Интернет алаяқтықтың қанша түрі бар?

Oinet.kz 10-09-2020 1315

Бөтеннің мүлкін жымқыру не болмаса мүлде танымайтын бейтаныс адамды жалған уәделермен сендіру арқылы алдау және оған шығын келтіріп, өзгеге зардап шектіру алаяқтық болып табылады. Алаяқтықтың соңы жаза екенін білсе де қызмет бабын пайдалана отырып оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер, сенімді теріс пайдаланушылар азаймауда. Сөйткен алаяқтардың біз білетіннен басқа да сан мың түрлі әдісі бар екен. Бұл туралы Түркістан облысының тұрғындарын сақ болуға шақырған Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков айтты. Полиция полковнигі берген интернет алаяқтық және қаржы пирамида қылмыстарының құрбаны болмау мақсатында алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы мағлұматты назарларыңызға ұсынамыз.

Интернет арқылы жасалатын алаяқтық бойынша 388 адам ұсталды - ІІМ

1. Интернет-дүкен алаяғы. 

Ол үшін алаяқтар онлайн дүкендерді пайдаланады. Себебі бүгінде көпшілігіміз үйде отырып-ақ өзімізге керекті заттарға тапсырыс беруді әдетке айналдырғанбыз. Бұл бір жағынан тиімді болғанымен, екінші жағынан қауіпті. Себебі алаяқтар сіздің сеніміңізді пайдалана отырып, сан соқтырып кетуі бек мүмкін. Олар алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ал ақшаңызды алып алғаннан соң зым-зия жоғалады. Сондай-ақ бастапқыда берілген мекен жайды анықтау мүмкін емес болып қалады. 

2. Интернет-қайыршылық. 

Яғни мұнда қайырымдылық ұйымдары, құрылыс жұмыстарына ақша жинау секілді әдістерімен ұйымдастырылады. Компания болып құрылдық деп, жұмыс істеп тұрады. Салымшылардың сеніміне кіріп, ақшаны жымқырғаннан соң жабылып қалады. Кейіннен жаңадан және жаңа атаумен ашылып қайтадан алаяқтық әрекеттерін жүзеге асырады. Оның ғаламтордағы сайтының ақпары 2 беттен аспайды. Бұл жағдайда күмәнмен қараған жөн.

3. Фишинг. 

Алаяқтықтың бұл түрі құпия деректерді пайдаланушылардың «логин парольдеріне» қол жеткізу арқылы жүзеге асады. Кез-келген адамның аккаунтын бұзу арқылы оның қаражаттарын алып, құпия болған жеке мәліметтеріне қол жеткізеді.

4. Кликджекинг. 

Көбіне лүпіл жинап беру, жазылушылар санын арттыру секілді уәделерді беріп, ақшаңызды алғаннан соң оларды табу мүмкін болмай қалады. 

5. Биржалардағы интернет-алаяқтық. 

Мұнда акцияларды арзанға сатып алып, қымбатқа өткізу. Сондай-ақ қызықты акцияларды көрсетіп жарнаманы жақсылап жариялайды да, соңында жасанды болып шығады. Кей жағдайларда адамдардан түрлі сылтаулармен қосымша төлем жасау керектігін алға тартып, ақшаларын алады. 

6. Интернеттегі күтпеген ұтыс. 

Тосын сый секілді сіздің қатысуыңызсыз ұтыс ұттыңыз деп хабарлайды. Ұялы телефонға смс хабарлама немесе поштаңызға жүлде ұтысы туралы ақпар келеді. Оны алу үшін ақша аударуыңызды сұрайды. 

7. Интернет-казино. 

Онлайн-казино ұтып алғысы келетін құмар ойынға жақын адамдарды құрыққа түсіреді. Сенімді сайттар сенімді ұтыстың әдістерін ұсынады, бірақ рулеткадағы математикалық схемалардың ешқандай түрлері әрекет етпейді.

8. Интернеттегі қаржы пирамидалары. 

Табысты ұлғайту үшін ақша салуды басқа да адамдарға таратуды айтады. Осылайша ақшаңызды қалталарына оңай басып отырады.

9. Танысу сайттарындағы және әлеуметтік желілердегі алаяқтық. 

Неке алдау- бәрі кез-келген сайтта немесе әлеуметтік желіде хабарландыру бойынша әдеттегі танысудан басталады. Адамның сеніміне 2-3 ай ішінде ие болып, өзінің қаржылық мәселелерін шешуге ақша сұрайды. Бірақ ақшаны алғаннан соң жоғалады. Онымен байланысу мүмкін болмай қалады. 

10. Валюта айырбастаудағы табыс. 

Пайдаланушыларға валюта айырбастау үшін электрондық айырбастау пункттерін пайдалана отырып, ақша табу ұсынылады. Алаяқтар түрлі төлем жүйелерінде екі шот ашып, екі айырбастау пунктінің көмегімен валютаны өзгертіп, кері айырбастауды сұрайды. Айырбастау орындарының бірі жалған болып шығады. 

11. Интернет-кредиттеу саласындағы алаяқтық. 

Жеке фирмалар мен жеке тұлғалардан алдын ала төлемнен кейін ғана қызмет көрсететін несие рәсімдеу кезінде несие беруге уәде береді. Ал ақша алғаннан кейін жоғалады. Кейде интернет сайттар сізге өтінім қалдыруды, сауалнама толтыруды ұсынады. 

12. Жалған крипто-валюта алаяқтары адамдарды ақша аударуға, арзан бағада крипто валюталарды сатып алуға, сол арқылы көп табыс табуға болады деп сендіреді. 

13. СМС арқылы алаяқтық. 

«Несиеде қарызым бар, нөмірмен қателестім, басқаның ақшасы аударылып кетті, кәртішкем блокқа түсіп қалды, туыстарым қайғылы жағдайға душар болды»,- деген секілді түрлі хаттарды сізге жолдау арқылы ақшаңызды жымқырады.

14. Фрилансдағы интернет-алаяқтық. 

Яғни сіздің жеке мәліметтеріңізге қол жеткізіп, сіздің атыңыздан түрлі несиелерді рәсімдейді. Жеке мәліметіңізді пайдалана отырып, әрекет етеді. Сонымен қатар, күнделікті және үйден шықпай-ақ табыс табу секілді түрлі сылтаулармен ақша аудартады. 

15. Киберсквоттинг – бұл компаниялардың атаулары мен жаңа тауарлардың брендтері арқылы ақша табу тәсілі. 

Осылайша сіздерге ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлерін жіктеп айтып өттік. Яғни, біздің мұндағы мақсатымыз – сіздерді алаяқтардың әдістерінен хабардар ете отырып, одан сақтандыру. Дегенмен алаяқтар ақшаны алудың басқа да жолдарын ойластырып, іске асырады. Сондықтан сақтанғыңыз келсе, қарапайым ғана қырағылығыңызды дамытып, кез-келген жанға артық сенім білдірмеңіз. Оңай жолмен табыс табамын деп, тұзаққа түсіп қалмаңыз. Алаяқтардан сақ болыңыз!

Мұхит ОТАРШИЕВ, Сарыағаш ауданының әкімі: «Ситуациялық карта нәтижелі жұмысқа бастайды»
Бүгінгінің баласы ойыншыққа алдана ма? «Асық» архаизмге айналып барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу