Қан қысымыңызды бақылап жүріңіз...
Дүниежүзілік артериалдық гипертониямен күрес күніне орайластырылған «Артериалдық қан қысымыңызды бақылай отырып, өміріңізді басқарасыз!» ұлттық бағдарламасы бір күндік қана шара емес. Сондықтан, қашанда қан қысымыңызды бақылап, аурудың алдын алғаныңыз абзал. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Ж.Төлептбергенова осылай дейді.
Маман кеңесіне құлақ түрсек, артериалдық гипертония – көп таралған аурулардың бірі. Қазақстан халқы арасында артериалдық гипертония ауруының таралуы 24,3 пайызды құрайды. Бұл дерт жүрек инфарктының, бас-ми инсультінің, жүрек жетіспеушілігінің негізгі болып табылады.
Өкінішке орай, тек 48 пайыз науқастар өздерінің қан қысымын бақылап, артериалдық гипертония ауруының бар-жоқтығын біледі. Соның 30 пайызы ем қабылдайды. Сол 30 пайыз халықтың ішінде тек 11 пайызы эффективті ем қабылдап, артериалдық қан қысымын нысаналық көрсеткіште ұстап тұрады. Ересектер арасында 20-30 пайыз артериалдық гипертонияға шалдығады. Жас келе бұл көрсеткіш өсе түседі, 65 жастан асқандардың арасында бұл дерт 50-65 пайызға жетеді.
Қан қысымының көтерілуі кезінде бастапқы симптомдар – бас ауыру, желке тарту, келе тура көру қабілетінің, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, тағы басқалар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сүйене отырып, оптималды қан қысымы 120/80 мм сынап бағанында, бірақ 140/90 мм сынап бағанынан аспауы тиіс. Одан жоғары көтерілуі үрейлі симптом болып есептеледі, осы жағдайда дәрігерге көріну қажет. Соңғы уақытта артериалдық гипертония жасарып келеді.
Артериалдық гипертонияның алдын алу үшін, оған алып келетін жағдайларды қарастыру керек: жас, тұқым қуалаушылық, темекі шегу, калыптан тыс стресстік жағдайлар, тұзды көп қолдану, алкогольды ішімдікті асыра қолдану, семіздік, гиподинамия, кейбір дәрілік заттар.
Қан қысымын өлшеу арқылы артериалдық гипертония ауруы анықталады. Диагнозды жергілікті дәрігер қойып, есепке алу арқылы, науқасты бақылайды, ем тағайындайды. Дәрігер бақылауында болғанымен, науқас өзі қан қысымын үй жағдайында өлшеуді үйреніп, күнделікті бақылау жасап отыруы тиіс. Күнделікті бақылау арқасында жасалып отырған емнің эффективтілігіне баға беруге болады. Яғни, емнің мақсаты:
1) жүрек-қан тамыр асқынулары мен өлімнің алдын алып қана қоймай, алдын алуға болатын тәуекел факторларды жойып, жүрек, ми, көз, бүйрек, кан-тамыр ауруларының алдын ала отырып, қан қысымын коррекция жасау;
2) қан қысымын мақсатты деңгейге жеткізу (120/80 мм сын бағ);
3) қалыпты қан қысым диапазонын ( 140/90 мм сын бағ дейін) ұстап тұру;
4) қосымша сырқат болған жағдайда тиісті мамандарға қаралу.
Артериалдық гипертонияның емі медикаментозды және медикоментозды емес емді бірге алып жүру. Медикоментозды емес ем- барлық артериалдық гипертония ауруына шалдыққан науқастарға устануы тиіс:
1. Қан қысымын бақылау;
2. Салауатты өмір салтын ұстану: яғни факторлармен күрес, темекі шегуден бас тарту, салмақ тастау, диета ұстану – көкөніс пен жеміс-жидектерді басым қолдану, ас тұзын аздау тұтыну, майлы тағамдарды азайту, физикалық белсенді болу, спортпен шұғылдану.
Медикаментозды ем, ол дәрігер тағайындаған дәрілік препаратты тұрақты уақытымен қолдану. Соның өзінде қан қысымын күнделікті бақылау. Профилактикалық, скринингтік бақылаудан қалмау.
Мынаны ұмытпаңыз: артериалдық қан қысымыңызды бақылай отырып, өміріңізді басқарасыз!