Сүндет Рахымбердиев: «Қан жаңарып тұрмаса түрлі ауруларға себеп болады»
Сүндет РАХЫМБЕРДИЕВ, облыстық қан орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент
- Республикадағы бірегей қан орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
- Бүкіл облысты қан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған орталық биыл халықаралық қайта сертификаттаудан өтті. Бұл біздің еліміздегі халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім дайындап отырған бірден-бір мекеме екеніміздің айғағы. Сондай-ақ, жақында Оңтүстікке ат басын бұрған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Қасымқызы орталықтағы жұмысты көріп, оң бағасын берді. Чехиялық жобамен салынған орталық 20 тонна қан өнімдерін өңдеуге қауқарлы. Әзірге 13,5 тонна қан өнімдерін жасап жатырмыз. Облыс аумағындағы емдеу мекемелерінің қанға деген қажеттілігін толық қамтып отырмыз. Бүгінгі таңда 42 денсаулық сақтау мекемелері біздің өнімдерге мұқтаж. Әсіресе, перинаталдық орталықтар мен ауруханаларға көбірек жібереміз. Қан қызметі өте күрделі процесс. Алынған қандар топ-тобына қарай жіктеледі. Қан сұйықтығы (плазмасы) бөлек алынады, бөлек сақталады. Орталықта қаннан 26-ға жуық компоненттер шығарылады.
- Жаңа қондырғылар туралы айта кетсеңіз...
- Елбасының салиқалы саясатының арқасында іске қосылған орталық Жапония, АҚШ, Германия, Франция, Швейцария елдерінің жоғары технологиялы медициналық құралдарымен жабдықталған. Қазақстанда алғаш рет бір донордан бір уақытта бірнеше қан өнімін дайындайтын автоматты «Трима» аппараты жұмыс істейді. Донор плазмасы 100 пайыз автоматты түрде Гемонетик аппаратында 30-35 минутта дайындалады. Сондай-ақ қан өнімдерінің қаупсіздігін сақтау үшін плазма мен тромбоконцентратты вирустазартудан өткізетін «Мирасол», «Макофарма», «Интерсепт» қондырғылары халыққа қызмет етуде. Зертханаларымыз да жаңа үлгідегі заманауи автоматты аппараттармен жабдықталған, қан тобы мен резус тәуелділігі, резусантиденелер, антигеннің барлық түрлерін гельді карталар арқылы, биохимиялық және иммуногематологиялық анализдер автоматтандырылған анализаторларда анықталады. Орталықтағы «Архитект» аппараты бір жарым сағатта донор қанын 4 инфекцияға анықтайды, инфекцияларды полимеразды тізбектік реакциясы әдісімен анықтайтын «Кобас» аппараты да іске қосылған. Бір сөзбен айтқанда, әлемдегі ең алғыр технологиялардың барлығы бар. Республикада инновация жағынан бірінші орында тұрмыз десек те болады.
- Қондырғылармен жұмыс істейтін мамандар жеткілікті ме?
- Жеткілікті. Мамандардың біліктілігін артыру үшін 5 қызметкеріміз АҚШ-қа барып оқып келді. Айта кетерлік бір мәселе ол сервистік қызметтің жолға қойылмай тұрғаны. Аппарат болғасын әрине, кейде бұзылып қалады. Ал оларды жөндейтін мамандар Қазақстанда жоқ. Оны міндетті түрде шетелден шақырту қажет. Құрлықтың арғы бетінен бір ғана аппаратты жөндеуге көбісінің келгілері келмейді. Оларды шақырту біздің де қалтамызды қағады. Дегенмен, бұзылып қалды екен деп қол қусырып отырған жоқпыз. Себебі, орталықта қызу қайнаған тіршілік тоқтамауы тиіс. Қанға деген сұраныс күн сайын толастаған емес. Сол себепті бұзылған аппараттың орнын алмастыратын қондырғыларымыз бар. Мұның барлығы уақытша қиындық деп білемін. Өйткені қазір барлық өңірлердегі медициналық мекемелерге шетелден жаңа технологиялар әкелініп жатыр. Алдағы уақытта сервистік қызмет елімізде де қолжетімді болады деген сенімдемін.
- Халықтың қан тапсыруға деген көзқарасы қандай?
- Донорларымыздың саны жыл санап өсіп келеді. Күніне шамамен 50 адам тапсырса, жылына 23-24 мың адам игі іс жасайды. Облыста жыл сайын акция ұйымдастырып, жаппай келіп қан тапсыратын мекемелер де баршылық. Донорлардың ішінде қан тобы сирек кездесетін жандар болады. Оларды біз ай сайын тексеруден өткізіп тұрамыз. Себебі, шұғыл қан керек болған жағдайда оларды кез-келген уақытта шақыртып аламыз, сол сәтте барлық анализдері дайын тұрады. Мұндай донорларды біз «Алтын донорлар» деп атаймыз. Жалпы барлық донорларды ынталандырамыз. Мамандарымыз түрлі мекемелерге барып түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, семинарлар өткізіп тұрады.
- Қан тапсырудың ағзаға қандай пайдасы бар?
- Ағзадағы қанның атқаратын фунциялары өте көп. Егер қан жаңарып тұрмаса түрлі ауруларға себеп болады. Мәселен буын аурулары, аллергия т.б. Сондай-ақ түрлі инфекцияның барлығы қанда жүреді. Ал қан алмасқан жағдайда ағзада қанның жаңа бөлшектері пайда болады, қан айналымын жақсартады, тамырдың, бауырдың және асқазанның жұмысына оң әсер етеді. Нәтижесінде адам өзін сергек сезініп, «жаңарып» шыға келеді. Сол себепті тұрғындарға донор болудан қашпаңыздар деймін. Әрдайым келіп қан тапсырып тұрсаңыздар, біріншіден, игі іс жасайсыздар, екіншіден, өз денсаулықтарыңызды түзетесіздер.
- Қан орталығында басқа түйіні шешілмей тұрған мәселелер бар ма?
- Ғимаратымыз тек өндіріске арналған. Құрылыс барысында әкімшілік корпус, арнайы зертхана, қойма есепке кірмеген. Алдағы жылдары аталған қосымша корпустарды салуды көздеп отырмыз.
Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай,
«Рейтинг» газеті №12, 31 наурыз 2016 жыл