Отандық медицинада жаңалық енгізгендер марапатталды

Oinet.kz 02-11-2023 705

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойына орай «Ғасырлық дәстүрлер мен жаңа технологиялар – пациенттердің денсаулығы мен сеніміне апаратын жол» атты екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Screenshot_13.jpg

Оған Германия, Ресей және Қазақстанның жетекші ғылыми-медициналық орталықтарынан жалпы 350-ден астам дәрігер қатысты. Түркістан төрінде ұйымдастырылған аталған конференцияның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, медицина қызметкерлерін айтулы датамен құттықтады.

– Бұл аурухананың тарихы тереңде, 1868 жылы Шымкент қаласындағы әскери бөлім жанындағы шағын емхана болып ашылып, 1947 жылы  облыстық ауруханаға айналды. 2009-2010 жылдары аурухана күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі заманауи облыстық клиникалық аурухананың негізі қалыптасты. Қазіргі таңда 800 төсек-орындық ауруханада 1700-ден астам қызметкер облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Олардың арасында республикалық деңгейде мойындалған мықты мамандар бар. Білікті дәрігерлеріміз жыл сайын 34 мыңдай пациентті стационарлық емдесе, оның ішінде 17 мыңдай науқасқа ота жасалады. Сіздер тұрғындардың денсаулығын жақсартуға үлес қосып келесіздер. Елге деген осы шынайы қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін,- деді Бейсенбай Дәулетұлы. 

Screenshot_14.jpg

Халықаралық ғылыми конференция аясында шетелдік медицина орталықтары өкілдерінің қатысуымен облыстық клиникалық ауруханасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимараттарында хирургиялық және терапиялық бағыттар бойынша мастер-класстар ұйымдастырылды. Осылайша отандық дәрігерлер шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, шара барысында денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген үздік медицина қызметкерлері марапатталып, ерекше құрметке ие болды.

– Біздің қара шаңырағымыз – облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойын тойлап жатырмыз. Заманауи медициналық техникалармен жабдықталып, облыс тұрғындарына сапалы, жоғары тенологиялы дәрігерлік көмек көрсетіп келе жатқан ұжымның тыныс-тіршілігі мақтауға тұрарлық десек, артық айтқандық емес. Тарихы терең, еңбегі ерен аурухананың жемісті жолы осылай жалғаса береді. Әріптестерімізді шет елдердегі медицинасы озық орталықтарға жіберіп, кәсіби біліктіліктерін арттырып жатырмыз. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында айтылғандай әр азаматқа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады. Клиникалық ауруханада жаңа заманауи операцияларды жасап, жаңа әдістемелерді енгізіп, Мемлекет басшысы межелеген халықтың ұзақ өмірі сүру жасын ұзартуға күш саламыз, - дейді Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Screenshot_15.jpg

Академик Мұқан Егізбаевтың есімінсіз Оңтүстік өңірінің медицинасын  елестету мүмкін емес. Үш миллионнан астам тұрғыны бар аймақтың денсаулық сақтау саласы тарихындағы ең үздік әрі талантты дәрігер-басшыларының бірі Мұқан Кеңесбекұлы жетекшілік еткен жылдары Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы еліміздің үздік медициналық ұйымдарының қатарына енді. Кадрлардың біліктілігін арттыруға, дәрігерлердің жаңа буынын қалыптастыруға көп көңіл бөліп, әрқашан озық емдеу әдістерін енгізуге ұмтылған академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлыққа жыл сайын Денсаулық сақтау басқармасы мен профессор Мырзакерім Алшынбаевтың төрағалығымен ұйымдастыру комитеті конкурс жариялап келеді. Конкурсқа жасы 45-тен аспаған, денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, отандық медицинада емдеудің, диагностикалаудың бірегей әдісін ойлап тапқан, жаңа технология енгізген, ерекше ота жасаған барлық кәсіби дәрігерлер қатыса алады. Биыл Алаштың аптал азаматының атындағы конкурстың ынталандыру сыйлығы ретінде «Аква минерал» шипажайына сертификат жол-көлік оқиғасынан кейін науқасқа күрделі хирургиялық отаны жасағаны үшін Төлеби аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімі меңгерушісі Мақсат Жалабаевқа және балаларда аутизм тәуекелін анықтауға мүмкіндік беретін сауалнаманы енгізгені үшін «Ақ-бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығының педиатр-дәрігері Бақыт Әлішеваға берілді. Үшінші орын иегері Шардара аудандық орталық ауруханасының хирург-онкологы Жанат Бақытқызына аудандық емхана деңгейінде пациенттерді қатерлі ісіктерге тексеру, сондай-ақ тері ісіктерін хирургиялық емдеу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» қағидатын енгізгені үшін лауреат дипломы, естелік сыйлық және 200 мың теңге табыс етілді. Екінші орынды иемденген облыстық клиникалық ауруханасының эндокринолог-дәрігері Альфия Мейрманкуловаға қант диабетіне шалдыққан пациенттер үшін Guardian Connect жүйесі мен  DiaHelp бағдарламасын енгізгені үшін лауреат дипломы, естелік сыйлық және 300 мың теңге табысталды. Дене салмағы өте төмен жаңа туған нәрестелердің өмір сүруінің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізгені үшін №2 облыстық перинаталды орталығының жаңа туғандардың инсентивті терапия бөлімшесінің меңгерушісі Абзал Тастанов бірінші орынға лайық деп танылды. Оған лауреат дипломы, естелік сыйлық және 500 мың теңге табысталды. Ал, Мұқан Егізбаев атындағы конкурстың бас жүлдесі – лауреат дипломы, естелік сыйлық және 1 миллион теңге жүкті әйелге жатырдың жарылуы және геморрагиялық шок аясында шұғыл кесарь тілігі операциясын жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалғаны үшін №1 облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтары мен анестезиолог-реаниматологтарының операциялық бригадасына тапсырылды. Сондай-ақ, конкурс аясында Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстандық урологтар қауымдастығының президенті, «Medbrand» компаниясының бас директоры Мырзакерім Алшынбаевтың «Жастар. Инновация. Талант» атты арнайы сыйлығымен жүкті әйелдер мен жас балаларға патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделін енгізгені үшін «Атакент» Мақтарал аудандық ауруханасы бас дәрігердің орынбасары, 5 баланың анасы Әсем Серікбаева марапатталды.

Screenshot_16.jpg

Сонымен қатар, Мұқан Егізбаев атындағы «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» медалімен «Южный Казахстан» газетінің зейнеткер журналисті Зинаида Шынжырбаева, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы тілшісі Ғалымжан Елшібай, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимов, Түркістан облысының штаттан тыс бас невропатолог дәрігері Назира Жарқынбекова, облыстық клиникалық ауруханасының жансақтау және анестезология бөлімшеснің меңгерушісі Вячеслав Цай, Витилиго және тері денсаулығы орталығының бас маманы, дерматолог-физиотерапевт Әлия Қасымханова марапатталды.

Түркістан облысында жаңа әдіспен бірегей ота жасалды
Аш ішектің қатерлі ісігі ауруынан айықтырған шөп...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу