ЖИТС неге жастарға «құмар»?
Жастар денсаулығының әлеуметтік мән-маңызы олардың қоғамның репродуктивті, зияткер, экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени резерві болып табылуымен байланысты. Сондықтан жастар денсаулығы – тұтас ұлт пен елдің әлеуеті. Жастар зиянды әдеттердің келеңсіз салдарларын білуі және өз денсаулығын сақтауы үшін қолда бар барлық ресурстарды қосу қажет.
Қазіргі уақытта әлемдегі адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру қауіпіне жиі ұшырайтын басты топтардың бірі болып табылатын жастар үшін алдын алу бойынша білім берудің маңызы зор. Сол себептен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 5.1.2. тармағына сәйкес жасөспірімдер мен репродуктивті жастағы тұрғындар арасында АИТВ инфекциясының таралуын төмендету жөніндегі 15-17 жастағы балалар арасында ЖЖБИ-ға (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) шалдығудың профилактикасына ерекше назар аударылу тиіс. Мемлекеттік бағдарламаның бағытын орындау мақсатында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы облыстық және қалалық білім басқармаларымен және «Жастар ресурстық орталығымен» мектеп оқушылары мен арнаулы орта оқу орындарының студент жастары және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының қызметкерлері арасында, АИТВ/ЖИТС-тің (жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) алдын алу бойынша 2018 жылға арналған кешенді жұмыс жоспарын бекіткен. Алдын алу шаралары ұйымдасқан жастар арасында жүргізіледі. Мұндай шаралар жастардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, оның ішінде ең маңыздысы өзінің денсаулығына деген көзқарас пен салауатты өмір салтының мінез-құлқын өзгертуге бағытталған, тұрғындарды хабарландырудың әртүрлі әдістерін қолдану болып табылады.
Жастар аталған вирусты жұқтыру бойынша әрқашан тәуекел тобына кіреді. Эпидемияның даму тарихында «АИТВ – жастар ауруы» деген түсінік қалыптасқан. Жастардың жыныстық қатынас туралы сауаттылықтарының аздығы, бей-берекет осындай қатынаста болуы аталған топты вирусты жұқтыратын топтар ішінде ең осал топ ретінде көрсетеді. АИТВ таралу мәселесі күрделі де кешенді мәселе болып табылады. Сондықтан кәмелет жасқа толған азаматтар міндетті түрде ЖИТС жұқпасына тексеріліп өзінің мәртебесін білу қажет. Тұрғылықты мекен жайлары бойынша емханаларда АИТВ-ға тестілеуден өтуге болады.
Н.ЖҮРГЕНБАЕВА,
денсаулық сақтау басқармасының
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық маманы.
Шымкент қаласы