Наурызкөже – мың бір дертке дауа

Oinet.kz 25-05-2020 874

Самарқанның көк тасы жібіп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы – Әз-Наурыз мерекесін Орта Азия елдері өзінше тойлайды. Қысқы тоңнан шығып, табиғатпен бірге оянған ел-жұрт бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық тілеседі. 

Наурызкөже қалай дайындалады? | QAZAQSTAN DAUIRI

Бұл күнде қазақ халқы ас-ауқатқа ерекше мән берген. Қазақы жыл басы мерекесінің басты атрибуты – наурызкөже.  Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңырақ жеті дәм қосып әзірлейтін наурызкөжеге қазақ қандай салт-жоралғы ұстанған? Кей аймағымызда «көп көже» дейтін дәмі тіл үйіретін бұл тағамның қандай емдік қасиеті бар? Әлбетте, наурызкөжеге қосылатын 7 дәм сәттілік, байлық, атақ, кемеңгерліктің белгісі болып табылады. Халқымыз киелі деп санаған 7 түрлі тағамға жеке-жеке тоқсалсақ.

Су – тіршіліктің тамыры

Көженің негізі – су. Ол – тамақ рационының маңызды құрамдас бөлігі. Сусыз тіршілік жоқ. Адам шөлдегеннен гөрі аштыққа шыдамды келеді. Зат алмасудың барлық процестері судың қатысуымен атқарылады. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуі сұйық ортада өтеді. Зат алмасудың зиянды өнімі организмнен су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, қатты терлетеді, қалжыратады. Су – тіршілік көзі. Тірлігі оттегінсіз өтетін ішекте тіршілік ететін бактериялар бар, бірақ сусыз өмір сүретін ағза кездеспейді. Тіршілік құбылыстарының бәрі судың қатысуымен жүреді. Сондықтан ағзалар денесінің 50-90 пайызы судан тұрады. Салмағы 70 келі адамның денесінде 50 келі су бар. Оның мөлшері 17 келіге кемісе, адам тіршілігін тоқтатады. Көжеге судың қосылуы «ұрпақ өрбіп, судай тасып, көбейе берсін» дегенді білдіреді.

«Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес»

Наурызкөженің дәмін кіргізетін негізгі тағам – ет. Әдетте көжеге қыстан қалған, әбден сүрленген жылқы еті қосылады. Еттің қоректік құны аса зор. Жылқы етінің ең басты қасиеті – жүрек, қан-тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сырқатын емдеуге, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері мол. Ағза жасушаларын жаңартып отырады, бұл – қартаймаудың басты қағидасы. Ілгеріде жылқы еті жуылған суға қыз-келіншек басын жуған екен. Бұл шаштың берік болуына, оның түсіп, қурап кетпеуіне сеп болатын бірден бір «табиғи бальзам» екен. Жылқы еті жуылған сумен шомылу тері ауруын емдейді, белсіздіктен қорғайды. Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, жылқы бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Бұл дәрумендер адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, жылқы жүрегі мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді. Ал қақталған сүр ет бүйрек жұмысына пайдалы. Сүрленген етті әбден пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жеу бүйрек пен несеп жолдарына оң әсерін тигізеді. Бұл –  дәрілерден жүз есе пайдалы. Тек үзбей жеу керек. Қан қысымының алдын алғыңыз немесе емделгіңіз келсе, жылқы етін жеп, майынан ас дайындаңыз. Ол инфаркт сырқатын тудыратын холестериннің мөлшерін азайтып, қан қысымының жоғарылауын тежейді. Сүйек сынып, буын былқылдап тұрса жылқының майын жағу керек. Оның құрамында тін жасушалары мен жілік майын жақсартатын пайдалы элементтер бар. Пісірген кезде ет 40 пайыздай салмағын жояды. Одан суы, экстрактивті заттары, минералды тұздары бөлінеді де, ерітіндіге айналып, сорпаға шығады. Сорпаның азықтық нәрі көп, асты жеңіл таратуға, жұғымдылығын арттыруға әсері мол. Адам ағзасына қажетті заттардың 15 пайыздан астамы осы сорпада. Сорпасы нәрлі, еті жұмсақ, татымды, дәмді болсын деген етті салқын суға салып, отты ә дегеннен күшті жақпай, жай шымырлатып қайнату керек. Ет қайнап жатқанда көбірек сапырылса, сорпа дәмді және құнарлы болады. 

«Арпа бидай ас екен...»

Наурызкөжеге дәнді дақылдар міндетті түрде қосылады. Көп жағдайда арпа, бидай, тарының бірі таңдалады. Бұл дақылдарда аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, темір тұздары, сонымен қатар көмірсу мен өсімдік ақуыздарының негізі болады. Ақуыз қозғалысты қамтамасыз етеді, яғни бұлшық еттердің жиырылуы мен жазылуы үшін қажет. Өкпеден сіңіріп алған оттегіні денеге таратады. Ақуыз мал мен өсімдіктен алынатын өнімдерде кездеседі. Олардан алынатын ақуызды дұрыс ұштастыру арқылы ақуызы жеткілікті тағам әзірлеуге болады. Ертедегі емшілердің айтуынша арпаны  тағам ретінде жиі пайдаланатын адамдардың қаны бұзылмайды әрі бұл – тойымды ас. Шығыс халқының арпаны «ғажап құтты дән» деп атауы осыдан. Наурызкөжеге, сондай-ақ, тары қосылады. Мұның негізінде «бір тамырдан өсіп-өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін» деген мағына жатыр. Тары – аса құнды тағам. Тарының емдік қасиеті жоғары. Ол күш-қуат берумен қатар, бауырдың, бөтегенің жұмысын жақсартып, терлетеді, сүйекті нығайтып, жарақатты жазады, теріні әрлендіріп, қан қысымын және ішек-қарын жұмысын реттейді. Қазіргі медицинада бұл дақыл адам денесінен антибиотик қалдықтарын жоятынын айтады. Халық тарыны «жауынгер дақыл» деп те атайды. «Кеспекөже күн батқанша, бидайкөже ел жатқанша, тарыкөже таң атқанша» дейді. Ұзақ аурудан әлсіреген адамды ашыған көжемен иммунитетін көтерген.

«... құрт, майыңды қатып іш».

Ұлттық тағам – құрт та көженің құрамына кіреді. Құрт – күшті ас, ол әр түрлі тамаққа қосылады. Құрт өкпе ауруына, суық тиіп ауырған кезде ыстықтай ішкізіледі. Ерте заманда ұзақ сапарға шыққанда құрт  әрі сусын, әрі қорек болған. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт ыдысқа салынып, ұнтақталады. Онымен қыз-келіншектер шашын, басын, бетін, қолын жуған. Наурызкөжеге осы езілген құртты қосады. Наурызкөжеге құртпен бірге айран да қосады. Айран ұйытылғаннан кейін құрамы өзгеріп, пайдалы бактериялардың саны артады. Олар ағзадағы зиянды бактерияларды жойып, иммундық жүйені нығайтады. Ағы бардың бағы бар дейді қазақ халқы. Көжеге құрт пен айранның қосылуы «ынтымақты, ұйыған» ел болу дегенді білдіреді.

«Жемесе де май жақсы»

Май – барлық азықтардың негізгі нәрі, ең негізгі құнары. Мал майының өткірлік, дәмділік, емдік қасиеттері бар. Майлар – тағамның қажетті және ең калориялы құрамдас бөліктері. Ағзаға 1 грамм май сіңіп тарағанда, ақуыз немесе көмірсулар тарап сіңгендегіден 2 есе артық жылу энергиясы бөлініп шығады. Майдың тағы бір қасиеті ол өзімен бірге пайдаланылған басқа тағамдардың жақсы қорытылып сіңуіне ықпал жасап, оларға дәмді және хош иіс береді. Адам майлардан А, Д, Е дәрумендерін де алады.

Дәм-тұзымыз жарасқан

Тұз – адам организмінің қалыпты жұмыс істеуі үшін бірден-бір қажетті зат. Ол тағамның дәмін келтірумен бірге, тканьдердегі су мөлшерін реттеп, асқазан сөлінде тұз қышқылын түзеді. Адам ағзасына күн сайын тамақ арқылы орта есеппен 10-15 грамдай ас тұзы сіңіріледі.

Наурызкөжеге дәл осы тағамдарды қосу керек деген қағида жоқ. Әркім үйіндегі бар дақылын қоса береді. Бастысы – жетеу болу керек. Сондай-ақ  ертеде қыз-келіншектер қонаққа келгенде ыдысқа өзі жасаған көжені құйып ала келген. Оны сол үйдің көжесіне дәм тұзымыз аралассын, бірлігіміз мықты болсын деген ниетпен құйған.

Наурызкөже – құнарлы тағамдарды бір қазанға тоғыстырған пайдалы, табиғи әрі тойымды ас. Оның денсаулыққа пайдасын бүгінде шетелдік ғалымдар да мойындап отыр. Ендеше, сіз де мереке қарсаңызда дәрумендерге толы асты әзірлеп, денсаулығыңызды нығайтыңыз!


Сүйек – буын туберкулезі
Адам бойындағы химиялық элементтер және олардың қызметі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу