Тұмау асқынса көптеген ауруға жол ашады
Тұмау – бұл ауа-тамшылар арқылы берілетін жедел жұқпалы ауру. Тұмаудың асқынулары өте қауіпті, әсіресе балалар үшін. Әрбір күз және қыс айларында әдеттегідей тұмау бой көтереді. Ұйымдасқан ұжамдарында тұмаудың алдын алу шараларын орындау ерекше маңызды. Тұмауды науқас адаммен тығыз қарым-қатынаста болғанда жұқтырады. Тұмаумен науқастанған адам ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде сөйлегенде шашыраған түкірік пен сілекей арқылы тұмау тез тарайды. Науқас қол алысып амандасқанда, сүйіскенде, ауру адам пайдаланған заттар арқылы да жұғады. Жұқтырғаннан кейін, аурудың алғашқы белгілері өте тез, тіпті бірнеше сағаттан кейін пайда болуы мүмкін. Тұмаудың алғашқы белгілері тамақ ауыруы, дене қызуының көтерілуі ,бас ауыруы мұрынның бітуі немесе су ағуы сонымен қатар бұлшық еттердің ауырсынуы,осыдан барып адам еңбекке уақытша жарамсыз болып қалады. Тұмау ауруы 5-10 күнге созылып, қайта өрбіп асқынып кетуі мүмкін. Асқынулар пневмония (өкпенің қабынуы), отит (құлақтың қабынуы), гайморит (мұрын қуысының қабынуы) ауруларына алып келеді.
Алдын алудың ең тиімді әдісі – ауру басталмастан бұрын тұмауға қарсы егу жүргізу (қыркүйек-қазан айларында). Біздің емханада жыл сайын 1 қазан айынан бастап 1 қарашаға дейін тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары емханаға қарасты, тіркелген әлсіз топтарға жүргізіледі. Олар жабық мекемеде оқитын диспансерлік бақылаудағы балалар,жиі ауыратын,диспансерлік есепте тұрған балалар ,жүкті әйелдер,диспансерлік есепте тұрған тұрғындар,60 жастан жоғары жастағы ересек адамдар, медицина қызметкерлері.
Екпе салдырған соң 2 апта аралығында тұмауға қарсы тұра алатын иммунитет пайда болады. Иммунитет 1 жылға дейін тұрақты болады. Екпе ектірген соң , 2 апта бойы науқас адамдармен қарым қатынаста болмау жағдайын жасау қажет,яғни қорғанып жүру бетперде тағу , оксалин майын мұрынға жағу. Тұмаудың таралуы ауа райының өзгеріп, салқындауына да байланысты. Күн суытқан соң барлығымыз үйге тығыламыз, есік терезені бекітіп жабамыз. Тұмау ауа тамшылы инфекция болғандықтан, жабық желдетілмеген бөлмеде таралу мүмкіндігі артады.
Тұмаудың алдын алу үшін:
- Жеке және жалпы тазалықты сақтау;
- Тиімді тамақтану ;
- Дене жаттығулармен айналысып, шынығу;
Тұмау кезінде:
- Антигриппинді оксалин жақпасын (мұрынға жағу үшін) және басқа алдын алу дәрі- дәрмектерін қолдану керек;
- Көпшілік жиналатын жерлерге баруды шектеу керек;
- Қоғамды көліктерді аз пайдалану керек;
- Бөлме ішін жиі желдетіп, ылғалды тазалау керек;
- Ауырған адамды бөлектеп, оған қажетті жеке бұйымдарын беріп, онымен байланысты шектеу керек;
- Аурумен байланыс жасайтын адамдар маска киіп, оны 3 сағат сайын ауыстыру керек;
- Тұмаумен ауырған кезде дәрігер шақыру керек.
С. АШИРБЕКОВА,
Шымкент қалалық №1 емханасының эпидемиолог дәрігері