Барби қуыршағының тарихы

Oinet.kz 15-10-2019 1656

Screenshot_7.jpg

Барби қуыршағының авторы жасаушысы Рут Хэндлер. Рут Хэндлер 1916 жылы АҚШ – тың Колорадо штатындағы Дерве қаласында дүниеге келген. Ол Польшадан  көшіп келген отбасының оныншы перзенті, яғни ең кенжесі еді. Әкесі – ұста,ал анасы үй шаруасымен айналысатын. Рут Хэндлер он жасынан бастап әпкесімен бірге дәріхана кассасында жұмыс істейді. Сол мезеттен бастап-ақ ол өзі ақша табу үшін міндетті түрде мектепті бітіріп,колледжге түсу керектігін түсінеді. 

Бұл кішкентай  Рут Хэндлердің отбасындағы қалыптасқан үрдісті алғашқы бұзуы еді. Өйткені оның ата-анасы “Қыз бала тұрмысқа шығып,ана болуы керек. Ал карьера жасау,миллионер болу – ер адамдарды ғана толғандыратын мәселе” деп түсінетін. Сондықтан да болар, олар қызының “әрі қарай оқуымды жалғастырамын” деген шешіміне қуана қоймайды. Ал Рут райынан қайтпай, 1934 жылы туған қаласындағы колледжге оқуға түседі. 

Алайда әке-шешесі ақшасын төлей алмайтын болғандықтан,1936 жылы оқуын тастауға мәжбүр болады. Бірнеше айдан кейін ол Лос-Анджелеске аттанады. Бұл қалада  бір компанияға стенографист болып жұмысқа орналасады. Егер мектепте бірге оқыған досы Эллиот Хэндлер Рутты іздеп келмегенде, сүйкімді қыз кино саласында да жетістіктерге жетер ме еді,кім білсін?! Эллиот қызға сезімін білдіріп, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Сөйтіп,екеуі бас қосып,туған жерге – Дервеге қайта оралады.

Барби қуыршағының тарихы

Осылайша Рут отбасын да құрып,карьерасын да жасайды. Эллиоттың мамандығы дизайнер еді. Тойдан кейін ерлі-зайыптылар өздерінің шағын гараждарында кәдесыйлар (сувенир) мен суреттердің жақтауын жасап сата бастайды. Бір күні Эллиот Хэндлерге “неге ағаштың қалдықтарын жарамсыз етіп тастай береміз?” деген ой келеді. Қалдық дүниеден де қаржы табуға болатынына көз жеткізген ерлі-зайыптылар жаңа бір істі қолға алуды жөн көреді. 

Рут Эллиотқа “ағаш қалдықтарынан ойыншық жиһаздар жасайық” деген ұсыныс айтады. Өткені ол қызы Барбараның өз қуыршағын әрдайым сіріңке қорабына және кішкентай төртбұрышты ағаштарға отырғызып ойнап отыратынын көретін. Осылайша ерлі-зайыпты өнертапқыштарға арналған жиһаздар жасай бастайды. Бұл өнертабыстары да  сәтті шығып, Mattell компаниясының қаржысын молайта түседі.

1956 жылы Рут Хэндлер Швейцарияға саяхат жасайды. Осы өңірде ол жұрттың бәрі “Лилли” деп атайтын ерекше қуыршақпен танысады. Рут қуыршақты асықпай қарап, әбден зерттейді. Дәл сол уақыттарда оған бір ой келеді. “Біздің кішкентай қыздар түр-әлпетінен жас шамасын айыра алмайтын қуыршақтардан  жалыққан болар” деген ой түйеді. Осыдан кейін Рут кез келген кішкентай қыздың арманына сай қуыршақ жасауға бел буады.

“Барбиді” өмірге әкелмес бұрын ол қарапайым халық арасында әлеуметтік зерттеу жасап көреді. “Барби” қуыршағын жасап болған соң ол жүз шақты аналар мен олардың кішкентай бүлдіршіндерін шақырып алып,жаңа қуыршаққа деген көзқарастарын сұрап көреді.

Алғашқы қуыршақтың түрлері

Сонда аналардың барлығы “Барбидің” жарыққа шығуына қарсылық білдіреді. Олардың пікірінше,бұл қуыршақ баланың жүйкесіне әсер етеді. Ал кішкетай бүлдіршіндер,керісінше,осындац қуыршақпен ойнағысы келетінін айтып, “Барбидің” жарыққа шығуына қарсы емес екендіктерін білдіреді. Сөйтіп, Рут балалардың тілегін орындауға шешім қабылдайды. Осы уақыттарда Голливуд киноактрисасы Джейн Мэнсфилдтің аты дүркіреп тұрған еді. “Барби” алғашында осы әртістің толықтай көшірмесі болып шығады. 

Ал қуыршақтың алғашқы сәнді киімін жасауды сол замандағы атақты сәнгерлер – Живанши мен Диор қолға алады. Сөйтіп,1958 жылы Хэндлер ресми түрде “Барбиді” патенттеп алды. Бұл туынды бұған  дейін жарық көрген бірде-бір қуыршаққа ұқсамайтын еді.1959 жылы Mattel компаниясы алғаш рет жыл сайын Нью-Йоркте өтетін балалар ойыншықтарының көрмесінде өзінің жаңа туындысын таныстырады.

Мұнда “Барбидің” дене бітіміне,нәзіктігіне қызықпаған жан қалмайды. Расында да, ол ұзын бойлы,нәзік,қиғаш қасты,көкшіл көзді, ұзын кірпікті және аққұба да келбетті бойжеткен еді. Үстінде суға түсетін киімі мен аяғында биік өкшелі жеңіл туфлиі бар болатын.

Әйел қай күндері еркекке үйленуге ұсыныс жасай алады?
Үй тапсырмасы деп ойлап, ең қиын математикалық есепті шешкен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу