Гепатит сақтық пен тазалықты талап етеді

Oinet.kz 20-07-2022 5983

Screenshot_5.jpg

Гепатит – бауырдың қабынуы. Оның A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі.

Сырқаттардың 90 пайызы өткір гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда, емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі – сарғаю. Бірақ, кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушылардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар немесе тәнін саудалайтын түнгі көбелектер ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тіс щёткасы мен ұстараны ортақ қолдану да қауіпті. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. Анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.

Жалпы, бұл аурудың тырнағына кез-келген адам ілігуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы бақуатты, дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше, вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан «сақтықта қорлық жоғын» естен шығармаған жөн. Ол үшін қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтаңыз. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алыңыз. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез-келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған дұрыс. Дегенмен сақтықты көпшілік жиналатын орындардан, науқастардан іргені аулақ салу деп түсінбеген жөн. Шын мәнінде, В гепатиті бассейн арқылы, сүйіскенде немесе құшақтасқанда, сондай-ақ, ортақ ыдыс-аяқ арқылы жұқпайды. 

Бүгінгі таңда гепатиттен қорғанудың ең тиімді жолы – екпе салдыру. Мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті арқылы азаматтарға қауіпті аурулардың, соның ішінде, гепатиттің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы 25 жылда Қазақстанда В гепатитігне шалдыққандар саны 30 есе азайған. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін де екпе егу тәртібі өзгермейді. Қазақстандықтар вакцинаны сақтандырылған-сақтандырылғанына қарамастан бұрынғыдай тегін салдыратын болады.

Балаларды гепатитке қарсы егу кестесі бар. Ең алғаш рет нәрестелерге туғаннан бастап 4 күнге дейін екпе егеді. Екінші рет 2 айлығында, үшінші рет төр айлығында салынады. Сонымен қатар, медицина саласының қызметкерлері, қан құйдырған пациенттер сынды қауіп-қатер тобына жататындарға да вакцина салынуы мүмкін.

Гепатитке қарсы 3 реттік егілген (1 және 6 ай аралықпен) екпе алушыларда жаңа антидененің пайда болуын тоқтатып, аурудан қорғайды. С гепатитін жұқтырған науқастарға А және В гепатиттеріне қарсы егілу қажет, себебі бұл аурудың ары қарай өршуін тоқтатады. Екпе емхананың екпе алу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Ұмытпаңыз, сіздің денсаулығыңыз – өз қолыңызда, ауырмау өзіңізге байланысты!

Ақтолқын ЕРЖАНОВА,

Ордабасы аудандық орталық ауруханасы, Жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі

​Отбасын жоспарлау – ана мен бала жауапкершілігі
Жедел ішек инфекциясының алдын алыңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу