Су сымбатты арттырады
Күн өткен сайын дене бітімі сымбаттылығының маңызы артып келеді. Түрлі сұлулық сайыстары да ел ішінде танымалдылыққа ие. Онда бақ сынаудың алғы шарттарының бірі – бой сұңғақтығы болса, екіншісі – дене сымбаты. Осыған орай артық салмақтан арылғысы келетіндердің қарасы көп. Заман талабына сай неше түрлі технология, препаратттар мен арнайы бағдарламалы фитнес түрлері пайда болуда. Қысқа немесе ұзақ мерзімді, жеміс-жидек, шоколад, емдік, тағы сосндай-сондай диеталардың да түр-түрі бар. Мұның ішінен пайдалы әрі нәтижелісін тауып-таңдау өте қиын. Сондай-ақ, ешқайсысы зиянсыз, нақты көрсеткішке кепілдік бермейді.
Су диетасы
Су – тіршілік нәрі екені бәрімізге белгілі. Орта есеппен алғанда адам денесінің 60 пайызы судан тұрады. Ағзамыздың әрбір жасушасы, терісі мен мүшесі терезеңіздің алдындағы гүл сияқты суды қажет етеді. Гүлге өз мөлшерімен уақтылы су құйып тұрсаңыз жайқалып өседі. Сол сияқты, адам ағзасы үшін де судың маңызы зор. Бірақ, көбіне суды басқа сұйықтықтармен алмастырып жатамыз. Мысалы, газды су, кофе, шәй, сүтпен, кейбіреуі тіпті денсаулыққа зиян екенін біле тұра сүйікті сырасынан да бас тартпайды.
Мұндай жағдайда су диетасы көмекке келеді. Су диетасының тәртібі жеңіл, сонымен қатар баршаға қолжетімді. Таңертең аш қарынға бір стакан су ішіп алу керек. Жарты сағаттан соң, таңғы асты іше беруге болады. Бұл диетада кез-келген тағамды шектеусіз пайдалануға болады. Су диетасының ең тиімді тұсы да осы. Ұйықтар алдында да бір стакан су ішкен жөн. Себебі, судың құрамы микроэлементтер мен пайдалы заттарға толы. Ол ағзадағы зат алмасу процесіне тікелей әсер етеді. Ағзаны тазартып, оны зиянды заттардан қорғайды.
Су диетасын ұстау кезінде сақтауға міндетті ережелерге назар аударыңыз:
1. Су таза күйінде және бір қалыпты температурада болуы керек. Қатты суық су зат алмасу процесін баяулатып, артық салмақтың болуына ықпал етеді.
2. Суды таза күйінде ішіңіз. Судың орнына шәй, шырын, кофе, шарап, сыра, газдалған су ішуге болмайды. Бұл сусындар су диетасына кері әсер етеді.
3. Ауқаттанған кезде су ішпеген жөн. Әсіресе, нан тағамдарымен тамақтанған кезде су қолданбаған абзал. Себебі, бұл әрекет артық салмақ қосуға жол ашады.
4. Су диетасы кезінде бүйрек, қуық пен өт мүшелеріне күш түседі. Сондықтан да, су диетасын 2 апта ғана ұстап, 2 апта демалыстан кейін қайта жалғастыруға болады.
5. Неғұрлым суды көп мөлшерде пайдаланса, соғұрлым пайдалы заттар шығарылады. Сондықтан да, құрамында натрий мен кальций бар минералды заттарды пайдаланған жөн. Әсіресе, салмағы 60 кг-нан төмен жандар үшін мұны естен шығарманы абзал. Диетолог мамандар су диетасын жаз мезгілінде ұстауға кеңес береді. Себебі, осы кезде терлеу процесі жиірек болады.
Судан басқадан бас тарту
Бар-жоғы 30 күннің ішінде тұтынатын тағамдар тізімінен судан басқа барлық сусындарды алып тастасақ... Не болады деп ойлайсыз? Күн тәртібі барысындағы тағамдардың ешқайсысынан бас тартпайсыз. Тек ағзаға құйылатын сұйықтықтың барлығын суға алмастырасыз. Ең бірінші ойыңызға келетіні – қаражатыңызды үнемдейсіз. Иә, бұл шүбәсіз факт. Алайда, ағзамызға одан да қызықты, одан да бағалы қандай пайда әкелеміз?
1. Шабытыңыз бен қабілетіңіз артады
30 күн өткен соң, Neuroscience (Нейробиология) журналының таратқан ақпараты бойынша, миыңыз бұрынғыдан жылдам реакциясымен таң қалдырады екен. Миымыз жақсы жұмыс істеуі үшін тонналаған кислород қажет болғаны сияқты, су да оның жұмысын арттыра алатындардың қатарынан табылады. Нәтижесінде зейініңіз артып, ойлау қабілетіңіз тезірек қызмет ететін болады. Күніне 8-10 стақан су іше отырып, когнитивтік қабілетіңізді бақандай 30 пайызға жақсартасыз.
2. Жасартады
Ауыз суы теріңіздегі судың мөлшерін сақтай отырып, қартаю үрдісін баяулатады. Теріңізді ылғалдандырып, сау, жұмсақ, тегіс, жарқыраған, жас әрі әжімсіз етеді. Бұлшық етімізге де тигізер әсері мол, су оның тонусын сақтайды. Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін, тек таза су ішуіңіз керек.
Daily Mail журналында жарық көрген мақалада 42-жасар анаға небары 30 күн тек су ішкен соң, 10 жасқа жасырақ көрінгенін айтады. Ең қызығы, тек су ішу идеясы, оған үнемі бас ауыруы мен ас қорытуының нашарлауынан пайда болған. Сол үшін ол күніне 3 литрдей су іше бастайды. Арада бір ай өткен соң пайда болған нәтижеге таң қалады. Үнемі дыңылдап тұратын бас ауруы мен ас қорытуының нашарлауы мазалауын қойып, кең тыныстайды. Оған қоса, бонус ретінде, 10 жасқа жасарды.
Өз сөзінде ол «Шын мәнісінде мен осыншалық айырмашылық болады дегенге сенбедім. Өзімді айнадан көргенде, басқа әйелді көргендей боламын. Көзімнің айналасындағы қарауытулар жоғалды. Терімнің жасарғаны соншалық, жас күнімдегідей. Бұл менің басымнан өткен керемет өзгеріс... Өзімді арықтау сезінемін және денсаулығым да жақсарғандай, ең қызықтысы, менің өзгерткенім, тек су ғана»,-дейді.
3. Иммунитетіңіз күшейе бастайды
Словак халқының «Таза су – бұл алғашқы медицина» деген мақалы бар. Бұл әсірелеп айтқандық емес! Су ағзаның тиімді функцияларын жаңартатын катализатор сияқты жұмыс істейді. Судың дұрыс мөлшерде пайдаланылуы – бауырыңыз бен бүйрегіңіздің жұмысын жақсартып, қалыпты деңгейде ұстауға көмектеседі. Осы мүшелер қандағы улы заттарды, қалдықтар мен тұздарды кетіруге жауапты.
Сонымен қатар осы саладағы зерттеушілердің айтуына сүйенсек, рН теңгеріміңіз тұрақталып, бүйрекке тас жиналуының алдын алады екен. Осылайша біз бас ауруы мен тағы басқа дерттердің алдын алатын боламыз.
4. Жүрегіңіз мықтырақ болады
Су жүрегіңіздің сауығуына көмектеседі. Қан сұйыла түскендіктен қан қысымы төмендеп, жүрек талмасының қаупі сейіледі. Ұйықтар алдында бір стақан су ішіп жатсаңыз, жүрек талмасы мен инсульттің алдын алуға көмектеседі.
