«Шымкент» атауы қайдан шыққан?
Осы уақытқа дейін ғалымдардың көпшілігі қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI-XII ғ.ғ.болған деген тұжырымдама болатын. Сонымен қатар Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған дәлел: археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлардың жерлеуші, мамандардың болжамы бойынша, біздің эрамызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән.
Өткен ғасырдың басындағы қала қамалы болған жерде жақында бір еркек пен әйелдің мәйіті табылды, және ол зороастрлық салтпен жерленгендігі анықталып отыр, олай болса бұл мәйітке 1500 жыл. Бірқатар археолог-ғалымдардың пікірлері бойынша, бұл жерде үлкен қорым болған, егер бұл расталса, онда қаланың пайда болған мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Біздің заманымызға жеткен жазба деректерде Шымкент алғаш рет елді мекен ретінде парсы тарихшысы Шараф ад-дин Али Йе (а) здидің (1425 ж.) біздің жыл санауымыз бойынша 1365-1366 жылдардағы Әмір Темірдің әскери жорықтары туралы жазған “Зафар Наме” атты (“Жеңіс кітабы”) кітабында кездеседі.
“Шымкент” атауы қайдан шыққан?
Ғалымдар Шымкент туралы кездесетін әр түрлі тарихи деректерді атай отырып, қала атауының мағынасын “бау-бақшалы қала”, “Жасыл қала”, “Шыммен қоршалған қала” – деп түсіндіреді. Мысалы, шымға қатысты қала атауы былай деп түсіндіріледі: Шымкент түркінің “Шым” және иранның “Кент” — қала, мекен деген сөздерінен құралған. Ал басқа түсіндірмеде қала атауы Соғдының (Иранның) “чиминь-чемень” яғни, көгалды, гүлденген алқап, ал бұған “Кент” сөзінің жалғануымен, “жасыл (гүлденген) қала” деген мағынаны береді. Қандай болғанда да, қала ескі заманнан-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болған. Оған ежелгі қоныстарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мәдениет мұралары дәлел бола алады. Тау етегінде өзен бойындағы алқаптарда егіншілік пен жүзімдік, ал көгалды таулы жайылымдарда мал шаруашылығы дамыған.