достарына хабарласып, көмек сұраудан аулақ болыңыз.
Дереккөз: massaget.kz