Обыр дертінен емделуден қорықпау керек

Oinet.kz 26-05-2020 888

Диляра ҚАЙДАРОВА, онколог:

Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова Қазақстанда сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратындар қатары жасарып бара жатқанын мәлім етті. Бұл туралы ол елордада өтіп жатқан Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде айтты. 

__zdoroviezybki.ru.jpg

– Біз халыққа обыр ауруларын анықтайтын тексерістерге, скринингтерге келіңіздер деп, алдын алу жұмыстарын барынша насихаттаймыз. Өміріңіздің бір күнін тексеріске арнаңыз. Сүт безінің қатерлі ісігі қазір елімізде жасарып барады. Бұл дертке 32 жасында, тіпті 28 жасында шалдыққандар кездесті. Сол себепті, тегін тексерістен өту жасын 50-ден 40 жасқа дейін төмендеттік. Яғни, осы жастағы әйелдер кез келген клиникаға келіп, тегін маммографиядан өте алады. Маммографтар барлық жерде бар, – деді Диляра Қайдарова тілшілерге берген сұхбатында. 

Бас онколог-дәрігердің айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігі бүкіл әлем елдерінде жасарып барады. Адамның уайым-қайғыда болуы, дұрыс тамақтанбауы, ДНК-ның өзгеруіне алып келетін дәрі-дәрмекті қабылдауы мен жайсыз экологияның кеселінен әйелдер бұл ауруға шалдығуы әбден мүмкін. 

Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директорының айтуынша, ата-ананың рұқсатымен балаларға жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакцинация жүргізіледі.

– Обырмен күресте медиктер бюджеттен қаражатты көбірек сұрасақ, кей саясаткерлердің түсінбей қалатыны бар. Алайда онкологиялық аурулардың үшінші, төртінші сатысындағы науқастарды да емдеу керек. Ол үшін қаражат бөлуге тура келеді. Міне, сондықтан бүгінгі саммиттің таңертеңгі бөлімі обырмен күрестегі саясат пен бюджетке арналды. Дәрі-дәрмек қымбат. Бүгін Уругвай үкіметінің өкілдерімен кездескенде олар да дәрі-дәрмекті сырттан сатып алатынын естідік. Яғни, онкологиялық ауруларды нағыз сапалы дәрі-дәрмекпен емдеу керек. Осы саммитті пайдалана отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, қатерлік ісікті зерттеу агенттігінен дәрі-дәрмек бағасын арзандатуда көмек сұрап отырмыз, – деді ол. 

Бірақ, әр елде обырға қарсы дәрі-дәрмектің бағасы әртүрлі екен. Бәрі тасымалдаушыға байланысты. 

– Қазір өзінің тиімділігін дәлелдеген скринингтің үш түрін қалдырдық. 2018 жылы жатыр мойнының қатерлі ісігі бойынша скринингтен өту жасын 30-ға дейін түсірдік. Осыдан кейін әртүрлі жастағы әйелдер келе бастады. Олар тегін тексерістен өте алады. Тексерілгісі келетін әйелдердің саны 1 миллионға жетіп жығылғаннан кейін мемлекет бұл бағытта тағы да бюджеттен қаржы бөлді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойны қатерлі ісігін вакцинация арқылы алдын алуға болатын дерттер қатарына жатқызады. Біз жас қыз балаларға ата-ананың рұқсатымен жатыр мойны қатерлі ісігі вакцинациясын тегін егуді ұсынбақпыз. Яғни, ата-ана рұқсат берсе, баласына тегін вакцинация жасаймыз, – деді онколог. 

Дәл осындай вакцинацияның арқасында Австралия мемлекеті жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығу деңгейін едәуір азайтқан. 

Еліміздің бас онкологы обырдан емделуден қорықпауға шақырды. 

– Емделгендердің көбі өзінің бастан өткерген проблемасын жария етуден бас тартады. Бізде оны «жаман ауру» дейді. Сонымен қатар, бұл ауруға шалдықса да, өзінің отбасына айтпайтын адамдар кездеседі. Адамдар статистиканы естіген кезде қатерлі ісік ауруына байланысты үрейлері арта түседі. Тексеруден барынша ерте өткен жағдайда ауруды жеңіп шығу мүмкіндігі зор. Сондықтан халық аурудан қорықпауы тиіс, өйткені елімізде обырдан емделудің тиісті мүмкіндіктері бар, – деді Д.Қайдарова. 