Американдық «Эпидемиология» журналы алты жылдық зерттеуінің нәтижесін жариялаған болатын. Күніне бес стақан су ішкен адамдар тек 2 стақан су ішкен адамдарға қарағанда (жүрек талмасынан) 41 пайызға аз бақилық болғанын байқаған.
5. Сүйектеріңіз қатаяды
Су сіңірді қалпына келтіруге көмектеседі. Соның арқасында буындарыңыз баппен қимылдап, нәтижесінде буындарға түскен салмақтың әсерінен болған зақымдар азая түседі де, сүйектеріңіз қатаяды.
6. Майларыңызбен қош айтысасыз.
30 күн бойы тек су ішсеңіз, дене мүшелеріңізден улы заттар мен қалдықтарды шығарады. Бұл денеңізді тазартып, оны ішіңіздің айналасындағы майлардан арылта бастайды. Алдымен, салмағыңыз аздап арта бастайды. Себебі, денеңіз пайда болған судың мөлшеріне бірден үйренісе алмайды. Алайда, біраз уақыт өткен соң, ағзаңыз жаңа тәртіпке үйренеді. Су қарныңыздың ашып тұрғанын да жоя алады. Калорияны аздап қолдана бастайсыз. Өйткені су қарныңыздың ашқанын басып, ағзаңызды жуа бастайды.
Тағамтану мен диетология академиясының өкілі Андреа Н. Джанкола кеңес бергендей, тамақтанудың алдында ішілген бір немесе екі стақан су ас қорытуыңызға көмектесіп, өзіңізге қажетті мөлшерден тыс тамақ жеуге мүмкіндік бермейді. Жәй ғана оны үнемі жасап отырсаңыз, артық салмақ жинамайтын боласыз.
7. Зат алмасу жақсарады
Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, үнемі су ішіп жүру адамның зат алмасу үрдісін жақсартады. Таңертең тұрған соң, жарты литр су ішсеңіз, зат алмасу қабілетінің тиімділігі 24 пайызға артады.
Зат алмасу үрдісі өмірізді ұстап тұрған ағзалардағы химиялық реакциялардың жүруіне тікелей байланысты.
Медицинада судың қолданылуы
Медицина қызметкерлері емнің қай түрін қолданса да суды көп мөлшерде қолдануға кеңес береді. Aштықпен емделу – физиология, биохимия, медицина саласының ғалымдары тарапынан көп зерттелген, әрі Германия, Австралия, Жапония, АҚШ, Ресей секілді бірқатар өркениетті елдер кеңінен қолданып отырған өте тиімді емдік тәсіл. Зерттеуші Герберт Шелтон «Аштық тіпті өміріңізді де құтқарып қалуы мүмкін» десе, денсаулық сақтау мамандары қазіргі уақытта ғасыр індеті болып отырған «ішкі улануды» (эндотоксикоз) болдырмайтын бірден-бір емнің осы аштық екенін айтып дабыл қағуда. Бүгінгі таңда еліміздің көптеген аймақтарында аштықпен емдеу орталықтары бар. Бұл тәсілде де басты акцент суға түседі. Ем алушы барлық тағамнан бас тартып, тек сумен қоректенеді. Бұл ағзаны зиянды заттардан тазартып, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Алайда, энцефалопатия (ми жүйесінің әлсіреуі) анықталса, қарттық шақ (60 жастан жоғары), дене әлсіреген кезде, соматикалық аурулардың қабынған кезінде, қандай да бір түрдегі қатерлі ісік белең алғанда, жүрек стенокардиясына, жүректің ишемиялық ауруларына, жүрек пен бүйректің органикалық ауруларына, қан айналымы мен тыныс алудың асқынған жағдайында, өткір құрт ауруына (туберкулез), бақшаңкөз (зоб), қан аурулары, жұқпалы полиартритке (бруцеллез) шалдыққанда ашығуға болмайды.