Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Вьетнам соғысында американдық уролог қатты жараланған вьетнамдық жауынгерді инфекциядан аман алып қалу үшін қолы кескен. Атышулы соғыста Сэм Аксеральд дала дәрігері болып қызмет еткен. Бір күні американдық солдаттар қолы жараланған Нгуен Куэн Хын атты вьетнамдық жауынгерді жеткізді. Жаудан үш күн бойы сарайда тығылып жүрген Нгуеннің халі мүшкіл еді. Инфекцияны тоқтату үшін Аксельрад вьетнамдықтың шынтағынан төменгі жағын кесіп тастауға шешім қабылдады. Операция кезінде кесіп алған жаралы қолды дәрігер өзінің чемоданына тастай салған. Онысын ұмытып, тек екі жылдан кейін кездейсоқ тауып алған. Содан бері вьетнамдықтың қолын өзінде сақтап жүріпті. Арада жарты ғасыр өткен соң американдық дәрігер вьетнамдық пациентін іздеп тауып, әбден қурап, құр сүйекке айналған қолды «заңды иесіне» қайтаруды ұйғарды. Ол үшін Аксельрадтың өзі арнайы Вьетнамға сапарлады. 77 жастағы Нгуен Куэн Хын қолынан сонау 1966 жылы айырылғанын, американдықтар оны Анкхе қаласының маңында оқпен жаралағанын еске алды. Ол кезде вьетнамдық 27 жаста еді. Қолының жараланғанына қарамастан, қашып құтыла білді. Біраз уақыт өзенмен жүзіп, кейін күріш сақталған қоймада жасырынған. Бірақ, үш күннен кейін оны американдықтар байқап қойған.
«Американдықтар мені тұтқынға алғанда өзімді торға түскен балықтай сезінгенім рас. Олар мен өлтіре салуы да мүмкін еді», дейді қарт Нгуен. Операциядан соң сегіз ай бойы емделген ол кейіннен американдық дәрігерлерге көмектесіп жүрді.
«Ол бастапқыда бізден қатты сескенді. Оны әскери тұтқындарға арналған лагерьге жібереміз деп ойлаған шығар, әйтеуір, американдықтардың оған күтім жасайтынын күтпеді», деп сол күндерді еске алады Аксельрад. Оның айтуынша, жаудың кесілген қолын жарты ғасыр бойы сақтауы – американдық ізгілік пен мейірбандықтың белгісіне деген құрмет болған екен.
Вьетнамға келгенінде Аксельрад «бұрынғы пациентінің қайда екенін, тіпті оның тірі қалғанын не қайтыс болғанын да білмеген. Қайдан іздеу керектігінен де бейхабар еді. Алғашқы сапарында Нгуенді таппағанымен, Аксельрад жергілікті журналистермен танысып, болған оқиғаны айтып берген. Кейіннен вьетнамдық газеттердің біріне Аксельрад пен Нгуен жайлы мақала жарық көрген соң, қарт жауынгердің туыстары редакцияға хабарласқан. Осылайша американдық пен вьетнамдық соғыс ардагерлерінің кездесуі ұйымдастырылды. Вьетконголық жауынгер сонша жылдан кейін қолы табылғанына қатты таңқалыпты. «Жарты ғасырдай уақыттан соң қолым өзіме қайтып, денем бүтін күйде жерленетінім үшін бақыттымын» деп ағынан жарылды Нгуен. Оның үстіне, соғыс кезінде бүкіл құжаттарын жоғалтып алғандықтан, қарт вьетнамдық өзінің соғыс ардагері екенін дәлелдей алмай әлек болған екен. Енді табылған қол бұлтартпас дәйек ретінде пайдаланылатын түрі бар. Сол арқылы ардагер өзіне мемлекеттен түрлі жеңілдіктерді талап етуге құқылы екен. «Бұл қол – менің ұрыс даласында соғысқанымның айғағы. Оны үйімдегі жеке кабинетімде, арнайы шыны витринасында сақтаймын. Келген қонақтардың барлығына көрсетіп, «міне, қараңдар, мен соғысқа қатысқанмын. Өз елім үшін қанымды төккенмін», деп мақтанатын боламын», деген Нгуен қуанышын жасырмайды.