Асық ойнаған азбайды
« Ақылы асса-аға ғой,
Жасы кіші демеңіз.
Қолыңа жақса-сақа қой,
Қой асығы демеңіз»
Қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат мұраттарының ең бастысы өз халқының, өз ұлтының тәжірибесін жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу. Осындай тәрбиенің бірі әрі бірігейі болып табылатын құндыларымыздың бірі – ұлттық ойын түрлері.
Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал өсіруге негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген: тоғызқұмалақ, ләнгі, асық т.б. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді.
Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бәле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын дегені. Қыз болса, бесігіне еліктің асығын (жабайт) тағады. Сұлу, көрікті болып бойжетсін деп ырымдағаны. Келіні құрсақ салғанда, атасы мен әжесі ырымдап асық жинайды. Онысы – ұл тілегені. Келінге көз тимесін, аман-есен босансын дегенге саяды.
Асық – төрт түлік малдың ішінде қой – ешкінің тілерсегінде, асық жілік басында орналасатын шымыр сүйек. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйкі, бүк, ішік деп, ал атуға арналған асық – сақа деп аталады. Әдетте оны үлкен оңқай асықтан шіге жағынан қорғасын құйып ауырлатып, тәйке жақ табанын, шіге жақ бетін тегістеп, оң қолға ұстап асық атуға ыңғайлап жасайды.. Асық ойынының үштабан және алтыатар деп аталатын өте кең тараған түрлері болған. Үштабан ойнау үшін тақыр жерге көлденең сызық сызылады да, оған әр ойыншы бір бірден арасын сиректеу етіп кеней тігеді.Содан соң ойнаушы балалардың барлығының сақаларын біреуі жиып иіреді. Кімнің сақасы шықса сол бірінші болып сақасын көннен алысырақ жерге иіреді. Сақасымен тігулі кенейді атып, үштабаннан артықтау жерге жіберуі керек үш табаннан кем, я болмаса сақасы кенейге тимей кетсе, ойынды сақасы шыққан келесі ойыншы бастайды. Ойын көндегі кенейді ұтып біткенше созылады. Алтыатар ойыны бұдан басқаша. Көндегі кенейледің бір шетіне түпте қалған ( сақасы шықпаған) баланың сақасы тігіледі. Кенейдің арасында саңлау болмай тіркестіріле қойылады. Көннің екі жағына 1м жерден су (сызық) ал 5-6 м жерден қарақшы белгілейді. Кімде кім түптегі сақаны жұлып кетсе (судан шығарса) бүкіл кенейді сол алады. Ал сақаға тимей кенейді ұшырса, оның судан шыққаны ғана соныкі болып табылады. Ату саны-6 рет. Алғаш сақасы шыққан бала, қалғандары одан кейінгі кезекте атады. Алты рет атыстан қалған кенейдің бәрі түпте қалған баланікі болып есептеледі.
Ойнай білген адамға асықтың адам ағзасына тигізер пайдасы орасан зор. Асық ойыны адамды мергендікке, ептілікке, баулиды. Бұған қоса аяқ – қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигізеді.
Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, тілін дамытып, ойда сақтау қабілетін жетілдіреді, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлыққа тәрбиелейді. Балаға әр күні бір сағатты бөліп асық ойнатса, баланың жүйке жүйесі ауруынан айығатын болады. Асықты нысанаға алғанда қан тамырларының жұмысы жақсарады. Ал қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады.Бұл ойынды ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және де топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, саусақтары, барлық бұлшық еттері қимылдайды.
Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Ұлттық ойын. Ұлттық тәрбие. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Бұл ойынды еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері бар. Асық ойнау, біріншіден денені шынықтырады, екіншіден адамға барлық дене құрылысының дұрыс дамуына мүмкіндік береді. Мысалы, сақаны қолға алып, бір аяққа тұрып, бір аяқты серпіп қалып асық атқанда, он екі мүше түгел созылады екен. Бұл – буын ауруларына қарсы жаттығудың түрі.
Ойынды, әсіресе оқушылар мен жастар арасында кеніңен насихаттаған дұрыс. Сол арқылы біз келешек ұрпағымызды ұлттық құндылықтарға жақындатамыз. Асық ойыны ұлттық нышанымыздың бірі екенін ұмытпайық. Асық ойынын ұйымдастыру да оңай. Оған алып спортзалдың да, көп қаражаттың да қажеті шамалы, ашық алаңдарда, үй ауласында, мектеп пен балабақша бөлмесінде де өткізуге болады.
Асық ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Сондай – ақ баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа, достық қарым қатынасқа тәрбиелейді.
Оқушы асық ойынын ойнау барысында:
— тарихын, жүріс тәсілдерін меңгереді;
— ойлау қабілетін арттырады;
— ойынды ойнау барысында жаңа әдістерін қарастырады;
— өз ойындарына талдау жасайды.
Дүние жүзі медицина мамандары бүлдіршіндердің қозғалысы аз болғандығынан әрі электрлі қуаттандырылған құрылғылар арасында көп уақыт отыратындықтан көптеген ауруларға жол салынуда деп дабыл қағуда. Психологтардың зерттеуінше компьютерлік ойын үстінде адамның ойлау қабілеті, эмоциясы, көру қабілеті төмендейді әрі қияли әлемге жіпсіз байланғандардың көпшілігі күнделікті өмірде іс-қимыл траекториясы мен қашықтықты есептеуде қателіктерге бой алдырады екен. Медицина мамандары компьютерде көп отырған баланың есте сақтау қабілетінің төмендеп, омыртқа ауруына, шаш түсу, күйзеліске ұшырау аллергиялық ауруларға бой алдырғыш, қан айналысы, ас қорытуы, зат алмасуы бұзылады және басқа да көптеген ауруларға себеп болатынын ескертеді. Сондықтан да техниканың билік құрып отырған дәуірінде ойын баласын дала ойындарына қызықтыру, ұлттық спорт ойындарына баулу заманның талабы болып отыр. Ұрпағымыздың саулығы, ұлтымыздың саламаты үшін денсаулыққа пайдалы, салиқалы, саналы ұлттық ойындарын жаңғырту бізге басты міндет екені сөзсіз.
Бұл ойынның балаңызға ұнайтыны анық. Асық ойынына Бауыржан Момышұлы атамыз «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деп баға берiп, жоғары билiкке хат та жазған екен.