Кенеден келетін кесел
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 38 С және одан жоғары көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігін қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету және ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу жұмыстары:
Аурудың алдын-алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен буферлік аймақтарды, үй жайлар ауласы мен демалыс аймақтарын кенеге қарсы залалсыздандыру қажет.
Табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда, жануарларды сою мен етін бөлшектеуде және қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасты болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию қажет (қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резіңке колғап).
Жыл сайын кенелерге қарсы ірі қара, түйе, жылқыларды бүркуге, ұсақ малдарды тоғытуға және қора-жайлар мен мал шоғырланатын суаттар мен иірімдерінде залалсыздандыру жұмыстарына барлық аудан, қала бойынша жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, І кезең сәуір-маусым айлары аралығында жүргізілуде, ал ІІ кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары тамыз-қыркүйек айларында жүргізілуі жоспарланған.
Осыған орай облыс тұрғындары, оның ішінде мал және мал қора иелері залалсыздандыру жұмыстарына дейін қора-қопсыларды қи мен көңнен механикалық жолмен тазартып, ауылшаруашылық малдарды залалсыздандыру науқанының жүргізілуіне байланысты бүрку, тоғыту жұмыстарымен қамтылуына иелігіндегі малдарын жеткізуі қажет.
Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.