Оның айтуынша, 180 мың науқастың арасында 90 мыңы обырдан сауығып кетті. Алайда жыл сайынғы өлім-жітім 15 мыңға жуық. 

– Толықтай сауығып кеткендер 52 пайыз деңгейінде, олар бұл ауруды жеңіп шыққан адамдар. Емделушілер бізде бес жыл және одан да артық мерзімде тіркеуде тұрады, – дейді маман. 

Онкология ауруларын емдеу үшін ақша жинаумен айналысатын компаниялар анықталып жатыр. Олар науқастарды шетелге жіберуден бонус алады екен. Мұны Диляра Қайдарова мәлім етті. 

– Түркияға, Кореяға немесе Еуропаға барып емделгенді қалайтын адамдар бар. Дегенмен де дәл осы ем-дом шараларын біз де ұсындық. Біз осы жағдайлардың барлығын тексеріп шықтық. Еліміздегі науқастарды емделуге шет елдерге жіберуді шынымен де лоббилендіретін компаниялар бар. Олар осы қызметі үшін тиісті бонустар алады. Бұл өз кезегінде қандай да бір бизнес түрі, – деді ол. 

Оның атап өтуінше, шілде айынан онкологиялық көмек көрсетудің әрбір оқиғасын тексеру шаралары басталды. Осы орайда соңғы үш айда аталған хабарландырулар саны төмендеген. 

– Біз олармен (компаниялармен) байланысқа шықтық. Бұл тұрғыда олардың емделушінің палатасына барып, баланы шетелге жіберу үшін ақша жинап беру ұсынысын жасайтынын анықтадық. Негізінен, бұл шаралар балалар онкологиясы бойынша жүргізіледі. Әрине, бұл тұрғыда заңсыз ештеңе де жоқ, – деді Д.Қайдарова. 

Қатерлі ісік тексеруінен қалай өтуге болады? 

Қазақстандықтар қатерлі ісік бойынша тексеруден қалай өте алады? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі жауап берді. 

– Скринингтің бұйрықпен бекітілген тегін үш түрі бар. Жалпы, күдік-күмән туған жағдайдағы тегін қызметтің спектрін көбейттік. Яғни, осы жылдан бастап, компьютерлік томография – МРТ-ны енгіздік. Бұрын ол ақылы еді. Биылдан – қыркүйектен бастап қаржыландыруды арттырып, обырға қатысты күдік-күмән туған жағдайда тегін тексерістен өтуге болады. Алайда сүт безі қатерлі ісігі, колоректальды ісік, жатыр мойны ісігін анықтап беретін скринингтің нақтылығы дәлелденген үш түрі бар, – деді министр. 

Әйтсе де, министр бәрі тегін болуы керек деген пікірді құптамайтынын білдірді. 

– Егер мәселе сіздің өміріңізге, денсаулығыңызға, отбасыңызға тіреліп тұрса, онда, скринингтен ақылы түрде өтуден бас тартпау керек. Қазіргі таңда технология бұған мүмкіндік беріп отыр. Уақыт өте келе жаңа технологиялар енгізіледі. Мәселен, алдағы уақытта нарыққа еніп келе жатқан молекулярлы-генетикалық зерттеуді алайық. Сарапшылардың айтуынша, жақын арада адамдар өз бойындағы тұқым қуалайтын дерттерді көре алатындай жағдайға жетеді. Бұл зерттеулер әзірге қымбат. Бірақ, менің ойымша, Қазақстанда алдағы 3-5 жылда ол технологиялар қолжетімді болады. Әзірге, мен қазақстандықтарға өз денсаулығын ойлауды ұсынамын. Өйткені, бұл ең алдымен сіздің отбасыңыздың амандығы. Мемлекет әрдайым тегін медициналық көмектің көлемін арттыруға тырысатыны анық. Мәселен, медициналық сақтандыру аясында алдағы 3-4 жылда тегін медициналық көмектің көлемін екі есе арттырамыз, – деді ол. 

Министрдің айтуынша, алдағы жылдары Қазақстанда обырмен күреске қаражат бұрынғыдан көбірек бөлінеді. 

– Алайда әр адам денсаулығы тек өзіне керек екенін ұғуы тиіс. Кез келген кісі өз денсаулығын ойлауы тиіс. Ғылым көп нәрсені дәлелдеді. Қазір ақпараттардың көбі қолжетімді. Деніңіздің саулығын сақтау айналып келгенде үлкен күш жұмсауды қажет етпейді, – деп түйді министр.

Инсульт: алдын алу мен алғашқы көмек
Асық ойнаған азбайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу